Сценарий бойынша мұнай кен орындарына көз тіккен лаңкестер зеңбіректен оқ жаудырып, қарсы шабуыл жасауда. Олар тек кемемен ғана емес, әуеден де лап қойған. Ал, қазақстандық және ресейлік жасақтардың басты мақсаты – шабуылға төтеп беріп, қаскөйлердің көзін жою.
Айбек Жұманов, «Қазақстан» кемесі командирінің міндетін атқарушы:
– Таңертеңгі сағат сегізден бастап бізде оқу-жаттығу дабылдары берілді. Ол суасты, суүсті және әуе қорғаныстарына кемені күшейтіп, солармен бірге күрес жүргіздік. Күрестің бәрі ауызша өтілді. Берілген нысаналардың бәрі жойылды.
Екі елдің мамандары әлемге үрей тудырған қауіпті әрекеттердің алдын алу жолдарын қарастырды. Жаттығу кезінде 4 әскери кеме мен Ресейден әкелінген 2 зымыран тасығыш іске қосылды. Экипаждарға қойылған талап қатаң. Олар кемені тиісті бағытқа бұрып қана қоймай, сол жерден атылған оқтың нысанаға дәл тиюін қадағалайды.
Жандарбек Жанұзақов, ҚР Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы:
– Біздің жеке құрам бірлесіп өткізілген шарадан көп тәжірибе жинады. Еліміздің және Ресейдің әскерилері дер кезінде нақты шешім қабылдап, төнген қатерді жоя алатындарын дәлелдеді.
Сарбаздар күн-түн демей, үйренуді жалғастырды.Ал сарапшылар әлі де кем-кетік тұстар бар екенін жасырмады. Екі елдің әскерилері соны түзету үшін барынша әрекет етпек. Жалпы, жаттығуға «жақсы» деген баға қойылды. Келесі жылы осындай ауқымды іс-шара Ресей жерінде өткізілмек.