Бүгінде мектеп иелерінің ұстаздар алдындағы жалақы бойынша берешегі 3 млрд теңгеге жуықтаған. Ал бұл ақшаны қайдан іздеп-табарын білмей, Астанаға араша іздеп келген өңірлік кәсіпкерлерге жаңа Оқу-ағарту министрі қандай уәде берді? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Жаңа министр Жұлдыз Сүлейменова жұмысқа кіріскені сол еді, саланың қордаланған мәселелері басына үйіп төгілді. Солардың бірі қаржысыз отырған жеке мектептер жайы.
Мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған мектеп иелері министрліктің есігін жағалап жүр. Өйткені олар ата-анадан бір тиын алмай, тек мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін мекемелер. Басында орын тапшылығын шешу керек, мектеп ашыңдар, қаржылай қолдаймыз деп сендірген министрлік, осы айда ақша жоқ деп тентіретіп қойған. Педагогтердің айтуынша, мемлекет бір оқушыға 55 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін аударуға тиіс. Алайда, жаздан бастап қаржыландыру кешіктіріле бастаған. Нәтижесінде жалақы мен коммуналдық қызметтер бойынша қарыздар жиналып қалған, ал мектептердің өздері жабылудың алдында тұр.
«Қаражат бар деп облыстағылар осында жіберіп отыр. Яғни, осы жерден рұқсаттама алсақ, қаржымызды өтеп береміз дейді. Мында келсек, басқа облыстардың барлығы төлесін дейді. Сонда біз не істеуіміз керек? Басқа облыстарды аралап, ақшаларын төлеткізіп жүруіміз керек пе?», — дейді Төлеген Ғұрманова, жеке меншік иесі.
Министрлік өкілдері өңірлерде тек бір айға жететін ақша барын айтып отыр. Әкімдіктер жекеменшік мектептерді оқу жылының соңына дейін қаржымен қамтамасыз ете алатынына көзі жеткенде, қаржы бөлуге рұқсат берілмек.
«Қаржы орталығы бір оқу жылына бекітеді. Қазір олар бірінші, екінші айын тауып отырса, онда олар басқа да айларын қарастыру керек. Себебі қаржы орталығы толық оқу жылына қарастырылған кезде ғана ашылады. Себебі заңнамада солай жазылған, олардың міндеттері сол», — дейді Майра Тұрғанбаева, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі.
Ал әкімдіктер керек қаржыны таба алмаса, министрлік оны басқа жақтан іздемекші. Жаңа министр мәселені үкімет деңгейінде талқыға шығаруға мүдделі екен.
Осы жекеменшік мектептердің көбеюіне бірден-бір ықпал еткен ведомствоның бұрынғы басшы Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, мәселенің осылай ушығуына қаржыландырудың жергілікті биліктің қолына берілуі себеп.
«Мен бұл жүйе орталықтандырылған болғанда қаржыландыру тікелей қаржы орталығынан республикалық бюджеттен жүргенде дұрыс жұмыс істегенін көрдім. Әу баста жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізілгенде, бұл жергілікті биліктің қолында болды, кейін жүйе жөнді жұмыс істемейтінін көріп, оны орталықтандыруға шешім шығардық. Бірден жекеменшік мектептер көбейді», — дейді Асхат Аймағамбетов.
Сондықтан депутат қаржыландыру механизмін қайта қарау қажет деп санайды. Ал мектеп иелерінің министрліктің уәдесіне сенбеуінен басқа амалдары жоқ сияқты.
Ал Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова жаңа министрмен және Үкіметпен бірлесіп шешім таба алғанын сүйіншілеп Facebook парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, мәселе екі күн бойы талқыланып, соңында шешілді.
«Қымбатты достар, жақсы хабар! Мәселе шешілді!»- деп жазды Смирнова әлеуметтік желілердегі парақшасында.