Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Желіде тараған видеода ақын арнау оқыған.
”Дәулеткерей балам,
Шындық кейде қалың «арпа ішіндегі бір бидай»,
Неге әділдік күресінде жұрттың көбі «Тымпибай?»
Ұлтсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай,
Ондайлардың бүгінгі аты – Ырбикүл мен Жырбибай!
Ал сен қазақтың дара перзенті бол. Шындық бигінде жолығайық”, — деді ақын.
Видеодан ақынның жөтеліп, ауырып отырғанын байқауға болады. 2 айдан кейін 83-ке толатын Мұхтар Шахановты желі қолданушылары танымай қалған көрінеді. Көпшілік қатты жүдеп кеткен ақын үшін алаңдаушылық танытып жатыр.
”Қатты азып кетіпті ғой, танымай қалдым. Жазылып кетіңіз”, “Қазақтың біртуар азаматын осылай видеоға түсіруге бола ма? Адамгершілікке жатпайды ғой. Тақия, шапан кигізбейсіңдер ме”, “Қандай алып тұлға едіңіз, сіз де қартайыпсыз”, “Сіз де қартайыпсыз, танымай қалдық”, “Күтімі жоқ па, неге сонша әбіржіп кеткен”, — деп жазды олар.
Айта кету керек, Мұхтар Шаханов ақын, драматург ғана емес, қазақ тілі үшін күрескен ұлт қайраткері. 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақ КСР «Тілдер туралы» заңын қабылдануына қатысқан. Орыс және қазақ тілдеріне бірдей мемлекеттік дәреже берген заң қабылданғанда Мұхтар Шаханов депутаттарды қазақ тілін жеке мемлекеттік тіл деп жариялауға үндеген. М.Шахановтың ұсынысы төрағаның қолдауымен дауысқа қайта салынып қазақ тілі жеке дара мемлекеттік мәртебе иеленген еді.
Одан бөлек, 1989 жылы Кремльде өткен КСРО халық депутаттарының І-ші съезінде сөз сөйлеп, 1986 жылғы “Желтоқсан оқиғасында” қазақ жастарына ұлтшыл деген айып тағылғанын айтып, мәселенің басын ашып берген. Қайраткер Желтоқсан оқиғасын зерттеу және оған түбегейлі баға беру жөнінде жаңа комиссия құруды талап етіп, батыл мінез көрсеткен еді.