7 қаңтарда Тибеттің Шигацзе аймағындағы Лхадзе уезінде жойқын жер сілкінісі болып, үйлер үйінді астында қалды. Жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 126-ға жеткен, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Жерасты дүмпулері Непал, Бутан және Үндістанда да сезілді. Соңғы мәліметтер бойынша жараланғандар саны 188 адам. Қиарған үйлер саны — 3609. Оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Магнитудасы 6,8 балл жер сілкінісі Қытайдың оңтүстік-батысындағы Тибет автономиялық ауданына қарасты Дингри округінде ерте таңертең болған.
Қытай Халық Республикасының президенті Си Цзиньпин Тибетте болған қуатты жер сілкінісінен кейін ауқымды құтқару жұмыстары бастау туралы бірнеше тапсырма берді.
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Жеделхатта Сицзан автономиялық ауданының Шигацзе қаласында болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны және зардап шеккені туралы қаралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және өзінің атынан ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге, жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ достас қытай халқына көңіл айтып, апатта жараланғандардың тез сауығып, отбасыларына аман-есен оралуына тілектестік білдірді.