Еліміздің Салық кодексіне жер қойнауын пайдалануға қатысты енгізілген өзгерістерге шетелдік инвесторлар өкілдерінің сын тағуына байланысты түсініктеме берген В.Школьник «мұнайгаз кеніштерін игеруде республика коммерциялық тәуекелді шетелдік инвесторлармен тең бөлісуі тиіс » деген пікірмен келісетінін жариялады. «Дейтұрғанмен, шетелдік инвесторларға шельфті игеруге мүмкіндік беру арқылы тәуекелдің үлкен бөлігін Қазақстан өз мойнына алды дегенді инвесторлар пайымдауы тиіс. Каспий қайраңындағы кез-келген апат пен оның салдарына қатысты жауапкершілікті инвесторлар емес, республика арқалайтыны түсінікті»,- деді В.Школьник.
Министр шетелдік инвесторларға «осындай тәуекелді ақшамен өлшеп көруге», сондай-ақ, «Қазақстандағы жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу туралы сөз қозғағанда қиындықтарды тізбелеп, қара аспанды төндірмеуге» кеңес берді.
Ал ҚР қаржы министрі Ерболат Досаев инвесторлар үлесіне тиетін коммерциялық тәуекелділіктің азайып келе жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, «Еліміз экономикасының ішкі тиімділік деңгейі әжептәуір көтерілді, соған сәйкес, инвесторларға тиесілі тәуекел деңгейі де төмендеуі тиіс. Ал бұл өз кезегінде жер қойнауын пайдаланушыларға салынатын салық мөлшеріне әсер етеді». Е.Досаев сондай-ақ, инвесторлар өндірген мұнайдан түсетін кіріс мөлшеріне қарай Қазақстан «мұнайлы алпауыт мемлекеттердің тізімінде бұрынғыдай соңғы орындарда көзге түседі» деп мәлімдеді.