Қазақстан 100 жылдық тарихы бар ауруға ем таппады. Неге? - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан 100 жылдық тарихы бар ауруға ем таппады. Неге?

Қазақстан 100 жылдық тарихы бар ауруға ем таппады. Неге?

Қоғамда әлі жалған түсінік басым. Көптеген ата-ана баласын оқшаулаудың орнына, әдейі «желшешек» кештеріне апарады. Аталмыш дәстүр вакцина болмаған кезден қалған. Себебі ересектер бұл ауруды қиын өткереді деген түсінік бар. Алайда қазіргі медицина мұндай тәсілді құптамайды. Бала ауруды жеңіл өткерсе де, ағзаның реакциясын алдын ала болжау мүмкін емес.

  • 28 Қазан
  • 136
Фото: wishescards.ru

Қоғамда желшешек туралы «жеңіл балалар ауруы» деген пікір қалыптасқан. Орысша атауы «ветрянка». Көптеген ата-ана үшін аталмыш ауру балалық шақтың ажырамас бір бөлшегі іспеттес. Алайда медицина мен статистиканың көзқарасы басқа. Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап білді. 

Желшешек – ауа тамшылары жолымен жұғатын, қызбамен, орташа айқын интоксикациямен және кең таралған везикулезді бөртпемен сипатталатын жіті инфекциялық ауру. Инфекция көзі ауру адам болып табылады, ол вирусты 100% жағдайда таратады, сондықтан ауру кезеңінде ауру мен сау адамдар арасындағы байланысты шектеу өте маңызды. Инкубациялық кезең 10-нан 21 күнге дейін созылады. Ауру ең алдымен дене температурасының 39-40 градусқа дейін күрт көтерілуімен, бас ауруымен сипатталады. Желшешектің ең айқын белгісі – бөртпе және қышу.

Балалар арасындағы өлім-жітім расында төмен — 0,01–0,02%. Десе де сарапшылар мұндай статистиканы қауіпсіз деп санауға болмайтынын ескертеді. Барлығы індеттің ауқымына байланысты. Егер 3 мың адам ауырса, өлім жағдайы болмауы мүмкін. Ал 30 мың адам ауырса, көрсеткіш бірден өзгереді. 

Бір ескеретін жайт. Көпшілік бұл ауруды шатастыруы мүмкін.

«Біздің баламыз кішкентай күнінде ауырып кеткен, қайта ауыра қоймаспыз», — деп жатады кейбір ата-ана.

Осылайша, олар желшешек («ветрянка») пен қызылшаны ажырата алмайды. 

«Желшешек пен қызылшаны көп ата-ана шатастырады, өйткені бір-біріне ұқсастықтары бар. Екі жағдайда бөртпе мойын мен бастан бастап, бүкіл денеге тарайды. Қызылша кезінде қызыл бөртпе теріде ғана емес, ауыз қуысында да пайда болады. Ал желшешек кезінде, негізінен бөртпелер мен дене температурасының аздап жоғарылауы инфекцияның алғашқы симптомдары болып табылады», — дейді дәрігер Айгүл Наметқұлова.

Ауруға шалдыққандардың 5–10%-на жуығы асқынуларға ұшырайды екен. Атап айтсақ, пневмония, энцефалит, терінің бактериялық зақымдануы. Яғни үш мың адамның ішінде 150–300 бала ауыр түрде өткереді. Індет неғұрлым кең тараса, асқыну жағдайлары да соғұрлым көп болады. «Жеңіл өтетін» ауру деп саналғанымен, дәл осы сирек кездесетін ауыр түрлері денсаулық сақтау жүйесіне ең үлкен салмақ түсіреді.

«Ұйықтап жатқан» вирус

Varicella Zoster — герпес вирусының бір түрі. Адам аурудан жазылып шыққан соң да ол ағзадан кетпейді. Ондаған жыл өткен соң қайта оянып, бел айналасындағы жүйке талшықтарын зақымдайтын белдемелі теміреткі ауруын тудырады. Бұл ең ауыр неврологиялық дерттердің бірі. Постгерпестік невралгия салдарынан болатын ауырсыну жылдарға созылып, тіпті морфин тәрізді дәрілерге бағынбайды. Кейде вирус көзге, құлаққа, бет жүйкесіне әсер етеді. Әсіресе егде жастағы және созылмалы ауруы бар адамдар үшін қиын. Демек, бала кезде ауырған «желшешек» болашақта баяу әрекет ететін бомбаға айналуы мүмкін.

Дәрігерлер дабыл қағуда. Себебі соңғы уақытта ауыр жағдайлар дені сау балаларда да жиілеп кетіпті. Оның себебін дәрігерлер түсіндіре алмай отыр, өйткені ағзаның ерекшеліктеріне байланысты. Мысалы, екі егіздің бірі жеңіл ауырса, екінші сыңары 40 градусқа дейін қызуы көтеріліп, сусыздануға, терең тыртықтарға шалдығады. Дәл осы «күтпейтін» жағдай аурудың басты қаупі дейді мамандар. 

«Желшешек кештері» 

Қоғамда әлі жалған стереотип басым. Көптеген ата-ана баласын оқшаулаудың орнына, әдейі «желшешек» кештеріне апарады. Аталмыш дәстүр вакцина болмаған кезден қалған. Себебі ересектер бұл ауруды қиын өткереді деген түсінік бар. Алайда қазіргі медицина мұндай тәсілді құптамайды. Бала ауруды жеңіл өткерсе де, ағзаның реакциясын алдын ала болжау мүмкін емес.

Вакцина бар, бірақ қолжетімсіз

Желшешекке қарсы вакцина 1995 жылдан бері қолданысқа енген. Ол көптеген елдерде тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Вакцина ұлттық күнтізбеге енгізілген мемлекеттерде ауру 80–90%-ға азайып, асқынулар жойылған.

Қазақстанда аталған вакцина міндетті екпелер қатарына кірмейді. Тек былтыр ғана жекеменшік клиникаларда пайда болды. Астана мен Алматы қалаларында бар-жоғы бірнеше мың доза қолжетімді. 

Жаппай иммунизацияның жоқтығынан, індет әр 3–5 жыл сайын қайталанып отырады. Осы уақыт аралығында иммунитеті жоқ жаңа балалар тобы қалыптасады. Ата-аналардың ақпараттан хабары болмағаны да кері әсерін тигізуде. 

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, желшешекке қарсы ұжымдық иммунитет деңгейі 70%-дан аспайды. Ал індеттің таралуын тоқтату үшін кемінде 95% қажет. Мысалы, қызылшаға қарсы вакцинация өлім-жітімді іс жүзінде нөлге дейін азайтты. Желшешек індетіне «балалар ауруы» деп немқұрайлы қарамай, ересектер үшін айтарлықтай қауіпті екенін ескерген жөн дейді сарапшылар. 

Қоғамда сенімсіздік азаймады. Олар вакцина салдыру үшін Ресей, Түркия немесе БАӘ елдеріне баруға дайын. Вакцинаның құны шамамен 40–80 доллар. Арзан емес,  десе де, асқыну мен ауруханаға түсу қаупін ескерсек, әлдеқайда тиімді. Оның үстіне вакцина өмірде бір-екі рет қана салынады.

Емдеу тәсілдері

Денеде қышыну пайда болғанша (теріде вирус жоқ екендігінің белгісі) үй жағдайында болу керек. Бұл әдетте дақтар шыққаннан кейін 5 күннен соң пайда болады. Сусыздануды болдырмас үшін көп сұйықтық ішу қажет болады. Сәбилерді тырнақтарын қысқартып, әсіресе түнде ол өзін тырнап, жарақаттап алмасы үшін қолына шұлық немесе қолғап кигізген дұрыс. Жылы, бірақ ыстық емес душ қабылдаған дұрыс, содан кейін теріні құрғатып (ысқыламаңыз), денеңіздегі дақтар жазылғанша бос киім киген дұрыс.

Егер қызба 39-дан асса, бөртпе элементтері пайда болса, дәрігерге шұғыл түрде хабарлаңыз. Сондай-ақ, егер бала өзін нашар сезінсе, қандай да бір өзгерістер байқаған болсаңыз дәрігер көмегіне жүгініңіз.

Ең бастысы – жараның қабығын алмау, теріні тырнамау. Тыртықтар қалып қоймауы үшін теріге тиіспеген маңызды. Бұл екінші инфекцияның түсуін болдырмау үшін қажет. Көп ата-аналар секілді бөртпелерді тесу немесе «зеленкамен» бояу — қате. Ол аурудың барысын бақылауға кедергі келтіреді және бактериялық қабыну белгілерін жасырады.

«Желшешекпен ауырған жағдайда гигиеникалық күтім және дәрігердің ұсынымдарын орындау қажет. Ал қызылшаның емі: науқасты бөртпе пайда болғанға дейін 5 күнге дейін, пневмония болса, 10 күнге дейін оңашаулау керек; науқаспен қатынасқандарды 21 күнге оқшаулау; қызбаның бүкіл кезеңі мен дене қызуы қалпына келгенше алғашқы 2 күн төсекте жатып емделу қажет», – дейді Айгүл Талғатқызы.

Қауіпті белгілер: тырысу, есінен тану, қатты ауырсыну, тыныс алудың қиындауы, терідегі іріңді жаралар. Мұндай жағдайда дереу ауруханаға бару қажет. Көп балалар 7–10 күнде айығып кетеді, алайда кейбіреулер ұзақ бақылауды қажет етеді, әсіресе иммунитеті төмен немесе созылмалы аурулары барлар. Қорытындылай келе, желшешек жасыл бояумен қапталған балалық шақтың естелігі емес, күрделі әрі қауіпті вирус екенін ұмытпаған дұрыс.

Перейти к новостям спорта