АҚШ позициясынан кейін әлемде сауда шиеленісі ушыға түскенін көзі ашық адам жақсы біледі. 2 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп әлемге жаңа тариф саясатын енгіземіз деп жар салды. Сөйтіп, барлық елден келетін импортқа жоғары тариф енгізіп тастады.
Бір елдер АҚШ-пен жаңаша келіссөз жүргізіп көруге ұмтылса, енді бірі олардың өзіне қарсы шықты. Осылайша, елдер арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіп, әлемдік нарықтар теңселіп кетті. Акциялар құлап, қор нарықтары қиын жағдайға тап болды.
Нарықтағы жағдай алтынның «абыройын» асқақтатып жіберді. Негізі, алтын бағасы жыл басынан-ақ шарықтаған-ды. Қаңтар басында 2 мың 658 доллар боп белгіленген алтын унциясы бүгін — сәуірде 3 мың 300 доллардан асып түсті. Бұл расында да — тарихи рекорд.
Не әсер етті?
Әрине, бірнеше факторды атауға болады. Сол — АҚШ пен Қытай арасындағы сауда дауы, доллар индексінің төмендеуі. Сосын әлемдегі орталық банктер алтын қорын көбейтіп, өзіне сатып ала бастады. Нарық шатқаяқтап тұрғасын инвесторлар қауіпсіз активтерге көшіп, соның ішінде алтынға жаппай бет бұра бастағаны да осы жағдайға себеп болып отыр.
Алтынға инвестиция салу керек пе?
Қазіргі геосаяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында алтын қауіпсіз актив ретінде танылып отырғаны рас. Оның үстіне, кейбір сарапшылар алтын бағасы жыл соңына дейін $3,600-ға дейін өседі деп болжайды.
Бірақ, алтынға инвестиция салмас бұрын әр инвестор өзінің қаржылық әлеуетін бағалап, алда неше түрлі тәуекелдер барын ескеріп, кез келген жағдайға дайын болуы керек.
Алтынға инвестиция салудың артықшылығы мен кемшілігі
Заттай алтынның түрі көп. Ол құйма түріндегі алтын болуы мүмкін, ол зергерлік бұйым немесе тиын түріндегі алтын болуы мүмкін.
Артықшылығы: Қауіпсіз әрі тәуелсіз активке жатады. Әлемде ешбір үкіметке, валютаға немесе қаржы институтына байланбаған. Алтынға сұраныс тұрақты. Әлемде түрлі дағдарыс болуы мүмкін, тіпті геосаяси тұрақсыздық кезінде де алтын — қолыңда заттай қалатын сенімді құрал. Өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, валюталар әлсіреп, қор нарығы құлдырап жатса да, алтын құнын сақтап тұр.
Кемшілігі: Тек бағаның өсуіне ғана үміт артуға тура келеді. Акция, облигация сияқты дивиденд немесе проценттік табыс әкелмейді. Алтын бағасы лезде көтеріліп, лезде түсуі мүмкін. Алтынды сақтау қиын. Оны қауіпсіз жерде ұстау үшін күзет керек, сейф керек. Тіпті, біреулер сақтандырып қоюға да барады. Бәрі қосымша шығын.
Сонымен, алтынның 1 унциясы — 3 мың 300 доллар.
1 унцияның өлшемі — 31,1 грамм. Ал, Ұлттық банктің ресми сайтында 1 грамм алтынның бүгінгі бағасы — 53 635 теңге.
Осыдан тура 1 жыл бұрын (2024 жылы 16 сәуірде) 1 грамм алтын бағасы 33 849 теңге болған. Сонда соңғы бір жылда алтын құны 20 мың теңгедей қымбаттаған.
Енді алтынды алтын етіп тұрған не деген сұраққа жауап берейік. Оны не “құлатуы” мүмкін?
Қаржылық сауат сарапшысы бірнеше факторларды атап өтті.
Бірінші “жауы” — АҚШ ақшасы — доллар. Оған енді дау жоқ. Өйткені оның бағасы әлемде доллармен өлшенеді. Егер доллар күшейсе, басқа валютамен сатып алатындар үшін алтын қымбатқа түседі деген сөз. Яғни, ол кезде әлемде сұраныс төмендейді. Ал, сұраныс жоқ жерде баға түседі. Демек, алтын позициясын береді.
Екінші “жауы” — проценттік ставка (бізде ол базалық ставка). Ол жоғары болған сайын, қарыз (кредит) алу қымбаттайды. Әлемнің орталық банктері проценттік ставканы жаппай көтеретін болса, экономикада ақша айналымы азаяды. Бұл да халықтың/елдің сатып алу ниетін тарылтады. Мысалы, саналы адам жоғары пайызбен кредит алып, ол ақшаны алтынға салмауы мүмкін ғой. Бұл да алтынды “тізе бүктіретін” көп фактордың бірі.
Үшінші “жауы” — төмен инфляция. Әдетте, жұрт алтынды инфляциядан қорғану құралы ретінде алады. Егер инфляция төмен болатын болса, демек, одан қорғануға себеп жоқ деген сөз. Ол кезде инвесторлар алтынға онша қызыға қоймайды.
Төртінші “жауы” — тұрақты экономика. Әлем елдерінде экономика қарыштап дамыса, қор нарығы өссе — инвесторлар алтыннан алыстап, табысы әлдеқайда жоғары басқа активтерге көше бастайды. Бұл кезде де алтын сұраныстан қалады.
Бесінші “жауы” — геосаяси тұрақтылық. Алтынды жұрт “қауіпсіз үй” ұғымында бағалайды. Оны заттай ұстайтын қауым әлемде кризис орнай қалса, тығырықтан алып шығатын осы алтын болады деген есеппен алады. Ал, ондай қауіп-қатер (соғыс, санкция, пандемия, т.б.) азайғанда/сейілгенде/болмағанда — алтыннан “қауіпсіз үй” қадірі қаша бастайды. Сұраныс жоқ жерде баға түсетінін айттық.
Турасын айтқанда, алтын — тұрақсыз кезеңдерде бағаланатын актив болып тұр.