Бұл туралы ол Qalam You Tube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Ғалым Иранда хиджаб киюге міндеттейтін заң шыққан уақытта жергілікті қазақтардың ұлттық киімді қалай сақтап қалғанын айтты.
”1979 жылы Ислам революциясы болды болды. 80-ші жылдары барлық әйел заты хиджабпен шығу керек деген бұйрық шықты. Сонда аз ғана қазақ халқы “біз ешқандай хиджаб-миджаб кимейміз. Тіпті мектепке де кимейміз. Себебі, ата-бабамыз бері әурет жерімізді жабатын бас киім, орамалымыз бар. Гүлді орамал, ақ жаулық, нақышты жаулық, кимешек секілді жасқа қарай тағылатын орамалдар бар. Біз соларды қолданамыз. Қазақтың ұзын көйлегін киіп жүрміз. Қазақ ешқашан қара жабылмайды” деді. Күні бүгінге дейін соны сақтай алды. Иран қазақтары паранджа кимейді. Бәрі қазақтың нақышты киімдерін киеді. Қара киім қайдан шықты деп таң қаламын. Біз араб мәдениеті мен ислам мәдениетін шатастырып жүрміз”, — дейді ол.
Ислам Жеменей Иран қазақтары тілді қалай сақтап қалғанын да түсіндірді.
”Ирандағы қазақтар ассимиляцияға ұшырамады. Себебі, күні бүгінге дейін қазақ қабығынан шыққан жоқ. Күні бүгінге дейін өзін сақтай алды. 80-ші жылдарда оқымысты жігіттер бірге жүрдік. Атап айтсам, Ізжан, Хамит, Қажи және мен төртеуміз дос едік. Бүкіл қазақ елі білетін. Төрт ағайынды дейтін. Біз бірге жүргенде кім парсы сөзін қосып сөйлесе, ұтылып, бізді киноға апаратын не балмұздық әперетін. Сол үшін таза қазақша сөйлеуге тырысатынбыз. “Отан қоғам” деген қазақша газетті оқитынбыз, сөздік жаза бастадым. 20 жігіт болып Иран қазақтарының мәдени орталығын аштық, мен төраға болдым. Парсы, төте жазу, кириллицамен оқулық, сөздік жаздық. Бірінші қозғалыс осылай болды. Екіншісі белсенді түрде қазақ тілін үйренуге, қазақ кітаптарын оқуға, қазақ ғалымдарын, әншілерін тануға әрекет жасадық”, — дейді ол.