Қазақ эстрадасы алты ішекті аспапты серік еткен жаңа әсерлі музыкамен толықты  - kaz.caravan.kz
  • $ 489.06
  • 536.21
+25 °C
Алматы
2024 Жыл
10 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақ эстрадасы алты ішекті аспапты серік еткен жаңа әсерлі музыкамен толықты 

Қазақ эстрадасы алты ішекті аспапты серік еткен жаңа әсерлі музыкамен толықты 

Жаңашылдық алып келген алты ішекті аспапты серік еткен ұжымның концерті осымен үшінші рет халықтың үлкен ықыласына бөленіп отыр. 

  • 10 Қазан
  • 26
Фото: caravan.kz

Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының кезекті маусымашар концерті өтті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Осы жылдың басында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Мемлекеттік классикалық гитаристер квинтеті құрылды. Елдігіміздің жаңа руханиятының жаңашыл үлгісі ретінде ашылған ұжым, бүгінде гитараға ерекше реңк беріп, репертуарына түрлі шығармаларды сыйдырған.  

Гитара 20-шы ғасырдың ортасында, батыс елінен қазақ даласына еніп, қазақ музыкасында кеңінен қолданысқа ене бастады. Әсіресе 1970-інші жылдан бастап, аспаптық музыка әлемінде рок және өзге де музыкалық топтар пайда бола бастады. Жаңашылдық алып келген алты ішекті аспапты серік еткен ұжымның концерті осымен үшінші рет халықтың үлкен ықыласын бөленіп отыр. 

«Қазақстан эстрадасында тағы да әсерлі, жаңа үн шығатынына мен өте қуаныштымын. Осы концертке шақырту алған кезде қуаныштан төбем көкке жетті.  Қашанғы халық баяғы әуендерді тыңдап жүре береді, енді жаңаша сипаттағы әнге кезек келді. Әдемі әндер айтылуы керек. Бұл тарихымыздағы бірінші рет ашылған мемлекеттік классикалық гитаристер квинтетінің концерті. Жігіттер мен қыздарға сәттілік тілеймін. Осының басты мұрындығы болған, әрдайым біздің эстрадаға жаны ашып жүретін Ахан Тынышбайұлына шын жүректен алғысымды білдіремін. Сондықтан осындай жағымды жаңалықтардың жанында жүрейік», — деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эстрада жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы. 

Топтың көркемдік жетекшісі Бауыржан Жылқыбаев — Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында 8 жылдық білім алып, гитара аспабының қыр-сырын зерттеген. Бір жыл бұрын жан-жағындағы жас таланттарды жарыққа шығару мақсатында жинап, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының шағырағында бас қосты. Ұжым боп құрылғалы квинтеттің осы уақыт аралығындағы үшінші концерті өтті.

«Осы топқа келуімнің басты себебі – менің ұстазым болған Бауыржан Жылқыбаев ағамыз. Ол Жүргенов академиясында маған сабақ берген, бітіргеніме екі жыл болғанда ұстазым жаңа гитаристерден құралған топ құратынын айтты. Сол кезде жетекшісі топта міндетті түрде қыз болуы керек деп бірден айтты. Сол бақ маған бұйырған екен. Өте қуаныштымын», — деді квинтеттің мүшесі Зәуре Нарбота. 

Зәуре Нарботаның егіз сыңары да осы квинтеттің жарық жұлдызы. Екеуі мектеп қабырғасынан бастап, колледж және академияны бірге аяқтап, қазір өнерде де бірге келе жатыр. 

«Бірінші концертке дайындық кезінде уақыт өте тығыз болды. Дегенмен күн сайын дайындалып, халықтың үмітін ақтасақ деген мақсатымыз болды. Кеш барысында халықтың ықыласына шынымен бөлендік. Сондықтан екінші концертке қорықпай дайындалдық. Ол кезде де зал лық толы болды. Гитара аспабы ішекті болғандықтан, ол домбыраның үнімен керемет үйлеседі. Осылайша біз де халықтың көңілінен шығып жатырмыз деп ойлаймын», — деді Зәуре Нарбота. 

Квинтеттің репертуары әр алуан. Мысалы Румба стилі — бұл тек би немесе музыкалық стиль емес. Бұл құмарлық пен ырғақ тоғысқан тарих. Ол Кариб теңізінен бастау алғанымен, әлем музыканттарының жүрегінен өз орнын тапты. Бүгінде румба жанры қазақ композиторларының арасында өте танымал болып келеді. Осындай бірегей туындылардың бірі – квинтеттің көркемдік жетекшісі Бауыржан Жылқыбаевтың авторлық шығармасы.

«Біздің репертуарда әлемге әйгілі Gipsy kings тобының шығармалары бар. Одан бөлек Бауыржан Жылқыбаевтың төл шығармалары да бар. Жартылай өзіміздің шығармамыз болса, жартылай әлемдік күйлермен толыққан. Дәстүрлі қазақтың күйлері келесі концерттерде орындалатын болады», — деді топтың мүшесі Асан Нарбота. 

Еліміздің музыка әлемінде гитара аспабымен күй орындау үлкен сұранысқа ие. Бауыржан Жылқыбаевтың өңдеуіндегі Құрманғазының күйі «Адай», Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» да осы кеште ерекше ықыласқа бөленді. Бұдан бөлек Франсиско Тарреганың «Воспоминания об Альгамбе», Vi Amigo «Roma», «Kazakh Nomad», Gipsy kings – «Luna de fuego», А.Пьяццолла шығармасы «Либертанго», Л.Брауэр – «Однажды в ноябре», Джесси Кук «Virtue», Күз-сезім симфониясы «Қоңыр күз» сынды шығармалар да орындалды.

Кештің арнайы қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эстрада жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы Мұхтар Шахановтың әні «Махаббат елі» әнін керемет орындап шықты. 

Бүгінде квинтет алты ішекті аспапты меншік еткен Қазақстанда баламасы жоқ ұжым болып, елдің ықыласына бөленіп келе жатыр. Сонымен қатар жаңа ұжымның алдағы мақсаты тек Қазақстанды ғана емес, шетелді де бағындыру.