Әкенің жақсылығы жездедей-ақ деп қазақ неге айтты екен? Журналист Гүлмира Әбіқай туған әкелерінен безген балалардың жай-күйін баяндады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қамқорлықты өз үйінен емес дағдарыс орталығынан көрген ұрпақ өсіп келеді. Қазір елімізде 50-ден аса мұндай орталық бар. Яғни, әр өңірде екі-үштен ашылған. Дағдарыс орталығы ашылған сайын өз үйінен өзі қашқан ана мен балалар көбеюде. Бұл жетімдер үйі емес, интернат емес бірақ бәрі ортақ бір әлем.
Мына ғимаратта өгей әкеден азап көрген бір бала жоқ, бәрі туған әкелерінен қорлық көрген қарадомалақтар. Өкінішке қарай, мұнда қазақтан өзге ұлт та жоқ.
«Біз бұл ғимаратқа садист әкеден(күйеуден) ұзақ жылдар бойы жәбір көрген 4 бала мен ананы орналастырдық. Бір күнде тағы осындай екі отбасы келді. Туған әкесінен қашқан балалар мейірімді осы жерден табуда», — деп жазды журналист.
Қазір «Мейірім мекені» дағдарыс орталығын аттай 20 отбасы, 86 бала паналап отыр.
Бұл ғимарат жоқ болғанда не істер еді? Отбасылық зорлық-зомбылықтан қашқандар бұрын қайда тығылған?
Мемлекеттен бір тиын алмай, жеке қаржысына осындай мекен салып берген азаматқа мың алғыс.
Жыл басындағы дерекке сай, Қазақстанда барлығы 49 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Олардың ішінде аудан орталықтарында 14 және қалаларда 32. Былтыр орталықтарды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінген.
Орталықтарда қызметтердің сегіз түрі көрсетіледі: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырғанын еске сала кетейік.
Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Парламент палаталарының отырыстарына Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері және балалар құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты.
Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтарымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды. Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді:
— денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды;
— неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған;
— отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беругеміндетті болады;
— тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді;
— өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтірудінасихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;
— 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды;
— кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді;
— білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті;
— 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.