Zakon.kz тілшісі бұл жағдайға түсініктеме алу үшін Қарағанды облыстық полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметіне жүгінді.
Ведомство 2025 жылғы 1 қазанда бұл деректі растады.
Ресми мәліметке сәйкес, қаладағы полицияның бір тірек пунктінде түнде әйелдің мәйіті табылған. Сондай-ақ сол жерде ес-түссіз жатқан полиция қызметкері анықталып, ол ауруханаға жеткізілді.
Өңірлік ПД бастығы Нығмет Исмағұловтың айтуынша, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен өлім себебі анықталуда», – деді Нығмет Исмағұлов.
Сонымен қатар объективті тексеріс жүргізу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
«Қызметтік тергеу тағайындалды. Барлық әрекеттер мұқият тексеріліп, кінәлі тұлғалар қатаң жауапкершілікке тартылады», – деп қосты ол.
Исмагулов сөзінің соңында азаматтарды жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырды.