Экономнан премиумға дейін: Жаңа жылдық дастархан мен сыйлық қанша тұрады - kaz.caravan.kz
  • $ 504.76
  • 593.8
+8 °C
Алматы
2025 Жыл
30 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Экономнан премиумға дейін: Жаңа жылдық дастархан мен сыйлық қанша тұрады

Экономнан премиумға дейін: Жаңа жылдық дастархан мен сыйлық қанша тұрады

Жаңа жылға бір күн қалды. Қазақстандықтар қанша ақша жұмсауға дайын?

  • 30 Желтоқсан
  • 62
Фото - Caravan.kz

Жаңа жылдық дастархан ең тұрақты әрі маңызды дәстүрлердің бірі. Өмір ырғағы қаншалықты өзгерсе де, аталмыш мерекені көпшілік әлі де үйде, жақындарымен бірге қарсы алуды жөн санайды. Сондықтан жыл сайын желтоқсанның соңына қарай халық жиған-тергенін санап, азық-түліктің бағасын саралай бастайды. Одан бөлек жақындарына сыйлық сыйлауды да ұмытпайды. Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі жаңа жылдық дастархан мен сыйлықтардың шығындарын есептеп көрді. 

Жаңа жыл дастарханы: экономнан премиумға дейін

inDrive сервисінің сарапшылары жаңа жылға арналған азық-түлік себетінің құрамын және оның құнын халықтың қалтасына қарай зерттеп көрді. Мерекелік дастарханда жиі кездесетін негізгі өнімдер есепке алынды. Тізімге сиыр еті мен құс еті, көкөністер, салат, жеміс-жидек, тәттілер мен сусындар кіреді.

«Эконом» себеті

Ең қолжетімді себет 3-4 адамнан тұратын шағын отбасыға арналған. Яғни артық сән-салтанатсыз, бірақ жаңа жылға тән негізгі тағамдары бар қарапайым мерекелік дастархан. Төрт адамға арналған мұндай азық-түлік себетінің орташа құны 12 570 теңгені құрайды.

Сарапшылардың айтуынша, бұл жиынтықтан бір негізгі ыстық тағам, мысалы, картоп қосылған тауық еті немесе сиыр еті, екі классикалық салат, мандарин, алма және жүзімнен тұратын қарапайым жеміс табағын әзірлеуге болады.

«Стандарт» себеті

Орташа бюджетке арналған бұл себет 5–6 адамға есептелген. Оның құрамындағы өнімдер екі түрлі ыстық тағам, бірнеше салат, жеміс табағы, десерт және торт дайындауға жеткілікті. Мұндай себеттің құны 29 640 теңге. Тіпті қонақ шақыруға да болады. 

«Премиум» себеті

Ең қымбат нұсқа 8-10 адамға арналған үлкен отырысқа лайықталған. Бұл жиынтық бірнеше түрлі ыстық тағам, алуан түрлі салаттар мен тіскебасарлар, мол жеміс табағы және бірнеше десерт қоюға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл нұсқа ұзақ мерекелік кешті жоспарлаған, дастарханда тағам таңдауы кең болғанын қалайтын жандарға қолайлы. Премиум себеттің орташа құны 48 940 теңгені құрайды.

Жаңа жыл дастарханын дайындауда қалай үнемдеуге болады

Мереке қарсаңында азық-түлік бағасы әдеттегідей өсетінін ескерсек, сарапшылар шығынды азайту үшін бірқатар қарапайым кеңес ұсынады. Атап айтқанда, ұзақ сақталатын өнімдерді, әсіресе ет пен сусындарды алдын ала сатып алу, жергілікті өндірушілердің тауарларын таңдау, дүкенге бармас бұрын нақты тізім жасау, кешбэк ұсынатын банк карталарын пайдалану және онлайн тапсырыс беру арқылы бағаны салыстырып, уақыт пен ақшаны үнемдеу тиімді саналады. Осылайша, жаңа жылдық дастарханды Қазақстанда кез келген бюджетке сай етіп жинауға болады, бастысы — жоспарлау мен ұтымды таңдау.

Жақындарды артық шығынсыз қалай қуантуға болады

Мерекелік мәзірді дайындап болған соң, енді жақындарымызға не сыйласақ екен деген сұрақ пайда болады. Сарапшылар мен тұтынушылардың пікірінше, жақсы сыйлық — оның бағасында емес, берушінің ниетінде. Сыйлықтың құндылығы — ол адамның мінезіне, өмір салтына және қызығушылығына қаншалықты сай келетінімен өлшенеді.

Әйелдерге арналған сыйлықтар

Әйелдерге көбіне косметика мен күтім құралдары, массажерлер, үйге арналған жайлы бұйымдар, әшекейлер мен сұлулық қызметтеріне арналған сертификаттар сыйланады. 

Ерлерге арналған сыйлықтар

Ер адамдарға көбіне пайдалы әрі функционалды сыйлықтар таңдауға болады. Мысалы автокөлік аксессуарлары, жеке күтім құралдары, моншаға арналған жиынтықтар, құрал-саймандар, гаджеттер мен хоббиге байланысты бұйымдар. Сондай-ақ монша немесе саунаға арналған сертификаттар да сұранысқа ие. 

Балаларға арналған сыйлықтар 

Балаларға келсек, ойыншықтар, кітаптар, дамуға арналған ойындармен қатар, ойын-сауық орталықтарына немесе бірлескен демалысқа арналған сертификаттар жиі таңдалады. Өйткені соңғы жылдары ата-аналар заттан гөрі эмоция сыйлауға көбірек мән бере бастады.

Қазақстандықтар жаңа жыл сыйлықтарына қанша қаржы жұмсайды

Сауалнама нәтижелері бойынша, сыйлыққа жұмсалатын қаражат әр отбасында әртүрлі. Орта есеппен 30000-40000 теңге көлемінде қаржы бөледі. Көпшілік ойластырылған, пайдалы сыйлықтар алып, бюджеттен аспауға тырысады. Ал балаларға келгенде ата-аналар үнемдеуден қалады. Себебі кейбірі планшет, смартфон сияқты қымбат сыйлық сатып алады.

Соған қарамастан, мамандардың айтуынша, мерекенің шынайы мәні шығын көлемімен өлшенбейді. Жаңа жыл — бұл ең алдымен жақын адамдармен бірге өткізілген уақыт. Дастархан қарапайым болса да, сыйлық арзан болса да, ең бастысы шын көңілмен жасалғаны дұрыс. Сонда ғана мереке расымен де есте қалады. 

Перейти к новостям спорта