Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі азаматтық белсенділік артты – саясаттанушы  - kaz.caravan.kz
  • $ 510.81
  • 578.59
+19 °C
Алматы
2025 Жыл
1 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі азаматтық белсенділік артты – саясаттанушы 

Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі азаматтық белсенділік артты – саясаттанушы 

Азаматтық қоғам бүгінде біртіндеп, бірақ өте дұрыс бағытта қалыптасып жатыр. 

  • 17 Наурыз
  • 4524
Фото: ЖИ

Еліміздегі азаматтық қоғамның даму үрдісін бірнеше нақты кезеңдерге бөліп қарастыруға болады. Caravan.kz медиа порталы толық тарқатады.

1990-жылдары азаматтық қоғам қалыптасу кезеңінен өтті. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанда демократияландыру процесі біртіндеп басталды. 1995 жылы құқықтық мемлекеттің қағидаларын бекіткен Конституция қабылданды. Алғашқы үкіметтік емес ұйымдар, кәсіподақтар және тәуелсіз БАҚ пайда болып, қоғамдық бірлестіктер қызметінің заңнамалық негізі қалыптаса бастады. Алайда бұл кезеңде азаматтық қоғам баяу қарқында дамыды. Себебі халықтың тәжірибесі төмен, ал мемлекеттің ықпалы мықты болды. 

2000-жылдары азаматтық қоғамның институты қалыптаса бастады. ҮЕҰ қызметін реттейтін заңдар енгізіліп, азаматтық бастамаларды қолдау үшін мемлекеттік бағдарламалар жасалды. Адам құқықтарын қорғау, экология, гендерлік теңдік салаларында құқық қорғау ұйымдары дами бастады. 

2010-жылдары азаматтық қоғам белсендірек бола түсті. Волонтерлік қозғалыстар мен әлеуметтік жобалар дамып, мемлекеттік органдар жанынан қоғамдық кеңестер құрыла бастады. Әртүрлі әлеуметтік және саяси мәселелер бойынша акциялар мен наразылықтар өткізіліп, азаматтардың өзін-өзі ұйымдастыруына арналған цифрлық платформалар пайда болды.

2019 жылы билік ауысты. Қасым-Жомарт Тоқаев ел басқаруға кіріскен кезеңінен бастап елімізде саяси реформалар жүргізіліп, азаматтық қоғам қарқынды дами бастады. 

2022 жылғы қаңтар оқиғасы орын алды. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы оқиғадан кейін көптеген саяси өзгерістер орын ала бастады. Бұл кезең азаматтық белсенділіктің артқанын және қоғам мен мемлекет арасындағы проблемаларды ашық көрсетті. Президент мемлекеттік саясатты қайта қарастыру және азаматтық қоғамды реформалау қажеттігін сол кезде басып айтқан. 

Мемлекет басшысының негізгі бастамаларының бірі – саяси реформалар және азаматтық бостандықтарды кеңейту. 2023 жылғы парламент сайлауында алғаш рет бірмандаттық округтер арқылы тәуелсіз кандидаттар сайлауға түсу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, партияларды тіркеу талаптары жеңілдетілді. Бұрын саяси партия құру үшін 20 мың адамнан тұратын мүшелік талап етілсе, бұл сан 5 мыңға дейін азайтылды. Оның ішінде «Күшті президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет» деген қағида өте маңызды. 

«Президенттің билікке келгеніне 6 жыл болса, саяси реформалардың жүзеге асып жатқанына үш жыл болды. Дәл осы сәттен бастап қоғамда нақты өзгерістер айқын көрініс тапты. Соның ішінде президенттік билікті бір реттік және жеті жылдық етіп бекітті. Сайлаудағы өзгерістер ол өте маңызды шешім. Мен қызмет жасап отырған парламентке бір мандатты округтан сайлануы. Аудан және ауыл әкімдерінің сайлау арқылы тағайындалуы. Бұның барлығы азаматтық қоғамның көрсеткіші», — дейді мәжіліс депутаты бізге берген сұқбатында Жарқынбек Амантайұлы.

Сайлау жүйесін реформалау арқылы халық жергілікті басқаруға тікелей қатысу мүмкіндігі туды. 2020 жылы бейбіт митингілер туралы заңға өзгерістер енгізілді. Оның арқасында митинг өткізу үшін рұқсат алудың қажеттілігі жойылды. Ол үшін тек ескертсе жеткілікті. Сондай-ақ халықтың билікпен байланысын жеңілдету тетіктері оң нәтиже беріп келеді. Бұл жерде халық үшін қолайлы әдістердің барын еске салған жөн. Мысалы еOtinish сайты іске қосылды. Енді әр азамат үйінен шықпай өзіне қажет мемлекеттік органға өтініш жібере алады. Сәйкесінше, жауап алу да жеңілдеді. Бұдан бөлек оның өтінішін кім және қалай өңдеп жатқанын да бақылай алады. Петиция сайты да азаматтық қоғамның көрсеткіші. Бұл механизм ел тұрғындарының басын біріктіріп, толғандырған мәселені күн тәртібіне шығара алатын мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ 2022 жылы Конституциялық сот құру және өлім жазасын түпкілікті жою ұсынылды. Референдум қорытындысы бойынша бұл өзгерістер халықтың көпшілігі тарапынан қолдау тапты.

«Халықтың сұранысы бойынша сот жүйесіне де реформа жасалып жатыр. Кезең-кезеңмен әкімшілік сотта да өзгерістер орын алып отыр. Бұл да депутаттардың қолдауымен жүзеге асқан дүние», — дейді Жарқынбек Амантайұлы.

Сарапшылардың пікірінше, азаматтық қоғам бүгінде баяу, бірақ өте дұрыс бағытта қалыптасып жатыр. Мысалы былтыр өткізілген референдум биліктің халықпен санасуының көрінісі. Қазақстан өз тәжірибесінде екі рет референдум өткізді.

«Президент елдегі ірі саяси өзгерістерді заңмен іске асырып жатыр. Жүзеге асып жатқан заңдардың нәтижесі әрине бірден білінбейді. Уақыт өте келе халық оны сезетін болады. Осындай өзгерістер қазіргі азаматтық қоғамның қалыптасуының көрсеткіші. Билік жүйесінде жастардың саны артып келеді, және олар таныс-тамырсыз өз білімінің және тәжірибесінің арқасында келуі жақсы көрсеткіш. Бұл бұрын соңды болмаған қадам », — деп түйіндеді мәжілісмен Жарқынбек Амантай.