Қазақстан сауда соғысының нысаны емес: Біз үшін импорт арзандап, ұлттық валютамыз нығаяды - kaz.caravan.kz
  • $ 518.57
  • 566.59
+14 °C
Алматы
2025 Жыл
9 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан сауда соғысының нысаны емес: Біз үшін импорт арзандап, ұлттық валютамыз нығаяды

Қазақстан сауда соғысының нысаны емес: Біз үшін импорт арзандап, ұлттық валютамыз нығаяды

АҚШ билігі 2025 жылдың 9 сәуірінен бастап Қазақстаннан келетін барлық тауарларға 27% кедендік баж салығын енгізетінін ресми түрде мәлімдеді. Жаңа тарифтік жүйе аясында Орталық Азияның өзге мемлекеттері — Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан — тек 10% көлемінде базалық салықпен шектеледі.  Ал Қазақстан үшін тариф көрсеткіші екі есе жоғары болып отыр.

  • 4 Сәуiр
  • 17
Фото: newcentrialasia.com

Caravan.kz медиа порталының тішлісі қандай тауарларға салық артатынын және теңгенің болашағына жасалған болжамдарға талдау жасады.

Ақ үйдің «X» парақшасында жарияланған кестеде Қазақстандағы америкалық тауарларға қойылған орташа кедендік және техникалық шектеулердің жалпы көрсеткіші 54% деп берілген. Дональд Трамп бұл көрсеткіштің жартысын Қазақстан экспортына жауап ретінде қолдану керек деп есептейді — осылайша 27% салық пайда болды.

Сарапшылардың пікірінше, экспорттық бағыттар қайта қаралуы мүмкін. Кейбір кәсіпорындар АҚШ нарығынан кетіп, Еуропа, Қытай не Таяу Шығыс бағыттарына ауысуға мәжбүр болады.

Ал ҚР Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, АҚШ енгізген жаңа кедендік баждар Қазақстан экспортының 92%-ына әсер етпейді. Себебі бұл тауарлар АҚШ-тағы ерекше тізімге енген.

2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда көлемі 4,2 млрд долларды құрады. Қазақстанның АҚШ-қа экспорты 2 млрд доллар, ал импорт 2,2 млрд доллар болды. Негізгі экспорт — мұнай, уран, күміс, ферросплавтар.

Тек кейбір тауарларға ғана (мысалы, фосфор, ферросилиций, линзалар) қосымша тарифтер салынады, бұл жалпы экспорттың 4,8%-ын құрайды.

Үкімет АҚШ-пен қосымша баждарды қолданбау мүмкіндігін талқылау үшін келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.

АҚШ-тың сауда соғысы теңге бағамына оң әсер етеді 

Сарапшылар теңгенің болашағына болжам жасады. АҚШ-тағы инфляцияның өсуіне байланысты доллар әлсірейтін болса, теңге нығаюы ықтимал. Экономист Расул Рысмамбетовтің пікірінше, мұндай жағдайда Қазақстан үшін импорт арзандайды, салдарынан ұлттық валютаға оң әсерін тигізеді.

Halyk Finance мәліметтеріне сүйенсек, сәуір айында доллар бағамы 505–515 теңге аралығында тұрақтауы мүмкін. Дегенмен бұл болжамдар мұнай бағасы мен геосаяси жағдайға тікелей байланысты екенін де ұмытпаған жөн. 

Бұл ретте экономист Расул Рысмамбетовтің пікірін талдап көрейік. 

«Қазақстанға уайымдаудың қажеті жоқ. Жаһандық қақтығыстар біздің мәселеміз емес. Сауда соғысы бізге соққы болмайды. Әрине Трамптың саясаты көпшілікке жағымсыз, ал біз үшін тек психологиялық тұрғыдан ауыр тиюі мүмкін», — деді ол. 

Қазақстан эпидцентрдің ортасында болмағандықтан ұтып тұр. Негізгі қақтығыс қазіргі уақытта АҚШ пен әлемдегі ірі экономика державалары (Қытай, ЕО) арасында болып жатыр. АҚШ оларды «ең лас 15 ел» деп атап кеткен. Трамп дәл осы елдерге тарифтерді көтеруді қолға алды.  Біздің АҚШ-пен сауда көлеміміз сыртқы тауар айналымының 1%-на да жетпейді. Сондықтан 27%-дық баж салығы енгізілген күнде де экономикаға айтарлықтай соққы болмайды дейді сарапшылар.

«Өткен жылы біз АҚШ-қа 2 млрд доллардан астам тауар саттық, ал біз 1 млрд долларға сатып алдық. Яғни соңғы он жыл бойы алғанымыздан, сатқанымыз көп. Сондықтан біз сауда саласындағы орнымыз қала бермек, ал салынып отырған салық көлемі тек формалды деп ойлаймын», — деді ол. 

Басқа елдерге тікелей әсер туралы айтсақ, кейбір тауарлар біздің нарыққа тіпті арзандап түсуі мүмкін. Тариф енгізілетін елдер жаңа нарықтарды іздейді, және сол арқылы Қазақстан техника, металдар, көлік құралдары немесе құрылыс материалдары бойынша тиімді ұсыныстар алуы ықтимал. 

«Бұл жағдай бизнес пен тұтынушылар үшін жағымды болуы мүмкін. Біз АҚШ нарығын толық алмастыра алмаймыз, бірақ басқа ТМД елдерімен салыстырғанда, біздің нарық баға жағынан тартымды», — деп болжады сарапшы. 

Жаһандық инфляция да Қазақстанды айналып өтеді дейді сарапшы. АҚШ-та инфляция өссе тұтынушылар үшін бағалар шарықтайды, сәйкесінше доллар құнсыздана түседі. Мұндай жағдайда Қазақстанға долларлық импорт тауарларын арзан бағада алуға мүмкіндік туады. Нәтижесінде теңге долларға қарағанда нығаяды.  

Қазақстан сауда соғысының нысаны емес, керісінше, Қазақстан үшін қазір бұл экспортты кеңейту, Азия, ЕО және басқа елдермен саудалық байланыстарды нығайтуға зор мүмкіндік. 

«Осы ретте Қазақстан ауыл шаруашылығын, өңдеу және машина жасау салаларына басымдық беруі қажет. Қазір – мүмкіндіктер терезесі ашылып тұр, арзан несиемен жақсы жабдық сатып алу уақыты келді. Дәл қазір Байтерек қаражаты қажет болады. Ең бастысы – тез әрекет ету», — деп түйіндеді сарапшы. 

Алдағы жағдай қалай болмақ?

Тәуелсіз сарапшы Лина Егельқызы келесідей ұсыныстарын жазды. Тариф соғысының эскалациясы аясында Қазақстан үшін маңызды шаралар:

         •        Сыртқы сауда құрылымын қайта қарау;

         •        Еуропалық Одақпен және Азия елдерімен байланыстарды нығайту;

         •        Өндірісті локализациялау мен өңдеу саласына өтуді жылдамдату;

         •        Көпжақты форматтар арқылы ынтымақтастық орнату – ОТС, ШОС, ЕАЭО.

Осылайша, АҚШ-тың бастаған сауда соғысы теңге бағамына ықпалы екіұшты болып, көптеген айнымалыларға тәуелді болмақ. Сарапшылар жағдайды мұқият қадағалап, қаржылық шешімдер қабылдау кезінде ықтимал тәуекелдерді ескеруге кеңес береді.