Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында өткен жастар кадр резервінің форумында әділетті әрі инклюзивті қоғам болу үшін гендерлік теңдікті сақтау өте маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қарапайым тілмен айтқанда, гендерлік теңдік — ер мен әйелдің қызметте, саясатта, мәдениетте, денсаулық саласында бірдей ресурстарға ие болуы.
Қазақ халқы ежелден қыз баласын ерекше көңіл бөліп, сыйлаған. Бірақ, жаһандану процесінде осы үрдіс пен ұлттық мәдениет едәуір өзгерді. Бүгінде әйелдер мен қыздарға деген құрметсіздік жиі кездеседі. Әйелдер қауымының тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналып кеткені де өтірік емес.
Осы ретте қазақ қоғамындағы отбасыларда гендерлік теңдік қандай деңгейде? Отбасыда ер мен әйел те бола ма? осы және өзге де сұрақтардың жауабын алу мақсатында отбасы құндылықтарын насихаттаушы, қоғам белсендісі Бақытгүл Тайгуренқызына сұхбат алдық.
Бақытгүл ханым, жалпы қазақы тәрбиеде, менталитетте ер мен әйел тең бола ала ма?
— Әр отбасындағы жағдай бірдей болмағандықтан бір нақты пікір айта алмаймыз. Қанша отбасы құрылса сонша түрлі оқиғалармен болып жатады. Бірақ, бақытты өмір сүру үшін бір бағытты таңдайық та соған қарап жүрейік дейтін болса алтын үлгі ретінде ер азаматтар бір биік ұлы мұрат үшін өмір сүреді, ал әйелдер биік мұраты бар ер азаматтар үшін өмір сүреді.
Ал, олар тең бе деген сұраққа келсек, әйел мен ерек тең емес. Әрқайсысының өзіне тән жауапкершілікпен атқаруы тиіс міндеттері мен ерекшеліктері бар.
Бастысы, отбасы тізгінін еркек өз қолына алып, оны үлкен жауапкершілікпен басқаруы тиіс. Мен айттым болдыға салынбай әйелі мен ақылдаса отырып отбасылық мәселені түсіністікпен шешкен дұрыс. Әйелін де болмыс ретінде өзінің қолынан келетін істерге араластырып потенциалын ашып, қолдануға мүмкіндік бергені дұрыс.
Қоғамда немесе өз отбасыларындп екеуінің де атқаратын жұмыстары бар. Қазақи менталитетте ер азамат шаңырақтың иесі саналса, әйелді отбасының киесі деп құрметтеген. Отбасының берекесі мен ұрпаққа берер тәрбиесі екі адамға тікелей байланысты. Бір отбасында «Екі жарты ,бір бүтін болып» өмір сүріп жатқан ерлі зайыптылар ішіндегі ниетін бір бағытқа, бір мақсатқа қарай бағыттаушы. Сондықтан, тұлғалық қабілетін екеуі бірдей қолданбаса, уақыт өте келе ұрыс-керіс, ажырасуға дейін кете береді.
Гендерлік теңдік отбасын нығайтуға ықпал ететін негізгі стратегия деген пікір қаншалықты дұрыс?
— Бұл сұраққа біржақты дұрыс немесе дұрыс емес деп жауап беру мүмкін емес. Негізі адамдар көп нәрсені шатастырып алады. Мысалы, орта ғасырда әйелдер үйде отырды. Ол кезде уақыттың талабы солай болды, қоғам солай дамыды. Ал, ер азамат түзде жүретін. Әйел үйдің шаруасымен айналысты. Заман өзгеріп 20 ғасырдың басында ақша табу үшін әйелдер ер азаматтармен тең жұмыс істей бастады. Ал, қазір қоғамның түрлі саласында ер адамдармен бірдей қызмет етіп жүр. Бұл жерде олар тең болып кетеді деген мәселе емес. Қорыта айтқанда, отбасындағы мәселелер, ережелер мен талаптар заманның осындай өзгерістеріне байланысты түрленіп отырады.
Ал, гендерлік саясат жолында ұлттық ерекшелігімізді, ұлттық болмысымызды жоғалтып алмау үшін не істеуіміз керек?
— Жоғарыда айтып кеткенімдей, ер мен әйелдің отбасындағы міндеттері, атқаратын жұмыстары әртүрлі. Біздің менталитетте ер мен әйел ешқашан тең болмайды. Отбасы берік болу үшін баладан әкеге дейін өзінің жауапкершілігін білу керек. Әркім өз орнында болған отбасыда береке-бірлік те, махаббат та, сыйластық та орнайды. Сондықтан гендерлік саясатты жүзеге асыру процесін өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан дәстүрімізге, менталитетімізге, ұлттық құндылықтарымызға қарай бейімдеу керек.
Отбасылық құндылықтарымызды жоғалтып алмас үшін тал бесіктен бесік жырын айту керек. Қазақ халқы дәстүрге бай елміз.
Өз ұрпағымызды көнеден келе жатқан асыл құндылықтарды, салт-дәстүрімізді дамытумен қатар қазіргі заманға сай жеткізу парыз. Кейінгі өсіп келе жатқан болашақ жастарға насихаттап қолдан келгенше үйретіп әркімнің өзінің ықпал ететін аймағына жеткізу керек.
Тілімізді, дінімізді, мәдениетімізді ұмытсақ онда басқа жаққа жұтылып кетеміз. Тарихи тізбектен үзілмей жалғанып өмір сүрейік.
Әңгімеңізге рақмет!