Қазақстан мен Тәжікстанды қандай мүдделер тоғыстырады - kaz.caravan.kz
  • $ 478.93
  • 534.96
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан мен Тәжікстанды қандай мүдделер тоғыстырады

Қазақстан мен Тәжікстанды қандай мүдделер тоғыстырады

22-23 тамыз күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Республикасына мемлекеттік сапармен бармақ. Сапар аясында екі тарап ауқымды келіссөздер жүргізіп, түрлі салалардағы ынтымақтастықты нығайтатын бірқатар құжатқа қол қояды. Осыған орай Kazinform тілшісі екі ел серіктестігінің жай-күйін біліп, қарым-қатынасына шолу жасады.

  • 22 Тамыз
  • 17
Коллаж; Kazinform/tripadvisor.ru/freepik.com

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Саяси ынтымақтастық

Орталық Азия аумағында жатқан Қазақстан мен Тәжікстанның арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылы 7 қаңтарда орнатылды. Сол жылы Қазақстанда Тәжікстанның дипломатиялық өкілдігі ашылды, ал Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі Душанбеде 1998 жылы сәуірде дербес миссия ретінде жұмыс істей бастап, 2001 жылы елшілік мәртебесі берілді.

Одан бергі уақытта екі елдің қарым-қатынасы ажыраған жоқ. 2022 жылы мамырда екі ел Парламентінің жоғарғы палаталары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтіп, 2022-2024 жылдарға арналған парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

Ал 2023 жылы мамырда Президенттер өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойды. Былтыр тамызда Қазақстанда Тәжікстанның мәдениет күндері өткізілген болатын.

Экономикалық байланыстар

Екі елдің экономикалық байланыстарының өткеніне қарайтын болсақ, 2015 жылы Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы өзара тауар айналымының көлемі 752,5 млн доллардан асыпты. Ал 5 жылдан кейін, 2020 жылы коронавирус пандемиясына қарамастан бұл көрсеткіш 791,4 млн долларға жетті. Кей жылдарды есепке алмағанда одан бері де қалыпты өсім тоқтаған жоқ. Былтыр тауар айналымы 1,13 млрд долларды құрады. Қазақстан 860 млн долларға экспорт жасаса, Тәжікстан тарапы 271 млн доллардың тауарын жеткізген. Ал биыл алғашқы 5 айда өзара сауда 464,6 млн долларды құрады. Екі ел үкіметі алдағы уақытта тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізуді жоспарлаған.

Тәжікстан
Инфографика: Kazinform

Қазақстан негізінен Тәжікстанға бидай, табиғи газ, алюминий оксидтері мен гидроксидтерін, бидай ұны, арпа, макарон өнімдері мен цианидтер экспорттайды.

Тәжікстан тарапы мыс және мырыш, қорғасын кендері мен концентраттарын, кептірілген жемістер, жүзім, пияз, сарымсақ, минералды және газдалған сусындар, өріктер, шие мен шабдалы жеткізеді.

Қазір Қазақстанда 504 тәжікстандық заңды тұлға мен олардың филиалдары жұмыс істейді. 90-нан астам қазақ-тәжік бірлескен кәсіпорны тіркелген.

2005 жылдан бастап 2023 жылға дейін Қазақстан Тәжікстан экономикасына 576 млн доллар инвестиция құйған. Инвестициялар көбіне қаржы қызметтері, байланыс, энергетика, сауда, құрылыс, өнеркәсіп, ұн тарту өндірісіне, геологиялық барлау мен пайдалы қазбаларды өндіруге бағытталыпты.

Мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас

Қазір Тәжікстан астанасы Душанбеде «Бәйтерек» қазақ ұлттық мәдени орталығы жұмыс істеп тұр. Бейресми мәліметтерге сенсек, Тәжікстанда 2 мыңға жуық қазақ тұрады. ҚР халық санағының деректері бойынша, 2021 жылы еліміздегі тәжіктердің саны 49 827 адамды құраған.

2022 жылы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен Душанбе қаласындағы кинотеатрларда қазақстандық фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылды. Ал былтыр дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай Түркістан облысының өнерпаздары Душанбеде концерт берді. 

Қазақстан-Тәжікстан
Фото: Ақорда

Сондай-ақ Қазақстанда Тәжікстанның мәдениет күндері өткізілгені белгілі. Аталған шара аясында Астана, Алматы және Шымкентте өнер шеберлері мен жастар өнер көрсетті. Екі елдің жетекші әдебиет және ғылым қайраткерлерінің кездесулері, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерінің, Тәжікстанның халық кәсібі бұйымдарының көрмелері мен жәрмеңкелері ұйымдастырылды.

Тоқаев Рахмон
Фото: Ақорда

Сонымен қатар бұған дейін Душанбеде Қазақстан мен Тәжікстан әйелдерінің форумы өтті. Білім беру саласында да өзара іс-қимыл дамуда. 2022 жылдан бастап тәжік азаматтарын Қазақстанның Жоғары оқу орындарында оқыту үшін квота 100-ге дейін көбейді. Қазір Қазақстанда 400-ге жуық тәжік азаматы білім алады, ал Тәжікстанда 100-ге жуық қазақстандық оқуда. Екі елдің жетекші жоғары оқу орындарында, атап айтқанда, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ мен М.Осими атындағы ТТУ базасында бірлескен ақпараттық технологиялар факультетін ашу туралы Келісімге қол қойылған.

Орталық Азия Еуразияны біріктіреді

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Болат Әуелбаевтың айтуынша, Орталық Азия халықаралық қатынастар архитектурасында және жаңа геосаяси контурлардың қалыптасуында маңызды аймаққа айналып келеді. Жақында Еуропалық одақтың жоғарғы өкілі Жозеп Боррельдің «бүгінде ОА елдері барлық оқиғалардың ортасында тұр» деп айтуы бекер емес. Сонымен қатар, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Астана саммитінде өңірді өз ұйымының өзегі ретінде таныған.

Болат Әуелбаев
Фото: ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

– Орталық Азия Еуразия құрлығының барлық бөлігін экономикалық тұрғыдан біріктіруге бағытталған. Сол үшін оның алдында үлкен перспективалар ашылуда. Осыған байланысты Тәжікстан «Орталық Азия бестігінің» кооперация процестерінің ажырамас және белсенді қатысушысы болып саналады. Өңірлік қауіпсіздік жүйесінде бұл ел маңызды рөл атқарады. Астана мен Душанбе ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ЭЫҰ, ХАҚҚ және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бастауында тұр.

Тәжікстан – таулы ел. Оның аумағында мыңнан астам тау мұздықтары бар, олардан көптеген өзендер, соның ішінде Амудария мен Сырдария өзендері бастау алады. Орталық Азияның жалпы су ресурстарынан бұл республикада өңірлік сулардың 70 пайызы қалыптасады. Сондықтан гидроэнергетикалық әлеует тұрғысынан бұл елдің басым мәні бар, – дейді сарапшы.

Сондай-ақ Әуелбаев Тәжікстанның пайдалы қазбаларға бай екенін сөз етті. Әлемдегі ең ірі күміс кен орындарының бірі «Үлкен Конимансур» Соғды облысында орналасқан. Таулы жерлерде асыл тастардың, уранның, алтынның, көмірдің, алюминий және полиметалл кендері бар.

– Тараптар энергетика, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, цифрландыру, туризм саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін үнемі пысықтап отырады. Қазақстандық экспорт үнемі сұранысқа ие, негізінен қазақстандық өндірушілер темір жол локомотивтерін, вагондарды, бидай, ұн және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін сатады. Жалпы 85 тауар позициясы бойынша биыл сауданы шамамен 190 млн долларға арттыру жоспарланып отыр. Өз кезегінде Қазақстанда тәжік көкөністері мен жемістері сұранысқа ие. Сондай-ақ еліміз Рогун ГЭС-інен электр энергиясын сатып алуға, техника мен жанар-жағармай материалдарының орнына «Бахри Точик» қоймасынан суармалы су жеткізуге мүдделі.

Бұған қоса, қазақстандық цифрлық технологиялар жақсы позицияны иеленуде. 2023 жылы KazAID агенттігінің желісі бойынша Тәжікстанға гранттық қолдау түрінде eGov платформасының IT-өнімдері берілді. Сонымен бірге қазақстандық IT-мектептер мен ғылыми-зерттеу институттарында 100 тәжік маманы оқытылатын болды.

Екі мемлекет те сауда-экономикалық тұрғыда бір-біріне қиын жағдайларда көмектеседі. Осылайша, Қазақстандағы су тасқыны кезінде тәжік халқы біздің солтүстік облыстарымыздың зардап шеккен халқына азық-түлік, ауыз су мен құрылыс материалдары түріндегі гуманитарлық көмек тапсырды, – деді Болат Әуелбаев.

Сарапшының айтуынша, екі ел саяси қарым-қатынастардың жоғары деңгейіне жетті. Мәселен, 2015 жылы Стратегиялық серіктестік туралы шартқа, ал өткен жылы Одақтастық іс-қимыл туралы декларацияға қол қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Душанбеге сапарының қорытындысында Одақтастық қатынастар туралы шарт болуы әбден мүмкін. Егер іске асса, тараптар қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан міндеттемелер алады.

Тәжікстан ынтымақтастықтың барлық жылдарында өзін сенімді серіктес ретінде көрсеткен. Осыған байланысты сауда-экономикалық қатынастарды, сауданы, өнеркәсіптік кооперацияны және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі құжаттар пакеті қабылданатын болады.