Кәсіподақтар жалақыны қысқартқалы жатқан Лакшми Митталды дереу Теміртауға шақырды
Кеншілердің жалақысы «Арселор Миттал» мен Үкімет арасында тағы үлкен дауға айналғалы тұр. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі еліміздегі ең ірі меткомбинат басшысының еңбекақыны 25 пайызға қысқарту туралы шешіміне үзілді-кесілді қарсы. Компания кәсіподақтың келісімінсіз металлургтердің ақшасын азайтпақ дейді шенеуніктер. Егер мекеме басшысы райынан қайтпаса, Үкімет те кәсіпорынға қарсы |
«Арселор Миттал Теміртауда» жалақы қысқарады дегенді естігелі кеншілерден береке қашқан. Жұрт жұмыс істеудің орнына еңбекақыларына алаңдап жүр. Өйткені, меткомбинат басшылары «мекеменің табысы төмендеді» деген желеумен жалақыны тағы 25 пайызға қысқартпақ. Ресейдің рублі құлдырағалы кәсіпорын өніміне сұраныс күрт азайып кетіпті.
Виджай Махадеван, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Бас директоры:
-Компанияға кіріс кірмесе, жалақы қысқара береді. Біз кеншілердің еңбекақысын 25 пайызға қысқартуға мәжбүрміз. Немесе 10 мың адамды жұмыстан босату керек.
«Арселор Миттал Теміртаудың» бас директоры Виджай Махадеван жалақы 1-ші тамыздан қысқарады деп отыр. Бұған дейін өз бетінше кеншілердің айлығын азайтамын деп әкімшілік жазаға тартылған үнділік басшы бұл жолы Үкімет пен кәсіподаққа ескерттім дейді. Алайда, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіндегілер Махадеванның жаңа жоспарын ғаламтордан оқып біліпті.
Төлеген Оспанқұлов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
-АҚ басшылары өзінің шешімімен ғана, жұмысшылармен немесе жұмысшылардың өкілдерімен келіспей мұндай шара қолдана алмайды. Егер мұндай шара қолданса, тексеру кезінде еңбек заңының бұзылғаны анықталса, міндетті түрде құзырлы органдармен тексеру жүргізіліп, шара қолданылады.
Махадеваның бұл шешімі Қарағандыдағы кәсіподақтан да қолдау таппады. Меткомбинат басшылары үнемі «жағдайымыз нашар» деп жылағанымен, нақты құжаттарын көрсетпейді,- дейді кәсіподақтағылар. Сондықтан, негізгі бұйрық беріп отырған адам, яғни «Арселор Миталл Теміртаудың» қожайыны Лакшми Миталлдың өзі келсін деген талап қойды.
Марат Мирғаязов, «Қорғау» кәсіподағының төрағасы:
-25 пайызға біз мүлдем келіспейміз. Кәсіподақ қолдамаса, Махадеван ешқандай шешім қабылдай алмайды. Бос сандырақтап жүр. Дағдарыстан шығудың, қаржыны үнемдеудің басқа да жолдары бар. Мысалы, электр энергиясын үнемдесін. Тек жұмысшылардың жалақысына тиіспеу керек.
Миллиардер Митталдың өзі қазір Англияда тұрып жатыр. Болат магнаты сауық-сайран құрып, көңіл көтергенді жаны сүйеді. Қарындасын ұзатуын тойлап, үш күнде 80 миллион долларды шаша салған Миталлдың қарамағындағы кеншілерге келгенде қолы сараң.
Еліміздегі ең ірі металлургиялық комбинат «Арселор Миталл Теміртау» ақпанда да кеншілермен металлургтердің екбекақысын 25, ал шетелдік қызметкерлердің жалақысын 50 пайызға қысқартпақ болған. Жұмысшыларын дүрліктіріп жүріп Үкіметке 2010 жылы салық ретінде төлеген 12 миллиард теңге қарызын қайтарып алып, райынан қайтқан енді. Ал, бұл жолы кеншілердің тағдыры немен аяқталатыны белгісіз.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін