Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Мемлекет басшысының жарлығымен Қайрат Байбосыновқа “Қазақстанның Еңбек Ері” атағы берілсе, Айгүл Қосанова мен Әлішер Кәрімовке “Қазақстанның халық әртісі” атағы берілді.
Осы ретте ақын Ринат Зайытов әлеуметтік желідегі парақшасында өлең шумағын жариялап, көпшілікті ойландырып қойды.
“О,сұмдық-ай…
О, құрғыр.
Көншір ме екен көңіл бір.
Қай залымның кеңесі?
(Даттау сөзге көмілгір)
Айналама қарасам,
Аспаным да көгілдір,
Жастарым да ‘ көгілдір”
Қолын бұлғап қарсы алған,
Арманым да көгілдір,
Шымшық құсап ән салған
“Тарланым” да “ көгілдір “
Тіс қайрауда, шара жоқ
Үндемейсің…
Өмір-бұл
Бүгін Қазақ мәдениеті үшін жартылай қайғылы күн деуге болады….”, — деп жазды ол.
Ақынның нақты нені немесе кімді меңзегені белгісіз.
Ал желі қолданушыларының басым бөлігі Әлішер Кәрімовке “Қазақстанның халық әртісі” атағы берілгеніне наразылық танытуда.
”Әлішер Кәрімов халық әртісі болғасын енді не айта аламын”, “Мейрамбек, Тоқтар ағаларымыз алған жоқ. Әлішер қалай алып жүр”, “Әлішер лайық емес. Еңбегі сіңген, атағы жоқ әртістер қаншама”, — деп жазды олар.
Еске сала кетейік, 2023 жылы Роза Рымбаева мен Тасқын Оқаповтың ұлы, музыкант Әли Оқапов “Құрмет” орденімен марапатталды. Алайда, халық бұл жаңалыққа наразы болып, өнер иесі атақты қайтарып беруге дайын екенін де мәлімдеген еді.