"Қай ата-бабаңның қызы, қатыны білім алып, мектеп оқып еді": Қыздың құқығын шектеу керек дегендерге саясаттанушы пікір білдірді - kaz.caravan.kz
  • $ 478.93
  • 534.96
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қай ата-бабаңның қызы, қатыны білім алып, мектеп оқып еді": Қыздың құқығын шектеу керек дегендерге саясаттанушы пікір білдірді

"Қай ата-бабаңның қызы, қатыны білім алып, мектеп оқып еді": Қыздың құқығын шектеу керек дегендерге саясаттанушы пікір білдірді

«Білім алмай-ақ, ата-бабамыз бала-шағасын тәрбиелеген» деген түсінікті, ғылым мен білім бәсекелестігі өркендеген ХХІ ғасырға әкеліп тықпалау қате.

  • 21 Тамыз
  • 25
Фото: caravan.kz

Ауғанстанда 1,4 млн оқушы қыз орта білім алудан қағылыпты. Бұл туралы ЮНЕСКО-ның білімге қатысты статистикасында айтылған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Тәлібтер билікке келген соң, 12 жастан асқан қыздарға білім алуға тыйым салып тастаған, яғни 6 сыныпқа дейін ғана оқи алады. Ары қарай білім ала алмайды. ЮНЕСКО-ның айтуынша қазіргі таңда Ауғанстан әлемде қыздарға орта білім алуға тыйым салған жалғыз ел екен.

Осы туралы Тик-Токта да видеолар шығуда. Көбі қыздардың құқығын таптау деген сипатта пікір білдіруде. «Қыз баласы білім алмауы тиіс, үйде отырсын», «қай ата-бабаңның қызы, қатыны білім алып, мектеп оқып еді», «бізге де осындай шешімдер керек, қыз баласына артық жүріс-тұрыс қажет емес» дегендей пікірлер де жазған «ортағасырлық адамдар» да бар.

«Есі дұрыс қоғам білімге тыйым сала ма? Білімсіз, надан, сауатсыз қоғамда даму дегеннің «Д» деген әрпі де болмайды. Кез келген мемлекеттің тең жартысын әйелдер құрайды. Мысалы Қазақстанда 10 млннан астам әйел мен 10 млнға жуық еркек бар. 50/50. Енді ойлап көріңіз, Ауғанстандағыдай теріс діни түсінікпен 10 млн қыз, әйел білім алмаса, ел не болар еді?..Экономикаға жұмыс күшінің жетіспеуі, қараңғы түсінікте тәрбиеленген бала-шаға, адам құқығы дегеннің аты-затымен болмауы және басқа дегендей.

«Білім алмай-ақ, ата-бабамыз бала-шағасын тәрбиелеген» деген түсінікті, ғылым мен білім бәсекелестігі өркендеген ХХІ ғасырға әкеліп тықпалау қате. Шындығына келгенді заманында бодан болуымыздың бір себебі де сол ғылым мен білімнің аз болуынан ғой. Барлық себебі демеймін, бір себебі сол.

Теріс діни ағымдар қашанда қыз баласының құқығы деген түсінікті ысырып тастауға тырысады. Білім алу құқығын шектейді, ерте жастан тұрмысқа беруге тырысады, көкжиек кеңістігін кеңейтуге тыйым салады және басқа дегендей. Ондай қоғамда даму болмайды. Ондай қоғамды құп көргендер – өркениетті қоғамның жауы!

Студент болғанымда «Мен – Малаламын» деген кітапты жата-жастана оқыдым. Болған оқиға желісімен жазылған кітап. Малала Юсуфзай деген қыздың туындысы. Ол Пәкістанда тұрып, қыздардың білім алу құқығы үшін күреседі. Бірақ «қыздарға білім алуға болмайды» деген қараңғы түсініктегі теріс діни ағымдар кедергі болады. 2012 жылы оны Пәкістандағы тәлібтердің бір тармағына жататын лаңкестер автоматпен атып кетеді. Малала тірі қалып, осы кітапты жазып шығады. Кейін Нобель сыйлығын алады. Керемет туынды. Қыз баласының білім алуға деген ұмтылысы, теріс діни ағымдардың сол ұмтылысты тоқтатуға талпынысы жазылған шынайы оқиға. Он шақты жыл бұрын оқым едім.

Әлемнің кей аймағында қыздар білім алу үшін оққа ұшып жатыр. Ал біздің елде кей надан сол елдердегідей болса ғой деп көкіп отыр», — деді Асхат Қасенғали.