”Қазақ ұлтының қыз балаға деген құрметін білмейтін сияқты”: Профессор “Қыз бала жат-жұртық деп бөлу фашизм” деген Дина Төлепбергенге жауап берді - kaz.caravan.kz
  • $ 471.46
  • 504.79
+27 °C
Алматы
2024 Жыл
29 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
”Қазақ ұлтының қыз балаға деген құрметін білмейтін сияқты”: Профессор “Қыз бала жат-жұртық деп бөлу фашизм” деген Дина Төлепбергенге жауап берді

”Қазақ ұлтының қыз балаға деген құрметін білмейтін сияқты”: Профессор “Қыз бала жат-жұртық деп бөлу фашизм” деген Дина Төлепбергенге жауап берді

Профессор Жанымгүл Камалқызы “Қыз жат-жұрттық деп бөлу - фашизм” деген журналист Дина Төлепбергенге жауап берді.

  • 26 Маусым
  • 284
Фото - Caravan.kz

Профессор Жанымгүл Камалқызы “Қыз жат-жұрттық деп бөлу — фашизм” деген журналист Дина Төлепбергенге жауап берді.

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

”Дина Төлепбергеннің тапқан жаңа «қорытындысы» әлдебір жасырын күштердің өз қызымыз арқылы жіберіп отырған ұлтымыздың уыз қасиеттеріне қастандығы деп түсінемін.
Себебі Дина өзі қазақ ұлтының қыз балаға деген құрметін білмейтін сияқты. Ұлт құндылықтарына қызығып, зерделемейтін де сияқты. Біреулер аузына сөз салады, оның байыбына бармай жариялай салады-ау, сірә. Әйтпесе, қыз баланы қазақ ұлтындай құрметтейтін ел әлемде жоқ.
Біріншіден, үлкен ақсақалдар отыратын құрметті орын-төрге қазақ үлкендері жас қыз баланы отырғызады. Есік жаққа отырғызбайды.
Екіншіден, қазақ қолындағы ең қымбатын қыз баланың бойына жапсырады: алтын сырға, білезік, шашбау, өңіржиек, кемзалдарына тағылатын қанша әсем бұйымдар, астына мінетін ат әбзелдерін қалай сәндеген. Ұзатылатын қыздарына арнайы зергер шақыртып, қандай асыл тасты алтын мен күмістен әшекей бұйымдар жасатқан. Эрмитаждағы көрмеге жіберілген қыз сәукелесін орыс этнографы таңдай қаға тамашалаған ғой. Маңдайына қадалған төрт гауһар тасты 2 000 рубль, қалған майда алтын әшекейлерді 1 000 рубль деп есептеймін депті. Сол кезде бір қой базарда 50 тиын тұрады екен. Қыз жат жұртқа бара жатыр деп дүниесін аяп қалмаған. Қызымның сыбағасы, қызым-перзентім ырза болып кетсін деген кең жүректілік.
Шамасы келгендер қыздарын пар ат жеккен алтын пәуескемен ұзатқан. Пар аттың әбзелдерінен өзге пәуескеде үлкен екі алтын түйме қадалады екен. «Алтын күйме жарасар түймесімен, Наздана алмас сұлу қыз сүймесімен»,- дейді ғой халық әнінде. Осынша нәрсе қыз баланы қадірлейтін елде ғана болады…
Мен әлем халықтарының ежелгі мұраларынан ептеп хабардар адаммын. Бірде-бір елде қызын алтын мұнараға шығарып, елдегі бар жігіттерді сыннан өткізіп, қызының өзіне жар таңдатқаны туралы аңыз, жыр жоқ. Бізде, қазақта бар. «Қамбар батыр» жырын оқы, Динажан. Сол жырда Әзімбай бай (кейде хан деп айтылады) алты ұлдың ішіндегі жалғыз қызы Назымды өз теңіне, өз қалағанына беремін деп жар салып, қызы қарап тұру үшін алтын мұнара салдырып, соған шығарады, дәмелі жігіттер тұлпарларымен қыз алдынан өтеді. Бұл аңыз дейтін шығарсың, сол аңыздың белгілі шындықтан шығатынын ғылым дәлелдеген. Елде жоқ нәрсені ешкім ойдан шығара алмайды. Демек, қазақ ежелден қыздарын қазақша сүйе білген, қазақша құрметтеген. Осы құрметтісін бәлиғатқа толғанда абыроймен жат жұртқа ұзатуға даярлаған. «Астың дәмін келтірер тұз — әулие; ел мен елді қосатын қыз-әулие»,- деп қыз жолын қасиетке балаған. Дина шошып отырып: «Қыз жат жұрттық деу — фашизм» деп жұртты елең еткізгісі келіпті. Ұлт дәстүрін білмейтіндер қол соғып шыға келер, бұл жерде біздің ұлтты сақтап келе жатқан тазалық- өз руынан үйленуге болмайтын әділетті заңды айтып отыр ғой. Өз руыңнан басқа, «төскейде малы, төсекте басы қосылып жатқан» көршілес отырған қазақ рулары бар емес пе? Қыз бала өз руына емес, сол өзге руға күйеуге шығады. Руы бөлек — жат ру. Қыз баланың құлағына осы дәстүрді жас тайынан сіңіреді, «қыз -жат жұрттық» сондықтан «қыз -қонақ» оны іренжітуге болмайды. Қонағындай мәпелеп, бар жақсысын ұсынып, сонымен бірге еңбекке, тазалыққа, әдептілікке, адамгершілікке тәрбиелеген. Осынша мейірім көріп өскен қыз, басқа елдерде кездеспейтін таңданарлық мейірімді болған. Бұған көп мысалдар келтірер едім. Тақырыптан ауытқып кетемін…
Дина қызымыз тағы мұрагерлік мәселесін көтеріпті. Қыз да мұраға ие бола алады деген ой айтады. Қазіргі заманның қасаң тәртібі. Иә, әкесінен қалған азғантай мұраға аға-інілерімен таласып, жаға жыртысып жатқандарды есітіп отырмыз… Бұл да — ежелгі дәстүрден ауытқыған бүгінгі күннің трагедиясы. Қазақтар мүмкіндігіне қарай, өз уақытында ұлдарына енші беріп, бөлектеп отырған. Енші алған ұл енді қара шаңырақт ан дәмесі болмауға тиіс. Ұлға баспана беру — енші берудегі бірінші шарт. Қазір балаларын еншісіз шығарып жібереді, сосын олар арттарына қарайлап, бір-бірімен араздасып жатады. Ал, қызға еншісі — төсек орын, жасау жабдық берген. Біраз уақыт өткен соң әке-шешесі тағы бір рет төркіндеткен. Сонымен қызға да мұрасын беріп қойған. Енді қыз — ол шаңырақтың тек тілеуқоры. «Төркінге сенгеннің төбесі ойық»,- дейді қазақ. Төркіннен дәме етіп ала бергісі келетін қыздың ниеті жақсы емес, оның несібесі ешуақытта бүтінделмейді. Төбесі ойық. Ежелде қызға осы мәселені анықтап түсіндірген.
Бұл мәселені түптеп түсіндірерлік үлкен аудитория керек екен. Біз ұлттық тәрбиенің маңызды-маңызды тамырларын үзіп алуға жақындаппыз”, — деп жазды профессор.