Қазақстан газ тапшылығына тап болды. Неге? - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-6 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан газ тапшылығына тап болды. Неге?

Қазақстан газ тапшылығына тап болды. Неге?

2024 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде сұйытылған газ бағасы өсті.

  • 3 Шiлде
  • 23
Фото: pixabay.com

Әр аймақта литріне 5 теңгеден 8 теңгеге дейін өсті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бұған дейін Энергетика министрлігі сұйытылған газды өндірудің рентабельсіздігіне байланысты оның бағасын көтеруді жоспарлап отырғанын хабарлаған, сондай-ақ өсудің басқа да бірқатар себептерін атаған. Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын тұтыну 2022 жылмен салыстырғанда 400 мың тоннаға немесе 28 пайызға артып, сала шығынға ұшырап жатыр.

Осы тұста Қазақстанның кейбір өңірлерінде газ тапшылығы байқалды. Мысалы Ақтөбеде сұйытылған газ сататын бекеттердің басым көпшілігінде «газ жоқ» деп жазылған тақтайша ілулі тұр. Автогаз сатып жатқан бірен-саран бекеттен ұзынсонар көлік кезегін байқауға болады. Ақтөбе әкімдігінің мәліметінше, автогаз энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес қымбаттаған. Газ өндіруші бағаны 12 пайызға өсірген. Яғни бір литрі 59 теңгеден сатылып жатыр. Ал облыс орталығы Ақтөбеден 200 шақырымнан әрі аудандар мен ауылдарда 64 теңгеден сатылып жатыр.

Ұқсас жағдай Таразда да орын алды. Әлеуметтік желіде тараған видеоларға қарасақ, автоказ бекеттерінде көліктер ағыны көбейіп, газға талас тіпті жаға жыртысуға дейін ұласқан.

Шымкентте де көлік иелері газ тапшылығына тап болды. Таңертеңнен жанар-жағармай құю бекеттерінде сағаттап кезек күткен олар, түстен кейін «газ жоқ» деген жазбаға кезіккен. Бұл жағдай бір аптадай жалғасып келеді дейді жүргізушілер.

Ал энергетика министрлігі жаз кезінде газға деген сұраныс артатынын айтты. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда сұйытылған газды тұтыну жылдан жылға артып келеді. 2022 жылы сұраныс 2 миллион тонна болса, былтыр 300 мың тоннаға артық болған. Өндірушілер шығынға батып отыр дейді мамандар.

«Экономиканың аталмыш секторын логистикамен қамтамасыз ету, вагондар мен цистерналарды тазалау сынды шығындар қымбат, ал газдың бағасы сол күйінде қалып отыр. Осыған байланысты сала дамымайды. Газдың бағасына қарап, инвесторлар да келгісі келмейді», — дейді Kazenergy қауымдастығының мұнай-газ саласын дамыту департаментінің директоры Рүстем Серғалиев.

Сарапшылардың пікірінше, биыл ішкі нарықтағы тұтыну көлемі тағы 200 мың тоннаға артып, газ тапшылығы 30-40 пайызға жетуі мүмкін.

Жыл басында сарапшылар Қазақстан алдағы уақытта газ тапшылығын бастан кешіруі мүмкін деген болжам жасаған еді. Сол болжам шындыққа айналып жатыр. Оның себебі жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысты қамтамасыз ететін өндірістің аздығы.

Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі тарихында басты назар мұнай өндіруге аударылып, ал газ секторы елеусіз қалып келеді. Республиканың қазіргі мұнай-газ секторы өндіруші сегментінің жалпы ЖІӨ-дегі үлесі 11,3%-ын құрайды. Соның ішінде газ секторының үлесі тым төмен. 

Ел аумағында ірі газ кен орындары орналасқанына қарамастан, олардың экономикасы күрделі, барлау мен өндіру қиын. Геологиялық барлауға кеткен шығынның ақталуы да оңай емес. 

Сонымен қатар табиғи газ қорының басым бөлігі – жоғары күкіртті ілеспе газ. Бұл өз кезегінде кен орнын игеру мен газ өндіруді айтарлықтай қиындатады. Соның салдарынан газды өңдеу өзіндік құны жоғары болады.

Негізі елдегі ішкі тұтыну құрылымында газ көмірден кейінгі екінші орында болған. Алайда кейінгі жылдары газ тұтыну көлемі үлкен қарқынмен өсіп жатыр. Мәселен, 2015 жылы газдың үлесі 19 пайыз болса, 2022 жылы 26 пайызға жеткен. IHS Markit дерегіне сүйенсек, 2040 жылға қарай көмірдің үлесі 42%-ға дейін төмендеп, газдың үлесі 29%-ға дейін өседі.

Қазақстандағы газдың басым бөлігі өндірілетін батыс аймақтың тұрғындары бағасы салыстырмалы түрде арзан болғандықтан автокөлікке сұйытылған газ құяды. 2022 жылғы қаңтарда Жаңаөзен қаласында жұрт сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы шығып, бұл наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдаған еді.