Мемлекет басшысы Анкара қаласының маңындағы TUSAŞ аэроғарыш корпорациясының ғимаратына жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан бірнеше адамның қаза табуына байланысты Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қазақстан бейбіт тұрғындарға қарсы қастандық әрекетті қатаң айыптайды. Осындай ауыр сәтте Сізге және барша түрік халқына, сондай-ақ қайтыс болған азаматтардың жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың жаны жаннатта болсын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», – деп жазылған жеделхатта.
Айта кетейік, 24.kz сайтының мәліметінше, Анкарадағы TUSAŞ аэроғарыш өнеркәсібіне жасалған лаңкестік шабуыл кезінде қаза тапқандар саны 5 адамға жетті. Тағы 22 адам жараланған. Бұл туралы Түркияның Ішкі істер министрі Әли Ерликая мәлімдеді. Сондай-ақ ол алдын ала мәлімет бойынша шабуылдың артында Түркияда лаңкестік ұйым саналатын «Күрдістан Жұмысшы партиясының» тұрғанын айтты. Екі содырдың көзі жойылған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Түркия уақытымен кеше сағат кешкі 5-те Анкарадағы Аэроғарыш компаниясы ғимаратының аумағында жарылыс болды. Оқиға орнында іле-шала атыс дыбысы да естілген. Көп ұзамай лаңкестік шабуыл екені анықталды. Жергілікті «Хабер-Түрк» телеарнасы күдіктілердің ғимаратқа кіргені көрінетін бейнежазба жариялады. Онда қарулы екі адамның бірі ер, екіншісі әйел екенін байқауға болады.
Түрік аэроғарыш өнеркәсібі – сыртқы тәуелділікті азайту мақсатында құрылған стратегиялық мекеме. Қорғаныс саласына қажетті әскери қару мен көлік, ұшақ шығарады.