Кеше ғана That Eurovision Site ресми сайтында Қазақстанның «Евровидение-2026» ән байқауына қатысуға үміттеніп отырғаны жөнінде жаңалық жарияланды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Хабар агенттігі басқармасының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев Еуропалық хабар тарату одағы Бас ассамблеясының директоры Ноэль Карранмен кездесу барысында Қазақстанның байқауға қатысу тақырыбын көтерді. Ол еліміздің бірнеше жылдан бері балалар Евровидениесіне қатысып жүргенін, Еуропамен мәдени байланыстарын белсенді дамытып отырғанын және Шығыс пен Батыстың арасындағы маңызды географиялық аймақта орналасқанын еске салды.
Ноэль Карран бұл ұсынысты қолдап, оны Еуропалық хабар тарату одағының алдағы отырысында ресми түрде талқылау керектігін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанның бастамасы ерекше назар аударуға лайық.
Евровидение Қазақстанға не береді?
Көпшілігі үшін «Евровидение» — бұл ән мен жарқыраған костюмдер, түрлі жанкүйерлер мен шоумен ғана шектелетін көрініс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, шын мәнінде, бұл — әлдеқайда маңызды, кең ауқымды халықаралық мәдени платформа.
Қазақстан үшін бұл байқауға қатысу — тек Еуропа емес, бүкіл әлем алдында өзін танытудың тамаша мүмкіндігі. Себебі «Евровидение» трансляциясын жыл сайын 160 миллионнан астам көрермен тамашалайды. Яғни бұл — еліміздің музыка, мәдениет, стиль мен дүниетанымын жаһанға көрсетуге арналған үлкен сахна.
Бұл байқау — отандық әртістер үшін де халықаралық аренаға шығудың бірегей жолы. Олар тек ән салып қана қоймай, шетелдік продюсерлермен, әріптестермен, журналистермен танысуға мүмкіндік алады. Тіпті кейбір қатысушылар жүлде алмаса да, байқаудан кейін келісімшарттарға қол қойып, гастрольдік турларға шығып, мыңдаған жаңа тыңдарман тапқан мысалдар бар.
Сонымен қатар, «Евровидение» — бұл туризмді дамытуға бағытталған мәдени экспорт. Қатысу арқылы шетелдік көрермендер Қазақстан туралы көбірек біле бастайды, еліміздің табиғаты, қалалары мен тіліне қызығушылық артады. Бұл — тікелей эфирдегі ұлттық мәдениеттің жарнамасы.
Егер болашақта байқау елімізде өткізілсе, Қазақстанға ондаған мың шетелдік қонақтар келіп, қонақ үйлерге орналасып, жергілікті шағын және орта бизнестің дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Евровидение неге әлі де арман?
Қазақстанның «Евровидение» байқауына қатысуы туралы әңгімелер алғаш рет 2010-жылдары шындап көтеріле бастады. Ал 2018 жылы еліміз алғаш рет балалар Евровидениесіне қатысқан кезде, бұл үлкен сахнаға бастайтын алғашқы қадам болып көрінді. Бұл үміттер ақтала бастағандай да болды — 2020 жылы Қазақстан екінші орынды иеленді. Осындай жетістіктерден кейін, ересектер Евровидениесіне қатысу — уақыттың еншісіндегі мәселе секілді көрінген. Оның үстіне «Хабар» арнасы байқаудың ресми серіктесі атанып, жыл сайын тікелей эфирде көрсетіп келеді.
Мәселе — бұл жай ғана музыка байқауы емес. Бұл — Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) клубы. Байқауға қатысу үшін осы одақтың толыққанды мүшесі болу қажет. Қазақстан болса, әзірге тек құрметті бақылаушы мәртебесінде. Яғни, көрермен болуға рұқсат бар, бірақ сахнаға шығуға — жоқ. Ән айтуға тек теледидар алдында ғана мүмкіндік бар.
Соңғы жылдары Евровидение саяси және әлеуметтік мәні бар әндер айтылатын халықаралық платформаға айналды. Мұнда соғыс, адам құқықтары, еркіндік пен қарсылық сияқты тақырыптар жиі көтеріледі. Сондықтан да елдің мұндай байқауға қатысуы — тек мәдени ғана емес, саяси сигнал да болып саналады.
Қазақстан бұл тұрғыда барынша байыпты әрекет етеді. Ресеймен тығыз қарым-қатынаста, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше, көршілермен дауласудан аулақ, геосаяси тепе-теңдікті сақтап келеді.
2022 жылы Ресей Украинадағы соғысқа байланысты байқаудан шеттетілгеннен кейін, бұл шоу Ресейде жағымсыз имиджге ие болды. Сондықтан Қазақстанның байқауға қатысуы көрші ел тарапынан екіұшты реакция тудыруы мүмкін.
Евровидениеге қатысу қанша тұрады?
Көпшілік «Евровидениеге» қатысуды әнші мен микрофоннан тұратын қарапайым нәрсе деп қабылдайды. Алайда бұл — күрделі әрі қымбатқа түсетін мәдени-имидждік кампания.
Байқауға қатысу үшін елге көптеген шығындарды ескеру қажет:
— Еуропалық хабар тарату одағына төленетін кіру жарнасы
— Промо-турлар мен халықаралық таныстырылымдар
— Клиптер түсіру, сахналық бейнежобалар
— Костюмдер, қойылым, сценография
— Шығармашылық топтың жұмысы мен режиссура
Мұның барлығы бір орындаушыға қатысты шығындар ғана. Орташа есеппен бір елдің байқауға қатысуы 300 000–700 000 еуро көлеміндегі бюджетті талап етеді.
Ал егер байқау еліміздің өзінде өткізілетін болса, онда шығын көлемі миллиондарға жетуі мүмкін. Бұған сахна құрылысы, халықаралық делегацияларды қабылдау, қауіпсіздік, трансляциялық инфрақұрылым, логистика және туристік дайындық та кіреді. Бұған дейінгі байқауларда өз елінде жарыс ұйымдастырған мемлекеттердің тәжірибесі — осының айқын дәлелі.
Евровидение Қазақстанда өтсе…
Елестетіп көрейік, Евровидение Ослода, Базельде емес Астанада немесе Алматыда өтсе. Сахнада шапан киген әнші. Артқы экранда — қазақтың киіз үйі, көкте самғаған қыран, түрлі түсті дрондар. Залда — әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған қонақтар. Ал теледидар алдында — ондаған миллион көрермен.
Айтпақшы, елордада мұндай халықаралық шоуға бейімдеуге болатын «Барыс Арена» бар. Алматыда да заманауи әрі кең «Алматы Арена» жұмыс істейді. Алматының туристер үшін ыңғайлы, климаттық тұрғыда қолайлы қала екенін де ескерсек, таңдау айқын көрінуі мүмкін. Алайда кез келген арена Евровидениеге дейін біраз өзгерісті қажет етеді:
— Жаңа жарық пен дыбыс жабдықтары
— Халықаралық трансляцияға бейімделген студиялар
— Артистерге арналған грим-бөлмелер мен техникалық аймақтар
— Логистика, қауіпсіздік жүйесі, медиа-орталықтар
«Евровидение» жобасына жай ғана бюджет игеру емес, елдің мәдени және имидждік стратегиясының бір бөлігі ретінде қарасақ. Бұл — өзімізді танытатын сахна, өнерімізді паш ететін алаң, туризм мен халықаралық байланыстарды дамытуға серпін беретін сәт.
Ең бастысы — байқаудың өзегін ұмытпау. Евровидение тек сахна мен отшашу емес. Ол — көрерменнің ел туралы алған әсері.