Қаржы институттары «бізде қарыз проблемасы жоқ» дейді. Олар бұл пікірді ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) несие қарызы үлесімен дәйектегісі келеді. Шын мәнінде бізде қарыз мәселесі бар. Бар болғанда қандай, кейбір сегментте ол шектен шығып кеткен, дейді қаржы маманы Ғалым Құсайынов Егемен газетіне берген сұқбатында, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Тұтынушылық несиенің көбі отандық өндірісті емес, импортты ынталандырады. Бөліп төлеу сегменті мен маркетплейс алаңдары жеткілікті реттелмеген. Қарыз ауыртпалығын несие пайызын төмендету арқылы жеңе алмаймыз. Инфляцияға қарсы шешімдерде осы мәселелерді нарықтық жүйемен реттеу жағы кемшін.
Бізде тек көлікті ғана емес, дәретхана қағазын да бөліп төлеумен сатып алуға болады. Қарызға тамақтану, қарызға азық-түлік алу, тіпті қарызға шетелге саяхатқа шығу қатты белең алды. Бұл зерттелмеген тақырып болғандықтан, халық оны пайызсыз берілген дүние деп қабылдайды. Банктің пайыздық маржасы тауар бағасына бекітілгеніне ешкім назар аудармайды. Егер бұл Үкімет пен Ұлттық банк тарапынан зерделенбесе, банктер мен халыққа қызмет көрсету сегментінің монополиясы ешкімге ырық бермей кетуі бек мүмкін.
Мысалы, жыл сайынғы бөліп төлеу жоспары бойынша 15% көлеміндегі тауар құнына кэшбэк банкке 30% немесе одан да көп тиімді пайыздық мөлшерлемені сыйлайды. Ал егер клиент бөліп төлеуді кестеден кешіктірсе, онда стандартты пайыздық мөлшерлеме қосылады, бөліп төлеу несиеге ауыстырылады және тиімді мөлшерлеме 50%-дан асып кетеді.
Қарызын өтеу мүмкіндігі шектеліп қалған адамдарға мемлекет көмек көрсетті. Бірақ ол несие сегментіндегі жағдайды түбегейлі сауықтыра алмады. Тіпті кейінгі кезде жиі айтыла бастаған қарыз беруді шектеу туралы ұсыныстың өзі микроқаржы ұйымдары мен ломбардтардың көбейіп кетуіне жол ашқанын көріп жүрміз. Біздің елдегі нарықтың табиғаты ешбір елге ұқсамайды. Несие пайызы тым көп, ел ішінен шыққан инвесторлар экономиканы қаржыландыруға құлықсыз.
Қаржы сегментінің өкілі ретінде халықтың банк алдындағы қарызын ІЖӨ үлесімен салыстырып қарау дұрыс емес деген пікірді қолдаймын. ІЖӨ – халық табысының жаһандық деңгеймен салыстырғандағы көрсеткіші. Ол шикізат көздерінен алынған табысқа негізделген және ең алдымен ортақ табысқа басымдық беріледі. Дамыған елдермен салыстырғанда біздің ІЖӨ құрылымындағы жалақының үлесі өте аз, ал несиелерді өтеу мүмкіндігі жалақы деңгейімен анықталмай ма?
Дамыған елдердегі несиенің үлесінде ұзақ мерзімге берілетін ипотека мен автонесие басым. Ал бізде тұтыну несиелерінің үлесі басым. Оның өтеу мерзімі дамыған елдермен салыстырғанда қысқа. Ипотека мерзімі – 20 жыл, тұтынушылық несие – 3 жыл. Ай сайынғы төлемге түсетін жүктеме бізде 7 есеге дейін көп. Халық табысы несие шартында көрсетілген міндеттемелерді өтеуге жетпейді. Несие қаражатының өте үлкен бөлігі импорттық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалады, осылайша валюта бағамына қысым жасалады. Бұл инфляцияға әсер етеді, өйткені теңгенің құнсыздануы импорттың құнын арттырады, демек инфляцияға әкеледі.
Түптеп келгенде, қарыз ауыртпалығының негізгі себебі – несие пайызының жоғары екенінде ғана емес, халық кірісінің төмендігінде, инфляцияда және бәсекелестіктің жоқтығында. Кейінгі жылдары инфляция халықтың табысын құнсыздандырып жіберді. Табыс өскенімен, табыс теңсіздігі қоса өсті. Инфляция деңгейіне жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар, БЖЗҚ қаржысының ипотека нарығына жіберілуі, жеңілдетілген автонесие, қарыздың кешірілуі сияқты мемлекеттік бастамалар да әсер етті. Проблемалық қарыздың мемлекет есебінен өтелуін де нарық заңы деп айта алмаймыз. Кез келген өтелмеген несие несиесін мезгілінде төлеп жүрген қарыз алушының есебінен өтеледі. Мұның бәрі сайып келгенде несие пайызына, қарызға қызмет көрсету құнына әсер етеді.
Үкімет пен ҰБ қарыз ауыртпалығын популистік шешімдермен жоя алмайды. Бұл – бірнеше жылдарға созылатын өте күрделі трансформация. Мемлекеттік деңгейде қарастырылып жатқан реформалар алдағы 2-3 жылда нәтиже берсе, соның өзі үлкен олжа.