Заңгердің айтуынша, банкроттыққа ұшырауға байланысты саудаға шығарылған «Ақтөбе жылу электр орталығы» ЖАҚ әлі күнге сатылмай отыр. Оған себеп, «Ақтөбе облысы әкімінің жанынан құрылған комиссия аукционға қатыстыруды қаламайтындардан сатып алынған жылу орталығының мүлкін пайдалану жөніндегі өндірістік бағдарламаға келісімін беруден бас тартуда. Ал онсыз сауда-саттыққа қатысуға жол жоқ».
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, жылу электр орталығының активтерін сату жөніндегі аукцион 22-тамызда және 5-қыркүйекте өткізілуге тиіс болатын. Алайда аукционға қатысуға ешкім құлық білдірмеді деген сылтаумен ол өтпей қалды.
Ал М.Нұралиевтің айтуынша, «шын мәнінде потенциалдық сатып алушылар болды. Олардың арасында тіпті АПК да бар». «Айталық, «Джет-7″ компаниясы барлық процедураларды орындап, 500 млн. теңгеден астам кепілдік жарнаны төлегеніне қарамастан, екі аукционға да қатыса алмады. Ал үшінші аукционға қатысу мүмкіндігі де бұлыңғыр»,- деді ол.
Кәсіпорын активтерін сатуға бағытталған үшінші аукцион 16-қыркүйекке белгіленген. М.Нұралиевтің айтуынша, «барлық аукциондар асығыс-үсігіс өткізілуде. Тіпті екі аукцион аралығында заңға сәйкес білгіленген 10 күндік мерзім де сақталмай отыр»,- деді заңгер. Сонымен бірге, оның айтуынша, аукцион туралы хабарламалар тек жергілікті басылымдарда ғана жариялануда, сауда-саттыққа қатысушы потенциалдық инвесторлар аукционның жаңаша шарттары туралы ақпараттарды дер кезінде ала алмайды.
Бірінші аукционда орталық активтерінің бастапқы құны 3,3 млрд. теңгеге бағаланса, екінші аукционда нысанның бағасы 1,8 млрд. теңгеге дейін төмендеді. Қазір «Ақтөбе жылу электр орталығы» ЖАҚ-ның активтерінің құны 150 млн. теңгеге дейін арзандатылып отыр. «Осынау стратегиялық нысанның активтері нақты құнның оннан бір бөлігіне де жетпейтін мардымсыз бағаға сатылып кету ықтималдығы жоғары»,- дейді М.Нұралиев.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті