Қарттықты круизде өткізу: АҚШ-та лайнер ішіндегі пәтерлер сатылып жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 502.83
  • 545.37
+5 °C
Алматы
2025 Жыл
20 Наурыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қарттықты круизде өткізу: АҚШ-та лайнер ішіндегі пәтерлер сатылып жатыр

Қарттықты круизде өткізу: АҚШ-та лайнер ішіндегі пәтерлер сатылып жатыр

Зейнетке шыққанда көптеген бумерлер (1940-1960 жылдары туғандар) баспана шығынын азайту үшін 55 жастан асқандарға арналған тұрғын үйге немесе зейнеткерлер қауымдастығына инвестиция салуды жөн көреді. Ал басқалары бұдан да батыл қадамдарға барады.

  • 3 Наурыз
  • 4
ФОТО: ЖИ

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мәселен, 63 жастағы Дебра Килгор 1,9 миллион долларға круиз лайнерінен пәтер сатып алған және жалғыз саяхаттауды жоспарлап отыр. Бұл кеме бүкіл әлемді шарлайды және келесі бағытты тұрғындар дауыс беру арқылы анықтайды, деп хабарлайды Kazinform New York Post агенттігіне сілтеме жасап.

Екі баласы және екі немересі бар Дебра біраз жыл бұрын ажырасқан. Ол жалғыз саяхаттағанды ұнатады, өйткені бұл оған барынша еркіндік береді. Оның АҚШ аумағында жалғыз өзі және 9 жасар иті Чу Чу Белламен бірге саяхаттауды ұнататын автокөлік-үйі де бар.

— Менің итім Канадаға, Гавайи аралдарының барлығына және АҚШ-тың көптеген жеріне барған, — дейді Д. Килгор.

Бірақ Чу Чу Белланың ең үлкен саяхаты алда — оны 2027 жылы теңізге шығатын Storylines компаниясының MV Narrative атты тұрақты тұруға арналған круиз лайнері күтіп тұр. Онда үй жануарларын алып жүруге рұқсат етілген, тіпті бортта ветеринар да бар.

Дебра Килгор Колорадо өзенінің бойындағы Аризона штатының Паркер қаласында тұрады. Алғаш рет оның досы әлемдегі алғашқы тұрақты баспанасы бар круиз лайнері — The World-дан пәтер сатып алған. Бұл жабық баспана-яхта 2002 жылы теңізге аттанған. Аталған кемеде өмір сүру құқығын алу үшін тұрғындардың байлығы кемінде 10 миллион доллар болуы керек және кемеде тұрып жатқан бір адамнан шақырту алуы керек.

Арада жиырма жыл өткен соң, 2022 жылдың ақпанында ол Storylines MV Narrative атты жаңа люкс баспана-лайнер туралы мақаланы көреді. Бұл кеме денсаулық пен тұрақтылыққа ерекше мән беретін жоба ретінде ұсынылып жатқан еді.

Екі аптадан соң Д. Килгор 12-қабаттағы (барлығы 18 қабат) бір жатын бөлмелі, жуынатын бөлмесі бар 1,9 миллион долларлық пәтерге 10 000 доллар депозит салып, сатып алуға шешім қабылдайды.

MV Narrative кемесінде 22-183 шаршы метр аралығында толық жабдықталған 530 пәтер бар. Студия-пәтерлер 1 миллион доллардан басталса, 2 қабатты, 4 бөлмелі пәтерлер үшін 8 миллион долларға дейін жетеді.

Бағасы тым жоғары болып көрінсе, Storylines компаниясы бір пәтерді 4 адамға дейін ортақ меншікке алуға мүмкіндік береді. Ортақ иелік бағалары 628 000 доллардан басталады, сондай-ақ қысқа мерзімге жалға берілетін студиялар шамамен 500 000 долларға бағаланған.

Ал, Дебраны бұл ұсыныстардың ешқайсысы қызықтырмайды. Ол балконынан шексіз теңізге қарап, өзімен-өзі болуды асыға күтеді.

— Жалғыз саяхаттау еркіндік береді, — дейді ол, — Ешқандай жоспарға байланбайсың. Негізгі туристік бағыттарға емес, жергілікті тұрғындар ғана білетін жерлерге барып, ерекше тәжірибе жинауға болады.

Жаңа круиз-үйінде Дебра Жерорта теңізін, Оңтүстік Тынық мұхитын, Грекия аралдарын және Галапагос аралдарын көруді асыға күтеді.

Кеменің ресми сайтында: «Орталық тәулік бойы жұмыс істейді және теңізге қараған жаттығу залы, жүзу бассейні, медитация залы, фитнес сабақтарына арналған орындар, релаксация капсулалары, джакузи, бу бөлмесі, тыныс алу және медитацияға арналған орындықтар, қалпына келтіру массаж креслолары, инфрақызыл сауналар және тағы басқа мүмкіндіктер бар» деп жазылған. Қосымша төлем жасалса, премиум деңгейдегі алкогольді ішімдіктер мен жоғары санатты мейрамхана сияқты ерекше қызметтер қолжетімді болмақ. Егер винтажды француз шампаны мен вагю стейкін қаласаңыз, бұдан да көп төлеуге дайын болыңыз. Компанияның мәліметінше, 20 түрлі мейрамхана мен шарап бары, кофехана, шаштараз және спа-салонды қоса алғанда, барлық мәзірдің 80%-ы жылдық төлемге кіреді.