Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр - Тоқаев - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-6 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр - Тоқаев

Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр - Тоқаев

Президент Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялап жатыр.

  • 2 Қыркүйек
  • 8
Фото: Ақорда

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бірлескен отырысқа Сенаттың 46 депутаты және Мәжілістің 95 депутаты қатысып жатыр.

Сонымен қатар жиынға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық құрылтай, Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, қоғам өкілдері және еңбек ұжымдары шақырылды.

Өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданды. Оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Сондай-ақ ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енді.

Әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатайды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды.

Қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екені жасырын емес. Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те болады. Сондықтан осы бағытта арнайы заңдар қабылданды.

Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз.

«Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз. Бүгін біз алға қойған жоспарымызды пысықтап, мақсаттарымызды айқындаймыз», — деді Мемлекет басшысы.

Қазір жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр.

Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр. Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет.

Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа.

Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап (яғни орта класс) күшейе түсуі керек. Сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте аламыз. Ол үшін кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни, әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет».