Қазақстан мұнай экспортын дамыту үшін «Ақтау» — «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағытын таңдаған еді. Бұл Қазақстан мұнайын әзірбайжан, грузин және түркиялық бауырлар арқылы өзге елдерге тасымалдау жолын кеңейту үшін таптырмас мүмкіндік, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы журналистің жазбасына сілтеме жасап.
Сіздер төмендегі суреттерден қарап отырған жер «ҚазТрансОйл» АҚ-ның маңызды стратегиялық нысаны «Ақтау» бас мұнай айдау станциясы мен «Қазақтеңізкөлікфлоты» су көліктері тұрақтайтын Ақтау порты.
«Ақтау» станциясынан айдалған мұнай портқа келіп, танкерлерге құйылып, экспортқа жол тартады.
Биыл қаңтар-сәуір айларында «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтау порты арқылы «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағытында Теңіз кен орнынан 490 мың тонна көлемінде қазақстандық мұнай жөнелтті. Бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 356 мың тоннаға артық.
Жыл соңына дейін «ҚазТрансОйл» АҚ Теңіз кенішінен жалпы көлемі 1,5 миллион тоннаға дейін қазақстандық мұнайды «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағыты бойынша жөнелтуді жоспарлап отыр.
Бұл тасымалдың бір бөлігі Ақтаудағы «Қазақтеңізкөлікфлоты» су кемелері арқылы іске асуда. 2023 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтау портындағы танкерлерге 3 млн 376 мың тонна мұнай тиеп жөнелтті. Оның ішінде «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағытына Теңіз кен орнынан 1 млн 057 мың тонна мұнай жіберген.