Қазақстан алғаш рет референдумға экономикалық мәселені шығарып отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 482.86
  • 533.17
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
4 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан алғаш рет референдумға экономикалық мәселені шығарып отыр

Қазақстан алғаш рет референдумға экономикалық мәселені шығарып отыр

2024 жылы Қазақстанда алғаш рет экономикалық мәселені шешетін референдум өтеді. Ол елімізде атом электр станциясын салу. Аталмыш іс-шара 6 қазанда өтеді. 

  • 26 Қыркүйек
  • 30
Фото: caravan.kz

Елімізде АЭС мәселесі 90-жылдардан бастап көтеріле бастаған. Сол кезден бастап тек талқылаумен келген мемлекет биыл осы сұрақтың нүктесін қойды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС келешектің ісі екенін өз Жолдауында қадап айтты. Себебі Қазақстанда энергия тапшылығы күшейіп келеді. Еуропалық одақ елдері АЭС-тен бас тартып жатса да, оларда ортақ энергетикалық нарық бар. Ал Қазақстанда энергия тапшылығы пайда болса, кімнен аламыз деген сұрақ туындайды. Ал атом энергетикасы сенімді әрі экологиялық таза шешім.

«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін», — деген еді Жолдауында. 

Президент АЭС салу сұрағын өзі шешкен жоқ. Бұл маңызды науқанға халықтың қатысқанын құп көрді. Референдумда бір ғана маңызды сұрақ қарастырылады:  “Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына келісесіз бе?”. Дегенмен, бұл сұрақтың айналасында қоғамда көптеген пікірталастар бар. Әрине, АЭС-тің қауіпті тұстары көп. Радиофобия қоғамда бар. Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан жандар, КСРО-ның атом зардабын көрген жандар бұл АЭС-ке қарсы. Оны түсінуге болады. 

Қоғамдық саясат институты АЭС құрылысына байланысты өткізген әлеуметтік сауалнамасының нәтижесін жариялаған еді.  Сауалнамаға еліміздің әр өңірінен, түрлі әлеуметтік-демографиялық топтағы екі мыңнан астам адам қатысты.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қатысушылардың 74,6 пайызы 6 қазанда өтетін референдум туралы хабардар екенін айтқан. Ал 57,8 пайызы референдумға қатысуға дайын екенін мәлімдеген.

Пікірін білдіргендердің 60 пайызға жуығы Қазақстанда АЭС салуды қолдайтынын айтқан. Институт өкілдерінің сөзінше, қазақстандықтардың атом стансасын салу туралы ойы әлі қалыптасып жатқан көрінеді.

Халықтың басым бөлігі алдағы дауыс беруден хабардар екенін және референдумға белсенді қатысуға ниетті. Мұның басты себебі ретінде АЭС салу мәселесіне қазақстандықтар қызығушылық танытатынын келтіріпті. 

«Негізі мұндай сауалнамаларды жиі өткізіп тұрған дұрыс. Бұл халықтың көңіл-күйін бақылауға мүмкіндік береді. Оның үстіне, істеліп жатқан жұмыстың қаншалықты нәтиже бергенін түсінуге де жол ашады. Шетелдерде кез келген дауыс беру алдында осындай әлеуметтік сауалнамалар жүргізіледі. Мұнымен айналысатын бірнеше ұйым болады. Олардың нәтижесінде сәл-пәл айырмашылық шықпаса, негізінен нақты картинаны көрсетіп береді. Қоғамдық саяси институт әлеуметтік сауалнама талаптарының бәрін орындап, сауалнамасын дұрыс методикамен жүргізсе, шамамен осындай картина күтіп тұр», — деді сарапшы Айбар Олжаев. 

Саяси тұрғыдан алғанда, Тоқаев бұл референдумды “еститін мемлекет” концепциясының бір көрінісі ретінде көрсетіп, халықтың пікірін ескеру маңызды екенін жеткізді. Алайда халық пен қоғам белсенділерін алаңдататын басқа да сұрақтар бар. Сол себепті елімізде бірнеше маңызды іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мысалы атом энергиясының маңыздылығы мен қажеттілігі туралы сұрақтар ел көлемінде талқылануда. Бұл саяси шешімдерге азаматтарды тарту арқылы үкімет жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруды көздейді. Орталық сайлау комиссиясы әр аймақта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халыққа референдумның маңыздылығын түсіндіруде. Бұл іс-шаралар арқылы халықты белсенді қатысуға шақырып, елдің дамуына әсер ететін маңызды мәселелер бойынша олардың пікірін ескеруді мақсат етеді. 

Насихаттау жұмыстарын ОСК әр түрлі облыстар мен аудандарда жүргізуде, оның ішінде ауылдық аймақтар мен шеткі аудандар да қамтылған. Әр аймақта референдум туралы ақпараттық материалдар таратылып, халықтың сайлау учаскелерін табуына көмектесу үшін колл-орталықтар мен чат-боттар ұйымдастырылған .

Дегенмен, кейбір сарапшылар халықтың саяси белсенділігі әлі де толық емес екенін, кей аймақтарда сенімсіздік пен ақпараттандырудың жеткіліксіздігі байқалатынын айтады. 

«АЭС-тің қаншалықты қажет екенін айтып қажеті жоқ, өздеріңіз де білетін шығарсыздар. Мен неге референдумға бару керек деген сұраққа жауап бергім келіп тұр. Алдында бір сауалнама нәтижесіне сәйкес 60%-ға жуық халық референдумға баруға дайын екендіктерін білдірді деп естіп едім. 60 деген жаман емес, бірақ 80-90%-ымыз барсақ, бұл қоғам ретінде ел болашағына ықпал ететін шешімдерге бей-жай қарамайтынымыздың мысалы болмақ.

Қазір қолды бір сілтеп, сен тимесең, мен тиме деп, қарап отыратын уақыт емес. Бұл елдің энергетикалық та, экономикалық та болашағына әсер ететін маңызды оқиға, сондықтан қалыс қалуға болмайды. 

Неге сонша маңызды шара дегенге келсек, бұл тек өз пікіріңді білдіретін ғана емес, жауапкершілігімізді де түсінетін сәт. Жай ғана бюллетендегі белгі деп қарайтындарға айтарым бар – әрбіріміздің дауысымыз ел болашағын шешуде маңызды дауыс болуы мүмкін. Басқалар өздерінің де, елдің де болашағы үшін шешім қабылдап жатқанда, біз немқұрайлылық танытып, үйде сораптап шәй ішіп отырғанымыз жарамас», — деді тәуелсіз журналист Оңғар Қабден. 

2022-де өткен референдумда халықтың тек 68%-ы ғана қатысқан болатын. Бұл дегеніміз елдің үштен бірі осындай маңызды іс-шарадан тыс қалып, шешімді басқалардың дауысы шығарғанына көз жұма қарады деген сөз. 

Бірақ 2022 жылдан бері біраз нәрсе өзгерді, әсіресе қоғам санасы өзгерді, азаматтық белсенділік танытатын отандастырымыздың саны артты. Осы жолы жоқ дегенде 85% қазақ барып, дауыс береміз деп үміттенемін. Қашанғы басқалардың шешімін мақұлдап отыра береміз?

«Ой, менің дауысым не шешер дейсің?» деп ойлау қате, сендер сүйтіп ойлап, диванда жатқанда біреу барып, сен үшін шешім жасай салады. Мысалы ойлап көрейікші. АЭС-ті іштей қолдайтын 7 адам бар, қолдамайтын 3 адам бар. 70% бен 30%, қолдаушылары алда. Бірақ қолдайтындардың ішінен тек 2-ақ адам референдумға барса, қолдамайтындардың 3-еуі де барса, қорытынды есепте 40% бен 60% болып, АЭС қарсыластары жеңіп кетеді. Егер барып, дауыс беріп, өз ұстанымыңды білдіруге жарамасаң, іштей қолдағаныңнан не пайда?

Айтайын дегенім осы, референдумға барайық. Бірақ бар дегенде, бас жоқ, көз жоқ бара салмай, АЭС жайлы ақпаратпен танысып, біліміңізді арттырып барған жөн. Сонда шешім де, нәтиже де дұрыс болмақ», — дейді журналист. 

Референдум өте маңызды науқан. Халық мемлекетінің болашағын айқындайтын саяси шешімдер қабылдауға ат салысады. Бұл құрал демократиялық қоғамдарда маңызды рөл атқарады. Оның негізгі себептерін түсіндіре кетейік:  

Халықтың тікелей қатысуы: Референдум азаматтарға маңызды мемлекеттік мәселелер бойынша өз пікірін тікелей білдіруге мүмкіндік береді. Мысалы, Қазақстанда 1995 жылы қабылданған Конституция референдум арқылы бекітілген, бұл маңызды құқықтық құжатты халықтың қолдауына ие болғанын көрсетті.

Саяси заңдылықты нығайту: Референдум арқылы қабылданған шешімдер көп жағдайда халықтың қалауына негізделеді, бұл саяси шешімдердің заңдылығын арттырады. Азаматтар өз пікірін білдіру арқылы саяси реформаларды немесе маңызды өзгерістерді қолдайтынын немесе қолдамайтынын анық көрсетеді.

Маңызды мәселелерді шешу: Референдум көбінесе маңызды мәселелерді шешу үшін ұйымдастырылады. Мысалы, атом энергиясын пайдалану, жер реформалары, немесе саяси жүйеге өзгерістер енгізу сияқты сұрақтар халықтың қатысуымен шешіледі. Бұл халықтың болашаққа қатысты өз таңдауын жасауының көрсеткіші. 

Қоғамдық келісімнің қалыптасуы: Референдум қоғамда маңызды саяси және әлеуметтік мәселелер бойынша кең қоғамдық келісім қалыптастырады. Азаматтар арасында пікірталас туындап, қоғамдағы түрлі көзқарастар талқыланады, бұл ортақ шешім қабылдауға ықпал етеді.

Жалпы кез келген референдум ол халық билігінің ең жоғары көрінісі. Онда мемлекеттің болашағына байланысты маңызды сұрақтардың шешімі шығарылады. Референдум ел аумағын түгел қамтиды. Қатысушылардың жасы 18-ден жоғары болуы шарт. Референдум ашық және жария түрде өткізіледі. 

Сарапшының пікірінше, АЭС сұрағына қатысты референдум өткізуде Қазақстан өзге елдерден үлгі алғаны дұрыс. Себебі ел азаматтарының басым көпшілігі үшін АЭС тақырыбы үрей мен сенімсіздіктің қосындысы. 

«АЭС салуға қатысты сұрақта біздің билік Финляндия елінен үлгі алсын. Фин үкіметі халыққа атомның қаншалықты қауіпсіз екенін ежіктеп түсіндірген. Сосын жұрттың да орнықты көзқарасы қалыптасқан. Халық пен билік арасында диалог қажет. Билік мұны халыққа таңуға тырыспауы керек», — дейді сарапшы. 

Қазақстан осы уақытқа дейін үш ауқымды референдум өткізді. Оның барлығы саяси рефермаларға қатысты. Биыл бірінші рет экономикалық мәселені жалпыұлттық көлемде шешіп жатыр. Мұндай референдумдар әлемнің басқа елдерінде де өткізілген. 

Швецияда 1980 жылы АЭС болашағы бойынша референдум өткізілді. Нәтижесінде, халықтың басым көпшілігі атом энергетикасынан біртіндеп бас тартуды қолдады. Алайда, бұл шешім толық жүзеге аспай, кейбір АЭС-тер әлі де жұмыс істеп тұр.

Италияда референдум екі рет өтті.  Чернобыль апатынан кейін, 1987 жылы Италияда АЭС-ке қатысты референдум өтті, онда халық атом энергетикасынан бас тарту туралы шешім қабылдады. Италия барлық АЭС-терін жауып тастады. 2011 жылы өткізілген референдумда халық атом станцияларына қайта оралуға қарсы екенін білдірді.  

Швейцарияда 2017 жылы АЭС-тің біртіндеп жабылуы туралы референдум өткізілді. Халықтың басым бөлігі болашақта атом энергетикасынан бас тартып, баламалы энергия көздеріне көшуді қолдады.

1978 жылы Австрияда референдум өтті. Онда халық АЭС салуға қарсы шықты. Нәтижесінде сол кездегі АЭС құрылысы тоқтатылды. Қазір Австрияда атом энергетикасы мүлдем қолданылмайды.

Қазіргі таңда АЭС-тен мүлдем бас тартып жатқан мемлекеттің бірі – Германия. Бірінші қарсылық шаралары 2011 жылы Фукусимадағы атом апатынан кейін  пайда бола бастады. Германия билігі мен халқы бұл оқиғадан кейін АЭС-тердің қауіпті екенін түсініп, атом энергетикасынан бас тарту туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ Германия «жасыл» энергияға көше бастады. Ел көміртегі шығарындыларын азайтып, жаңартылатын энергия көздеріне (жел, күн энергиясы) басымдық беруге шешім қабылдады. Қазіргі таңда Германия барлық АЭС-терін жапты. Осылайша, қауіпсіздік пен экология мәселелерінен туындаған қоғамдық және саяси шешімдер Германияның АЭС-тен бас тартуына себеп болды. 

Әрине, Қазақстан азаматтарында үрей мен қорқыныш бар. Бірақ мамандар ол қорқыныштың қазір өзекті еместігін айтып жатыр. Алдағы күндері сол қорқынышпен күреспек үшін үлкен жұмыстар атқарылатыны сөзсіз. Саясаттанушы Андрей Чеботарев АЭС құрылысына қатысты сұрақтарға Арман Абдоллаевтың ютуб арнасында жауап берді. Ол бірнеше факторларға тоқталды. Айтуынша Қазақстан алғаш рет референдумға экономикалық мәселені шығарып отыр. 

«Электр станциясы мен атом полигонын салыстыру мүмкін емес. Әрине, Семей полигоны халықтың есінде, оны ұмыту мүмкін емес. Дегенмен екі ұғымды салыстыруға келмейді. Ол кезде аталмыш сынақтар соғыс үшін қажет болды. Оның пайдасынан зардабы басым. Бүгінгі таңдағы атом электр станциясы – ол бейбіт замандағы экономикалық сұрақтарды шешуге бағытталған қадам. Біз АЭС-тің ел үшін маңыздылығын түсінуіміз керек. Мысалы Түркия, Өзбекістан, Белорусь елдерінде референдум өткен жоқ. АЭС салуды билік өзі шешті. Ал бізде билік конструктивті әңгімеге шақырып жатыр. Бұл демократиялық қоғамның белгісі. Билік халықпен диалог құруды, халықтың белсенділік танытуына қызығушылық танытады. Алайда азаматтарымыз өзіне қатысы жоқ сұрақтарға келгенде, тіпті қызығушылық білдірмейтіні өкінішті. Оны біз сайлау кезінде байқадық. Әсіресе, Алматы тұрғындары мені таң қалдырды. Сондықтан әлеуметтік желілерде, қоғамда АЭС тақырыбы кеңінен талқыланғаны жақсы. Қарқынды пікірталас өтіп жатыр. Бұл халықтың білімі мен жауапкершілігін арттырып, дұрыс таңдау жасауына әкеледі деп үміттенемін», — деді саясаттанушы. 

Қорытындылай келе, референдум азаматтардың саяси үдеріске қатысу құқығын жүзеге асырудың тиімді тетігі болып табылады. Биылғы референдумға дайындық та қоғамның саяси белсенділігін арттырып, халықтың қатысу деңгейін анықтайтын маңызды оқиға болмақ.