Бұл туралы Stopfake.kz жазды
№ 1 қате түсінік. Банк картасы қауіпсіз емес, оны бұзуға болады
Шындығында, банк карталарын бұзу ықтималдығы туралы пікір асыра айтылған. Бұл алаяқтық іс-әрекеттің нәтижесінде ғана мүмкін, бұл ретте адамдар карта нөмірлері мен CVC кодты өздері хабарлайды. Алайда, алаяқтар қолма-қол ақшаны да алдап алуы мүмкін екенін де ұмытпайық. Сондықтан банк картасын бұзу қаупі қолма-қол ақшаны жоғалту қаупінен жоғары емес.
№ 2 қате түсінік. Егер қолма-қол ақша салынған әмиянды жоғалтсаңыз, онда ақшаның бір бөлігінен ғана, ал картаны жоғалтсаңыз, барлық ақшаңыздан айырыласыз
Керісінше. Банк картасын жоғалтсаңыз ақшаңыз сақталады. Картаны жоғалтып алғаныңызды байқасаңыз, дереу банктің байланыс орталығына хабарласып, оны бұғаттап тастауыңыз керек. Бұл жағдайда оны тауып алғандар пин-кодын білсе де, ақшаны ала алмайды. Ал сіз картаны қалпына келтіріп, шотыңызды сақтап қаласыз. Өкінішке орай, қолма-қол ақшаны жоғалтсаңыз, бұл мүмкін болмайды.
№ 3 қате түсінік. Егер картаны ұрлап кетсе, онда бірнеше минуттың ішінде барлық ақшаны алып кетеді және оны қайтару мүмкін болмайды
Бұл олай емес. Біріншіден, картадан ақша алу үшін ПИН-кодты білу керек. Егер алаяқтарда мұндай ақпарат болмаса, олар дұрыс сандарды тапқанша, бірнеше күн өтеді. Сондай-ақ банкомат жүйесі әртүрлі комбинацияларды шексіз мәрте енгізуге мүмкіндік бермейтінін ескерген жөн. Бірнеше сәтсіз әрекеттен кейін карта автоматты түрде бұғатталады немесе банкомат оны «бермей қояды». Картаны тек банк бөлімшесінде құжаттарды ұсыну арқылы ғана қайтаруға болады.
Сонымен қатар барлық банкоматтар камералармен жабдықталған. Олар ұрланған картадан ақшаны кім алғанын түсіріп алады. Қай банкоматтан және қашан ақша алынғанын банктен картамен жүргізілген іс-әрекеттердің тізімін алу арқылы білуге болады. Осы ақпараттарды алған полиция қылмыскерлерді таба алады.
Қолма-қол ақшаны ұрлап кеткен жағдайда олардың кейінгі жолын бақылау мүмкін емес, демек, ұрыларды да анықтау қиынға соғады.
№4 қате түсінік. Ақша картада жатса, оны банк пайдалана алады
Жоқ, бұл мүмкін емес. Дебеттік картадағы ақша тек шот иесіне ғана тиесілі және ондағы қаражатты басқа ешкім пайдалана алмайды. Ақша картаның мерзімі аяқталған немесе оның иесі қайтыс болған жағдайда да шотта қалады. Екінші жағдайда олар мұрагерлерге беріледі.
№5 қате түсінік. Ұзақ мерзімді перспективада ақшаны банкке қарағанда үйде сақтау қауіпсіз
Бұл дұрыс емес. Инфляцияның жинаққа әсер ететіні белгілі. Егер ақша банктегі жинақтаушы шотта болса, онда ай сайын банк салымшыға шоттағы соманың пайызын төлейді. Осылайша, инфляцияның жинаққа әсері байқалмайды. Ал ақша үйде болса, оған ешқандай пайыз қосылмайды, яғни уақыт өте келе сатып алу қабілеті төмендейді.