Экологиялық дағдарыс, қымбатшылық пен мардымсыз жалақы: Қазақстаннан үміт үзген ұрпақ туған елінен безіп жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 499.65
  • 582.89
+8 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Экологиялық дағдарыс, қымбатшылық пен мардымсыз жалақы: Қазақстаннан үміт үзген ұрпақ туған елінен безіп жатыр

Экологиялық дағдарыс, қымбатшылық пен мардымсыз жалақы: Қазақстаннан үміт үзген ұрпақ туған елінен безіп жатыр

Жастарға бұл елде орын жоқ па?

  • 27 Қараша
  • 62
Фото - Caravan.kz

Қазақстандықтардың жағдайы қиындады. Қымбатшылық пен халықтың табысының төмендеуі басты әлеуметтік мәселеге айналды. Көпшілік өз елінен безіп жатыр. Айтуларынша, Қазақстанда болашақ жоқ. Бұл қаншалықты рас? Еліміз неге халқынан айырылып жатыр? Халық не дейді? Caravan.kz медиа порталының тілшісі осы сұрақтардың жауабын іздеп көрді.

Теңгенің тұрақсыздығы және бағаның шарықтауы 

Соңғы екі жылда теңге бағамы 445-тен 526 теңгеге дейін құлдырады. Қазақстандықтардың басым бөлігі жинақтарын ұлттық валютада сақтайды, өйткені долларлық депозиттердің пайызы төмен, тиімсіз. Ал ірі бизнес, керісінше, активтерін шетел валютасында ұстайды.

Теңгенің тұрақсыздығы халыққа ауыр тиіп отыр. Салдарынан инфляция үдей түсті, импорттық тауарлардың — дәрі-дәрмек, киім-кешек, тұрмыстық химияның бағасы шарықтады. PaperLab зерттеуі бойынша респонденттердің 75%-ы бағаның өсуіне алаңдайды. 

Табысы еш өзгермейтін бюджет қызметкерлері, жалдамалы жұмысшылар мен зейнеткерлер ең осал топқа айналып отыр.

Облыс орталықтарынан Астана мен Алматыға көшу артты. 2025 жылы Астанаға қоныс аударғандардың саны 100 мыңға жетіп, рекорд орнатты. Экономикалық тұрақсыздық алаңдаушылықты күшейтеді, болашаққа деген сенімді азайтады және билікке деген сенімсіздікті тереңдетеді.

Теңгеге сенімнің төмендеуі халықты тұтынушылық несиеге итермелеп, қарыз жүктемесін арттырып отыр.

Баспана бағасының шектен тыс өсуі және оның әлеуметтік салдары

Алматы мен Астанада тұрғын үй бағасы тым жоғары. Ипотека көпшілікке қолжетімсіз, ал жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар шектелген. Сарапшылар қымбатшылыққа ықпал ететін факторларды атады. Ол жедел урбанизация, ішкі көші-қон, жас тұрғындардың көптігі және тұрақты сұраныс. Бұған қоса, жер телімдері мен тендер алу барысында жасырын схемалар арқылы қалыптасатын жемқорлық рентасы құрылыс құнына қосылады. Зейнетақы жинақтарын шешіп алуға рұқсат берілуі бағаларды одан әрі қымбаттатты.

Қазақстанда баспана қажеттілік қана емес, әлеуметтік тұрақтылық пен табыстың символы. Өз үйі жоқтар өздерін қорғансыз сезінеді. Өз елінде тұрғын үйге қол жеткізе алмайтын жастар мамандық ауыстырып, тіпті көше бастады. Оның ішінде Оңтүстік Корея мен Еуропаға кететіндер де көбейген.

Зейнетақы дағдарысы және табыс теңсіздігі

Қазақстандықтардың зейнетақы жүйесіне сенімі төмендеген. Орташа зейнетақы — 150 мың теңге. Бұл орташа жалақыдан екі есе төмен. Ұлттық қор мен БЖЗҚ қаражатын ағымдағы экономикалық мәселелерге жұмсау халықтың болашаққа деген сенімін одан әрі әлсіретеді.

Табыс теңсіздігі әділетсіздік сезімін тереңдетеді:

— дәрігер, мұғалім 350–500 мың теңге табады;

— квазимемлекеттік сектор басшылары миллиондап алады.

Топ-менеджерлерге берілетін сыйақылар мен премиялар қоғамдағы наразылықты күшейтіп отыр.

Қосымша бір-екі жерде жұмыс істеу күнделікті нормаға айналды. Адамдар күндіз негізгі жұмысында, кешке такси қызметінде күнелтеді. Жалақы орташа деңгейден жоғары болса да қажетіліктерді өтеуге жетпейді, себебі инфляция тым жоғары. Болашағына сенбейтін, әрдайым шаршап, күйзелісте жүру қарапайым адамның қалыпты күйіне айналды. Сондықтан жастар мен білімді азаматтар өз елінен жаппай безіп жатыр. 

Жастарға бұл елде орын жоқ

Қазақстан білікті кадрлардан айырылып жатыр. Жақсы өмір мен жұмыс жағдайын іздеп шетелге кететіндердің саны артқан. Экономист Рахымбек Абдрахмановтың «Gde Tenge?» телеграм арнасында жариялаған деректерге сәйкес, соңғы он жылда Қазақстаннан шамамен 366 мың адам көшіп кеткен. Әсіресе экономика, құқық, техника және педагогика салаларындағы жоғары білімді мамандар кетіп жатыр.

Елден кетуге ең бейім топқа орташа білікті мамандар жатады (10–15%). Олар көбірек табыс табуды, болашағына сенімді болуды көздейді. Экономикалық құбылмалылық пен өмір сапасының нашарлауы адамдарды көшуге мәжбүреп отыр. Ал 18–22 жастағы жастар саясаттан тыс, өміріне риза. Бірақ 25 жасқа келгенде қанағат деңгейі күрт төмендейді. Z буыны онлайн өмірде белсенді. Экономикалық күйзеліс, жас түлектердің жаппай кедейленуі олардың ертең бірігуіне түрткі болуы мүмкін.

ЮНЕСКО мәліметтері бойынша, Қазақстан шетелде оқып жатқан студенттер саны жағынан әлемде тоғызыншы орын алады. Олардың саны 91 200 адам. Шетелдік біліммен елге оралған азаматтар экономикалық өсімге пайда әкелуі мүмкін. Алайда шындық басқа. Студенттердің 62%-ы оқуды аяқтаған соң шетелде тұрақтап қалуды жоспарлайды екен.

Эмиграцияға итермелейтін бес себеп:

Шетелдік жоғары оқу орындарын тәмамдаған қазақстандық түлектер арасында жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша, эмиграцияға себеп болатын негізгі факторлар анықталды:
— Жоғары жалақы — 54%
— Өмір сүру деңгейінің жоғары болуы — 52%
— Карьералық мүмкіндіктер — 38%
— Сапалы білім мен медицина — 32%
— Коррупция деңгейінің төмендігі — 28%

Ауаның ластануынан алматылықтар көшіп жатыр 

Almaty Air Initiative қоры Алматы тұрғындарының ауа сапасына көзқарасына қатысты жыл сайынғы сауалнама нәтижелерін таныстырды. Зерттеу нәтижесі алаңдаушылықтың күшейіп келе жатқанын көрсетіп отыр.  

Зерттеу қорытындысы бойынша, әр төртінші алматылық (25%) экологияға байланысты көшу туралы ойлайды екен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 17% болған. Ауқатты тұрғындар арасында бұл көрсеткіш одан да жоғары.

Әр үшінші тұрғын күн сайын тұман мен түтін сезеді. Ең жиі байқалатын белгілер: смог пен көлеңке, күйік иісі немесе шығарындылар, шаң мен кір, аллергия, тыныс алу қиындығы. Ластану күшейген күндері 35% ешқандай шара қолданбайды, 31% үйде қалады, 23% ауа тазартқыш пайдаланады. Білім мен табыс жоғарылаған сайын қорғану шаралары белсендірек.

Алаңдаушылық өсіп келеді: алматылықтардың 63%-ы ауа ластануы қатты мазалайтынын айтты (2024 жылы – 55%).

Тұрғындардың пікірі бойынша ауа сапасы нашарлап барады: 2024 жылы 42% болса, 2025 жылы 50% қанағаттанбаған. Әр екінші адам ауаны «жаман» деп санайды, тек 14% «жақсы» дейді. Алматылықтардың алтауының төртеуі соңғы 2–3 жылда ауа сапасы нашарлады деп есептейді.

Миграциялық көңіл-күй күшейіп келеді: әр төртінші (25%) экология үшін көшу туралы шындап ойлайды (2024 жылы – 17%). Айына 1 млн теңгеден артық табысы барлар арасында бұл көрсеткіш 41%.

Денсаулыққа қауіп төніп тұр: тұрғындардың 80%-ы лас ауаның әсерін сезінеді — көбіне шаршау, бас ауруы және аллергия. 74% ластану ересектер үшін, 87% балалар үшін қауіпті деп санайды.

Әр екінші алматылық (49%) қыста смог үшін қаладан кеткісі келеді (өткен жылы – 45%). Тағы 12% жыл сайын осылай жасайды. Кетушілердің басым бөлігі бас ауруы, шаршау, аллергия және тыныс алу мәселелерін бастан кешіреді.

Респонденттердің пікірінше, ластанудың басты көзі — көлік, одан кейін ЖЭО және табиғи факторлар (мысалы, жел бағытының бұзылуы).

Хабардарлық өсуде: 18% енді ауа сапасын қайдан тексеру керегін біледі (2024 жылы – 10%). Алайда 39% иіс пен тұманға қарап бағалайды.

Мемлекетке сенім төмен: 63% ауа сапасын жақсарту шаралары тиімсіз деп санайды, 53% ресми мәлімдемелерге сенбейді.

Негізгі күтілетін шаралар: көліктер шығарындыларын азайту (57%), ЖЭО-ларды газға көшіру (52%), және жасыл желектерді көбейту (54%).

61% респондент ауа сапасын жақсартуға бағытталған нақты шараларды атай алмады. Ең танымалдары: төмен шығарындылы аймақтар, ауа тазартқыштар, ЖЭО-ларды газға көшіру, электр көлігі мен «Таза Қазақстан» бастамалары, “Almaty Air Initiative” жобалары және басқалар.

«Біз алматылықтардың ауа сапасына көзқарасын жүйелі түрде зерттеуді бастадық, өткен жылы бастапқы нүктені айқындап, жыл сайынғы мониторинг жүргіземіз. Биыл хабардарлықтың өскені байқалады: адамдар ауа сапасын қайдан тексеру керегін біледі. Бұл – медиа назар мен Almaty Air Initiative жұмысының, төмен шығарындылы аймақтар мен ЖЭО газға көшу жоспарларының нәтижесі. Бірақ алаңдатарлық жайттар бар: экология үшін кеткісі келетіндердің саны артып келеді», — дейді Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова. 

Қоғамдағы көңіл күй және халықтың пікірі 

Экономикалық қысым, қымбатшылық, кәсіп иелерінің тығырыққа тірелуі, әлеуметтік теңсіздік пен инфляция халықтың өмірін айтарлықтай қиындатты. Олар болашаққа күмәнмен қарайтын болды. Салдарынан елімізден безіп жатқан азматтардың саны артып барады. Халықтың пікірінше, аталмыш құбылыс терең әлеуметтік мәселе. 

«Қазақстан азаматтарының елден кетіп жатқаны жанға батады. Шенеуніктер мен депутаттар мұндай көші-қонның салдарын түсінбейді ме? Еңбекке қабілетті азаматтар елін тастап кетіп жатыр». 

«Мұның себебі түсінікті. Ақылға қонымсыз заңдар мен айыппұлдар, денсаулыққа зиян келтіретін бірыңғай уақыт белдеуі, ел байлығының ысырап болуы, экологияның нашарлауы, жемқорлық». 

«Таныс-тамыры жоқ жастарға  бұл елде ешқандай мүмкіндік жоқ, сондықтан олар кетуге мәжбүр».

«Халық қарызға белшесінен батты, нашар экологиядан балалар ауырып жатыр, зейнет жасы шектен тыс көтерілді. Елдің жағдайы ауыр, ал билік миллиардтаған теңгеге ұшатын такси сатып алып отыр». 

«Қазақстанда тек депутаттар мен министрлер ғана алаңсыз өмір сүреді. Олар күні бойы түсініксіз айыппұлдар мен заңдар қабылдаумен айналысады». 

«Жақсы өмірден ешкім қашпайды. Халықтың жағдайы нашар, адамдардың шыдамы таусылған». 

«Бүгінгі өмірге қарап, мемлекетке халық қажет емес деген ой туады. Біз олар үшін тек балласт сияқтымыз. Елдің жер қойнауындағы байлық жетеді, ал халықтың мәселесі екінші орында». 

«Адамдар шарасыздықтан елден кетіп жатыр. Барлық жағдай тек жоғары жақ үшін жасалады, қарапайым адамға ештеңе жоқ. Еңбек қадірсіз. Мен де кеттім», — дейді халық. 

Перейти к новостям спорта