Соңғы жылдары Қазақстанда тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселесі жиі көтеріле бастады. Археологтар мен қоғам белсенділері дабыл қағуда. Экономикалық дамудың жолында өткеннің қайталанбас ескерткіштері жойылып барады, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Мысалы, Түркістан облысының Отырар ауданындағы жағдай наразалық тудырып отыр.
Археологтардың айтуынша, мұнда шамамен 60 мың гектар аумақта мақта өсіруге арналған ауқымды жерді игеру жұмыстары басталған. Инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба құнды археологиялық нысандардың бүлінуіне әкелуде. Бұрын осы аумақта орналасқан он екі қорғанның қазір тек біреуі ғана сақталған. Б.з. VI ғасырына жататын «Тастаған» қорымының ізі қалмаған. Сондай-ақ ежелгі арықтар мен өркениеттердің іздері тегістеліп жатыр.
Белсенділер тарихи ескертіштер заң немесе салық кодексі сияқты қайта қаралатын дүние еместігін алға тартады. Бұл ескерткіштер қола дәуірінен, ерте темір мен палеолиттен бері сақталған.
«Оларды жоғалтсақ, қайта қалпына келтіре алмаймыз. Қазақстан – ең көне өркениеттердің бесігі, ал археологиялық мұраның әрбір жоғалуы ұлттық қана емес, дүниежүзілік тарихтың да жоғалуы болып саналады», — дейді қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан.
Бастапқыда жергілікті әкімдік мұншалықты ауқымды жұмыстар туралы хабарсыз екенін айтты. Дегенмен тексерістен кейін шенеуніктер археологтардың осы аудан бойынша бір ресми өтінішін алғанын мойындады. Жауап ретінде әкімдік құзырлы органдарға, соның ішінде құқық қорғау мекемелеріне хат жолдаған. Ресми мәлімдемеде былай жазылған:
«Егер аталған аумақтарда тарихи-мәдени мұра нысандары бар екені ғылыми тұрғыдан дәлелденсе, жұмыстар дереу тоқтатылып, нысандар Қазақстан заңнамасына сәйкес қорғауға алынады», — деп жауап берген Түркістан облысының әкімдігі.
Алайда мұндай жауап қоғам белсенділерін қанағаттандырмады. Олар өңірдегі ескерткіштердің экономикалық өсім үшін жойылып жатқанына сенімді. Бұл жағдайға депутаттар да назар аударып, ежелгі арықтарды тегістеуді тоқтатуды ұсынған еді. Бірақ әзірге түбегейлі шешім қабылданған жоқ. Археологтар мен тарихшылар қазір Президентке осы тарихи маңызды өңірді вандализмнен қорғау туралы жазбаша өтініш дайындап жатыр.
Ескерткіштердің жойылуы қоғамға қалай әсер етеді?
Тарихи жадының жоғалуы. Археологиялық нысандар – өткеннің қайталанбас дереккөзі. Олардың бүлінуі халықтың мәдениеті, салт-дәстүрі мен шығу тегі туралы білімнің қайтарымсыз жоғалуына әкеледі.
Мәдени және туристік әлеуеттің төмендеуі. Тарихи және археологиялық ескерткіштер аймаққа мәдени туризм арқылы қомақты табыс әкелуі мүмкін. Оларды жою жергілікті халықты болашақтағы экономикалық мүмкіндіктерден айырады.
Ұлттық бірегейліктің әлсіреуі. Ескерткіштер – халықтың ортақтық пен елге деген мақтанышын қалыптастыратын рәміздер. Оларды жоғалту тарихи тамырдың үзілуіне алып келеді.
Халықаралық міндеттемелердің бұзылуы. Қазақстан мәдени мұраны қорғау туралы ЮНЕСКО-ның бірқатар конвенцияларын бекіткен. Осы міндеттемелерді орындамау елдің халықаралық беделіне кері әсер етуі мүмкін.
Тарихи ескерткіштердің жойылуы – тек археологтардың ғана мәселесі емес. Бұл елдің жадына, мәдениетіне және болашағына соққы. Экономикалық даму маңызды, бірақ ол мұраны сақтау ісімен үйлесуі тиіс, сонда ғана келер ұрпақ өз тарихын танып, бағалай алады.