Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор. Ел тарихына қатысты барлық құнды жазбалардың тыңғылықты зерттелуі – мемлекетіміздің тарихы мен болашақтағы таным-ұстанымының қалыптасуына көмектеседі. Бүгінгі күні ғылымда тілдік зерттеулерді қажет ететін, көне дәуір мен қазіргі түркі тілдерінің туыстығын айқындауда, сабақтастығын ашып көрсетуде орта ғасырлық армян-қыпшақ мұралары ерекше орынды еншілейді. Дәл осындай дереккөз мәліметі бүгінде Украинадан табылып отыр.
Еліміздің Украинадағы Елшілігінің мәліметінше, Украинаның Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатында (Киев қаласы) Каменец-Подольск армян Войтовский сотының армян-қыпшақ тілінде жазылған есепке алу кітаптарының цифрлық көшірмелерін Қазақстан Елшілігі өкілдеріне тапсыру рәсімі өтті. Іс-шараға Елшіліктің кеңесшілері А.Әлібеков, Е.Катренов, Д.Сатыбалдин, Украина Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатының директоры Ю.Файзулин, мұрағат қызметкерлері, сондай-ақ қазақстандық бизнес өкілдері қатысты.
«Украинаның Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатында әлемдегі ең үлкен армян-қыпшақ ескерткіштерінің жинағы – XVI-XVII ғасырлардағы Каменец-Подольск армян Войтовский сотының 28 акт кітабы сақталған. Бұл бірегей жазба құжаттар Орталық Азиядағы көптеген халықтардың, соның ішінде қазақтардың, қырғыздардың, өзбектердің де көне тілі саналатын, бірақ қазір жоғалып бара жатқан көне армян-қыпшақ тілінде жазылған. Осы мұраны сақтау және олардың зерттеу жұмыстарын жеңілдету мақсатында Украинаның Орталық мемлекеттік тарихи-мәдени мұрағаты Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі арқылы Қазақстанның ғылыми және оқу мекемелеріне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмелерін береді. Болашақта бірлескен күш-жігердің арқасында бұл бірегей тарихи мұра ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енеді деп үміттенеміз» деп атап өтті Украинаның Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатының директоры Ю.Файзулин.
Елшілік өкілдері Украинаның Орталық мемлекеттік тарихи-мәдени мұрағаты қызметкерлеріне және жеке Ю.Файзулинге атқарылған ауқымды жұмыстар үшін алғыстарын білдіріп, қыпшақ немесе протоқазақ тілі Еуразияның кең аймағындағы жалпы қарым-қатынас тілі болғаны туралы дәлелдерді ескере отырып, кітаптардың әрі қарай ғылыми зерттеулер үшін құндылығын атап өтті.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияға ресми сапары аясында Месроп Маштоц атындағы Матенадаран көне қолжазбалар ғылыми-зерттеу институтына барған еді. Президентке ғылыми-зерттеу институтында сақтаулы тұрған қыпшақ қолжазбалары көрсетілді. Соңғы жылдары армян ғалымдарының көмегімен Матенадаран қорынан Орталық Азия және Қазақстан тарихына қатысты 40 көне еңбектің көшірмелері алынды.
Мұнан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте еліміздің Армениямен мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға баса мән беретінін айтты.
“Биыл Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері өтеді. Бұл маңызды іс-шара халықтарымызды жақындата түсетіні сөзсіз. Әсіресе, рухани байланыстарымызды жандандырмақ. Сондай-ақ құрметті Армения Премьер-министрімен Ереван қаласы көшелерінің біріне ұлы Абайдың есімін беру туралы келісімге келдік. Ал Астананың бір көшесіне армян әліпбиінің негізін қалаушы, әулие Месроп Маштоцтың аты берілетін болды. Оған қоса армян қарпімен жазылған қыпшақ тіліндегі қолжазбаларды зерттейтін ғылыми топ құру туралы бастаманы құптадық. Оны Еуразия ұлттық университеті және Ереван мемлекеттік университеті бірлесіп жүзеге асырады”, – деген еді Президент.
Айта кетерлігі, Каменец-Подольск армян Войтовский сотының армян-қыпшақ тілінде жазылған есепке алу кітаптарының цифрлық көшірмелерін алуға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, сондай ақ Ежелгі және ортағасырлық тарихқа қатысты құжаттарды сақтауға маманданған Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұрағат ғалымдары қызығушылық танытып отыр. Жалпы, 2018 жылдың қыркүйегінде ЕҰУ ректоры Е.Б.Сыдықов және университеттің ғалымдары Қазақстан Республикасының Армениядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Т.Уразаевтың шақыртуымен Ереванға сапар жасаған болатын. Делегация Матенадаран көне қолжазбалар институтында болып, дөңгелек үстел қорытындысында Қазақстан мен Армения Республикаларының Сирек қолжазбалар институттары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған еді.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түркітану кафедрасының зерттеуші ғалымдары тарапынан армян-қыпшақ ескерткіштерін тыңғылықты зерттеу қолға алынып, армян жазулы қыпшақ жазба мұраларының тілдік ерекшеліктерін айқындауға байланысты магистрлік, докторлық (PhD) диссертациялар қорғалды. «Қыпшақтар: тарихы, мәдениеті, армян графикасындағы тілі», «Армян-қыпшақ ескерткіштері тіліндегі әмбебаптық пен ерекшелік» ғылыми жобалары жүзеге асырылуда. Табылған деректер армян-қыпшақ мәселесіне қатысты ғылыми ізденістер аясын кеңейтері анық.