Камбоджа: Пномпеньде ес-түссіз жатқан Қазақстан азаматшасына көмек қажет
|
Камбоджа астанасы Пномпень ауруханасында ауыр жағдайда жатқан Қазақстан азаматшасына көмек қажет. 30 маусым күні осы елде саяхатта жүрген Лариса Шамова жеті метрлік биіктіктен құлап кетіп, басынан ауыр жарақат алғандықтан, әлі ес-түссіз жатыр. Отандасымызды елге әкелуге жақындарының шамасы жетпейді. Сондықтан олар Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрап отыр.
Әйгілі Ангкок-Ват ғибадатханасын көруді арман еткен Лариса Шамова биыл жазғы демалысын Камбоджада өткізуді ерте қыстан-ақ жоспарлап қойыпты. Бірақ,ғибадатханаға жеткені сол екен, жеті метр биіктіктегі баспалдақтың бірінен шалыс басып, жерге құлаған. Содан бері ес-түссіз Пномпень ауруханасында жатыр.
Надежда Приметина, Л.Шамованың әріптесі:
- Бірінші рет саяхатқа шығып тұрған жоқ. Ел, жер көруді ұнатытын адам болғандықтан, сәтін салса,жиі барғанды ұнатады. Жалғыз емес, баласымен, достарымен кетуші еді. Бірақ,осы жолы жалғыз баруды ұйғарды. Енді қараңыздаршы, арты қандай жағдайға әкелгенін?! Баласы кетті,сол жаққа. Күнде хабарын біліп тұрамыз.
Ларисаның жанына Таиланд астанасы Бангкок арқылы транзиттік ұшақпен ұлы барған. Көңіл қолдау болғанымен, қаржы жағы жетіспеуде. Жергілікті аурухана отандасымыздан көп ақша талап еткен. Осы күнге дейінгі шығынды Ларисаның әріптестері көтеріп келіпті.
Елена Мартынова, Л.Шамованың әріптесі:
- Жалпы, қанша қаржы кеткенін емес, әлі қанша қажет екенін айтайын: өте көп. Камбоджа сондай кішігірім ел болса да, ауруханасы ақшаны молынан талап етеді екен. Мәселен, алғашқы жәрдем көрсеткен бір күннің өзіне 9 мың АҚШ долларын төлеуді сұрады. Ал ем алып жатқан әр тәулігін 2700 доллардан есептеуде. Бір шөлмек суын 100 долларға бағалапты. Ондай қаржы төлеуге,шынын айтсақ, шамамыз жетпей жатыр.
Сондықтан Ларисаның әріптестері мен туыстары Қазақстан тарапынан қолдау сұрап отыр. Жанашыр жандар үшін арнайы шот та ашылған. Қазір іске еліміздің Сыртқы істері министрлігі де араласты.
Ілияс Омаров, ҚР СІМ баспасөз хатшысы:
- Әріптестері көрсеткен көмектен басқа, “Оныншы” бағдарлама бойынша қаржылай көмек беру жағын қарастырып жатырмыз. Бағдарлама шетте жүріп, оқыс жағдайға тап болған отандастарымызға арналған. Камбоджада елшілік жоқ, сондықтан арнайы консулды жібердік;дипломатиялық жағынан қолдау көрсету үшін.
Сәтін салып қажетті көмек көрсетіліп жатса, Лариса Шамова арнайы медициналық ұшақпен елге жеткізілмек. Бірақ тек транзит құнының өзі 20 млн теңгеден асады.
Осыған ұқсас тағы бір оқиға түрік елінде тіркелді. 4 шілде күні Анталияға саяхатқа шыққан 17 жастағы Дариға есімді қазақ қызын қонақүйге жақын маңда көлік қаққан. Жүргізуші оқиға орнынан қашып кетіпті. Ал ауыр жараланған бойжеткенқазір ес-түссіз Кемердегі ауруханада жатыр. Оның да туыстары Сыртқы істер министрлігі Дариғаның ем-домына қол ұшын берсе деп өтінеді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін