Біздің елде электронды еңбек биржасы бар екенін білетін боларсыз? Тым жақсы-ақ платформа екен өзі. Егер компьютермен «дос» болсаңыз, жұмыс немесе жұмысшы/маман іздеп жүрсеңіз – ешқайда бармай-ақ сол алаңда онлайн-режимде көп шаруа бітіріп алуға болады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы Қаржылық сауат телеграм арнасы жазды.
Қазақстанның қай түпкірінде отырсаңыз да, алдымен сайтта тіркеліп алу керек. Сосын электронды үлгіде өз түйіндемеңізді (резюме) толтырып қоясыз немесе іздеген маманға лайық жұмыс орнын көрсетесіз. Яғни, жұмысты да, жұмысшыны да өз аймағыңда табуға мүмкіндік көп.
Порталда жұмыс беруші тараптың вакансияларын да қарауға болады. Онда жастарға (студенттерге) да, мүгедектігі бар адамдарға да, абақтыдан босатылғандарға да бос жұмыс орындары берілген. Кез келген салада сұраныс бардай. Ең қызық жері – жұмысшыға ұсынылатын айлық мөлшері қоса көрсетіледі.
Шілде айында отандық жұмыс берушілер осы еңбек биржасы алаңында бас құрылысшыға ең жоғары жалақы ұсынған. Орташа алғанда, олар айына 731 мың теңгеден төлеуге дайын.
Сондай-ақ бас агрономдарға – 576 мың, актуарийлерге – 532 мың теңгеден жоғары жалақы ұсынылған.
Порталда қазір Қазақстан бойынша 231 650 бос жұмыс орны тұр. Ал, тіркелген түйіндеме саны – 291 755.