2004-жылдың 7- қазанында қол қойылған бұйрықты өткен аптада Алматының Бостандық аудандық соты «Кар-Тел» ЖШС өкіліне табыс етті. Құжатта атап көрсетілгеніндей, «компания Түркия қазынашылық мекемесіне 5,5 млрд. доллар берешек». Қарыз 2004-жылдың 6-мамырында төленуі тиіс болған. Бұйрықта берешектің сипаты мен негіздемесі туралы ештеңе айтылмаған.
17-қаңтарда «Кар-Тел» басшылығы Түркияның консулдық қызметі арқылы аталмыш бұйрықтың заңсыздығы туралы Түрік сотына өтініш жолдады. Тағы да осындай өтініш Түркия әділет министрлігіне жолдау үшін ҚР әділет министрлігіне табыс етілді.
«Кар-Тел» ЖШС-нің бас директоры Константин Марковтың айтуынша, «компания басшылығы бұйрықтың негіздемесі мен сипатын түсіне алмай отыр». «»Кар-Тел» компаниясының Түркия үкіметі алдында ешбір берешегі жоқ»,- деп санайды басшылық. «Бұйрықтың ешбір негізі жоқ. Сондықтан біз өз құқығымызды қорғау үшін барымызды салатын боламыз»,- делінген хабарламада.
Бұған дейін Түркияның екі компаниясы кәсіпорын үлесінің 60 процентін иемденетін. 2003-жылдың қараша айында Қазақстандық соттардың, соның ішінде ҚР Жоғарғы сотының шешімі бойынша Түрік компанияларының үлесі мәжбүрлі сатып алынған.
«Кар-Тел» ЖШС GSM стандартымен жұмыс істейтін ұялы байланыс операторы әрі K-Mobile және Excess сауда маркаларының қожайыны болып табылады. 2004-жылдың қыркүйек айында компанияны «ВымпелКом» ААҚ сатып алған.