Қазақстан әскери күшін жылдам дамытушы елдер қатарына қосылды - kaz.caravan.kz
  • $ 491.71
  • 529.97
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
9 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан әскери күшін жылдам дамытушы елдер қатарына қосылды

Қазақстан әскери күшін жылдам дамытушы елдер қатарына қосылды

Cоңғы жылдары әлем саясаты қайта милитаристік бағытқа ауысуда. Мемлекеттер жаппай қаруланып жатыр. Геосаяси тұрғыдан жаһандық тұрақсыздық артты, түрлі қарулы қақтығыстар көбейді. Шама-шарқына сай әр ел әскерін қуатты етуге тырысатыны белгілі.

  • 28 Тамыз
  • 8
Фото: ашық дереккөз

Әлемде әскери рейтингті анықтайтын бірнеше портал бар. Соның бірі Global Firepower порталы. Ондаған критерийге қарап, мемлекеттердің әскери әлеуетін қарастырып, баға береді. Аталған портал кезекті мәрте рейтингтерін жариялады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы саясаттанушы Асхат Қасенғали мәлімдеді.

Қазақстан осы рейтингте 58-орында тұр. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 5 позиция жоғарылады деген сөз. Осы негізге қарап, портал Қазақстанды «әскери күшін жылдам дамытушы елдер» қатарына қосыпты. Рейтинг әр 3-6 ай сайын жарияланып отырады. Жыл басында бір жарияланған, ол сәтте де Қазақстан 58-орында тұрған еді.

Орталық Азия елдерінде Өзбекстан 65-орында, Түркіменстан 86-орында, Қырғызстан 94-орында, Тәжікстан 107-орында тұр.

Жекелеген көрсеткіштер бойынша Қазақстан зымыран кешендерінен (РСЗО) 17-орын, ал өзіндік жүру артиллериясынан (САУ) 21-орын алған. Бұл жерде санына қарап есептеген сияқты.

Әлбетте, рейтингте көтерілген жақсы. Алайда бұл да аздық етеді деп ойлаймын. Орталық Азия елдері ішінде әскери техника алу мен әскерді жабдықтау бойынша басымдыққа ие болу — әскерді модернизациялауды азайтуға себепкер болмауы тиіс.

Заманауи соғыс пен заманауи әскер менің түсінігімде үнемі ғылыми технологиямен қол ұстасып жатады. Заманауи соғыстың қалай өрбитініне біз Армения-Әзербайжан, Украина-Ресей соғысында куә болдық.

Батыстық үлгідегі қаруларды қолдану үшін, ағылшын тілін білу маңызды. Әсіресе зымыран кешендері, әуе қорғаныс жүйесі, ұшақтарда. Украина тарапы сол саладағы әскерилерді ең алдымен ағылшын тілінде оқытып, артынша әскери техниканы үйренуге жібереді. Бұл кемі 4-6 ай уақыт жоғалту деген сөз. Заманауи техниканы қолдану нұсқаулықтары толықтай ағылшын тілінде жасалуда, яғни әскерилер үшін тілді білу де маңызды. Осы жағын да бізге тереңдету керек сияқты.

Отандық өнімді шығаруға басымдық беру керек. Әсіресе аса қиын емес техника түрлерін. Дрон дегендей. Қазақстан соңғы жылдары бірнеше типті дрондарды шығарып (Шағала іспеттес), сынақтан өткізіп жатыр ғой. Дұрыс бағыт. Енді соны жаңа дрон түрлерімен толықтыра түссе (жерүсті, суасты, суүсті), оған жасанды интеллект қосу, ұшу қашықтығын ұзарту дегендей. Дрондарға операторларды дайындау жағы да маңызды. Әлемнің бірқатар елдерінде тіпті «Дрон әскерлері» деген түсінік қалыптасып, мүлде бөлек сипатқа ие болуда.

Әлемдік қақтығыстарда нысандарды әуе шабуылынан қорғаудың жаңа әдістері шығуда. Миналау тәсілдері өзгеруде. Ақпарат алмасу қауіпсіздігіне үлкен мән берілуде. Айта берсе көп. Бұның барлығын мемлекет бізден жақсы біледі ғой. Әскери саладағы өзгерістер үнсіз атқарылады. Тілшілер барып, «бізде қандай техника бар» дегенде, есі дұрыс әскери санын да, түрін де айтпай, «бұл әскери құпия» дейтіні сондықтан. Жалпы тиісті шараларды жасап жатыр деп үміттенемін.