Қыс бойы қоймаларда жатқан самокаттар күн жылына қала көшелеріне қайта оралды. Соңғы жылдары аталмыш көлік түрі мегаполистің ажырамас бөлігіне айналғаны рас. Олар ыңғайлы, жылдам әрі кез келген адамға қолжетімді. Алайда маусым ашылуымен қатар жыл сайын қайталанатын ескі мәселелер де күн тәртібіне қайта шықты. Қағаз жүзінде ережелер күшейтіліп, қауіпсіздік талаптары қайта қаралып жатыр. Десе де күнделікті өмірде жағдай өзгере қоймады. Біздің редакциямызға келіп түскен көптеген балалы аналар мен жаяу жүргіншілердің шағымы соның дәлелі. Олардың жазуынша, самокат пайдаланушылардың жауапкершілігі төмен, қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамайды.
Дәл осындай шағымдардан соң Caravan.kz медиа порталының тілшісі жағдайды өз көзімен көріп қайтты.

Екеулеп мініп, кез келген жерге тастап кетеді
Көшелерде қатар тізілген көк және сары самокаттар көзге бірден түседі. Арнайы тұрақтарда олар ұқыпты орналастырылған, себебі талап сақталмаса, техника айыптұрағына жеткізіледі. Мұндай тәжірибе өткен жылы да болған.
Алайда мұндай тәртіп тек қағаз жүзінде немесе арнайы ұйымдастырылған орындарда ғана сақталады. Қала ішінде жағдай мүлде басқа.
Самокаттар тротуарларда, аулаларда, жаяу жүргіншілер жолында, тіпті арықтарда бей-берекет шашылып жатады. Кейбірі жолдың дәл ортасында тұрса, енді бірі өтетін жерді жауып қояды. Салдарынан балалы аналар, кішкентай балалар мен қарт адамдарға қолайсыздық тудырады.

«Бұл самокаттарды міндетті түрде жүргізушілер тастап кетеді деу дұрыс емес. Көбінесе оларды көлік жүргізушілері, жолға кедергі келтіргені үшін, немесе жаяу жүргіншілер жылжытып қояды. Әрине, самокатты дұрыс жерге қоймайтындар да бар. Егер самокат иелері арнайы тұрақ орындарын жеткілікті деңгейде ұйымдастырса, мұндай бейберекет жағдай болмас еді. Адам самокатты жалға алып, керек жеріне жеткен соң, арнайы тұраққа қойып, сол жерде жалдау ақысын тоқтататын жүйе болуы керек. Сондықтан бұл жерде ең алдымен самокат иелері жауапкершілік алуы тиіс. Өкінішке қарай, көпшілікке бәрібір, өзінікі болмаған соң, жауапкершілікті де сезінбейді. Самокаттарды тротуардың шетіне, бордюрге, жүретін жолдың дәл ортасына тастап кетеді, бұл өзгелерге кедергі келтіреді. Баламен, арбамен келе жатқанда жолыңды самокат бөгеп тұрса, оны жолдан ысырып тастағың келеді. Бұл аздай олар өте үлкен жылдамдықпен жүреді, балам үшін қорқамын, ол кішкентай ғой, артына қарамай жүгіріп кетеді», — дейді қала тұрғыны Анара Абдрахманова бізге берген сұхбатында.
Қаланы аралап, пайдаланушылардың ережелерді жиі елемейтінін байқадық. Бір самокатқа екі адам мініп жүрген жағдайды жиі кездестірдік.

Жасыл бағдаршамда, жаяу жүргіншілер өткелінде тоқтап, самокаттан түсудің орнына, жолды жылдамдықпен кесіп өтетіндер көп. Кейде тіпті диагональ бойынша өтетіндерді де байқадық.


Осындай жауапсыздық қала тұрғындарының наразылығын күшейтуде.
«Менің ойымша, қазір жастар арасында белгілі бір деңгейде құндылықтардың әлсіреуі байқалады, тәрбиеде де бір кемшілік бар сияқты. Кеше кешкісін бір көрініске куә болдым, студенттер тар көшеде жолды көлденеңінен жауып алған. Көліктер сигнал беріп жатса да, олар мән бермейді, тіпті жүргізушілерге қарсы шығып, “айналып өтесіңдер ғой” деп жауапсыздық танытты. Осындай көзқарастағы жастар самокаттарға да дәл осылай немқұрайлы қарайды деп ойлаймын», — дейді кәсіпкер бізге берген сұхбатында Бауыржан Маралбаев.
Жауапкершілік бар, бірақ нәтиже аз
Елімізде жалға беру қызметін ұсынатын компанияларға талап күшейтіле бастады. Олар енді пайдаланушылардың самокаттарды қай жерде қалдыратынын бақылауға міндеттелуі мүмкін. Әсіресе кез келген жерде тастап кету мәселесі ерекше назарда.
Ережені бұзғаны үшін орта бизнеске 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Қайталанған жағдайда айыппұл 40 АЕК-ке (173 000 теңге) дейін өседі.
Алайда мұндай шаралар әзірге нақты нәтиже беріп отырған жоқ. Самокат пайдаланушыларды жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмеуге және самокаттарды арнайы орындарға қалдыруға үйрету қиын болып отыр. Яғни жолдағы мәдениет ақсап тұр.
Екі жыл шешілмеген мәселе
Электросамокаттар жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушілері үшін ортақ бас ауруына айналды. 2024 жылы қазақстандықтар Ішкі істер министрлігінен оларды жалға беруді толықтай тоқтатуды сұраған.
Алайда қазіргі депутат Марат Қожаев толық тыйым салуға қарсы екенін білдірді. Оның пікірінше, мәселе самокаттардың өзінде емес, оларды пайдалану мәдениетінде.
«Бар мәселе біздің санамызда. Біз бұл құралдарды дұрыс қолдануды үйренбей отырмыз. Қай жерде болса сол жерге тастаймыз, қалай болса солай жүреміз. Сондықтан ең алдымен өзіміз осы мүмкіндіктерді мәдениетті түрде, өзгелерге зиян келтірмей пайдалануды үйренуіміз керек», — деді ол.
Жаңа ережелер: тротуарларға тыйым
Қазіргі қолданыстағы ережелерге сәйкес, электросамокаттар:
– веложолдармен жүруі тиіс;
– олар болмаған жағдайда, жолдың оң жақ шетімен немесе автобус жолағымен жүруге болады (тек 18 жастан бастап кех келген санаттағы жүргізуші куәлігі болған жағдайда);
– ал тротуарда тек 6 км/сағ жылдамдықпен және жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмей қозғала алады.
Алайда бұл норма 1 шілдеден бастап өзгереді. Енді тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында электросамокатпен жүруге тыйым салынады.
Ерекшелік тек арнайы белгіленген ортақ қозғалыс аймақтарына беріледі. Онда жылдамдық 6 км/сағатпенпен шектеліп, басымдық жаяу жүргіншілерде болады.
Неге тыйым салынған?
Электросамокат жүргізушілеріне бірқатар шектеулер бұрыннан бар. Атап айтқанда:
– рульді ұстамай жүруге болмайды;
– жолаушы тасуға тыйым салынады;
– көлемді жүк тасуға болмайды;
– көпжолақты немесе трамвай жолдары бар көшелерде солға бұрылуға болмайды;
– жаяу жүргіншілер өткелінен самокатпен өтуге тыйым салынады, міндетті түрде түсіп өту қажет;
– түнде жарық шағылыстырғыш элементтерсіз жүруге болмайды;
– жолда шлемсіз жүруге тыйым салынады.
Алайда бүгінгі көрініске қарап, ережелерді бұлжытпай орындап жүргендер аз екенін байқаймыз.


Жазда талаптар күшейеді
Алдағы уақытта ережелер одан әрі қатаңдатылады. Қазақстанда жалға берілетін электросамокаттарға мемлекеттік нөмір беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, оларды тіркеу және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру талаптары енгізіледі. Мәжіліс бұл түзетулерді екінші оқылымда мақұлдаған.
Инфрақұрылым да дамиды
Ережелерді күшейтумен қатар, Алматыда инфрақұрылымды жақсарту жоспарланып отыр. Қалада веложолдардың саны көбейіп, сапасы артады.
Қала әкімінің орынбасары Алмасхан Смалтаевтың айтуынша, Алматыда бүгінде 22 500 самокат бар. Олар күн сайын 100 мыңнан астам сапар жасайды. Алдын ала жоспар бойынша, қалада 80-88 шақырым жаңа веложол салынады. Сонымен қатар, бағдаршамдармен жабдықталған арнайы жолақтар пайда болады.
Қазіргі таңда ірі көшелер үшін жаңа көлік схемалары әзірленіп жатыр. Жобалар келісілгеннен кейін, жұмыстар осы жылы басталмақ.
Айта кетейік, соңғы бір жылда Қазақстанда электросамокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары айтарлықтай артқан. Өткен жылдың қаңтар–тамыз айларында 153 жол апаты тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда екі есе көп (64 жағдай).