Бір кездері ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарда болған Қазақстан бүгінде өз егістіктерінің көп бөлігінен айырылып қалды. Бұл туралы сарапшылар дабыл қаға бастады. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, 1991 жылы ел аумағында 2,3 миллион гектар суармалы жер болған, ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,4 миллион гектарға дейін қысқарды. Яғни, соңғы отыз жылда Қазақстан 840 мың гектар құнарлы жерінен айырылды. Бұл жай ғана статистика емес, бұл ауыл, аграрлық экономика, азық-түлік қауіпсіздігі және экология үшін салдары ауыр болатын күрделі дағдарыс.
Кеңес кезінен қалған мұра – күйреу алдында
Кеңес Одағында ауыл шаруашылығы мемлекеттік деңгейде басқарылып және қаржыландырылып отырды. Колхоздар мен совхоздар кең ауқымды суару жүйелерін ұстауға жауапты болды. Су қоймалары, насос станциялары, каналдардың бәрі бір жүйе ретінде жұмыс істеді. Бірақ 90-жылдары Кеңес Одағы тараған соң, ауыл шаруашылығы секторындағы мемлекеттік қолдау күрт қысқарды. Колхоздар мен совхоздар тарап, мыңдаған жұмыс орны жойылды. Ал ирригациялық инфрақұрылым иесіз қалды.
Су шаруашылығы институтының деректеріне сенсек, 1980-жылдары суару жүйелерін жыл сайын күтіп ұстауға шамамен 1,2 млрд рубль қажет болған. Алайда 90-жылдары бұл қаржының тек 5–10%-ы ғана бөлінді. Соның салдарынан бүгінде су арналарының 90–95%-ы істен шыққан.
Сусыз егіншілік – өнім аз, импорт көп
Суармалы жерлердің азаюы Қазақстандағы егіншілікке тікелей әсер етті. 1991 жылы елімізде 25 миллион тонна дәнді дақыл жиналса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 18 миллион тоннаға дейін төмендеді. Оның үстіне, суармалы алқаптарда өсірілетін өнім көлемі екі есеге азайды. Мал азығы мен көкөніс шаруашылығы да дәл осындай құлдырауға ұшырады.
Салдарынан ел азық-түлік импортына тәуелді бола бастады. 2024 жылы Қазақстан сырттан 2,5 млн тонна астық пен 1,8 млн тонна көкөніс сатып алған. 2010 жылмен салыстырғанда 25%-ға көп.
Ауылдағы халықтың жай-күйі
Суармалы жерлердің қысқаруы – тек егін шаруашылығына ғана емес, ауыл өміріне және оынң халқына соққы болды. Ауыл шаруашылығындағы жұмыс орындарының саны 2,1 миллионнан 1,3 миллионға дейін азайды. Ауылдағы жұмыссыздық артты, ал қалаға көшіп жатқандар саны 35%-ға өсті. Қалалардағы әлеуметтік инфрақұрылым онсыз да тығыз, ал ауылдың бос қалуы ел ішіндегі теңсіздікті күшейтуде.
Экологиялық жағдай да күрделене түсті. Суару жүйелеріндегі судың жартысына жуығы далаға кетіп, ысырап болуда. Тұзданған жерлердің көлемі 1,5 млн гектардан 2,2 млн гектарға дейін өсті. Арал теңізі болса күн санап кішірейіп барады. 1991 жылы оның аумағы 28 мың км² болса, 2025 жылы бар болғаны 10 мың км² ғана қалды. Бұл өз кезегінде тұщы су тапшылығын ушықтырып отыр. БҰҰ дерегінше, 2030 жылға қарай Орталық Азиядағы халықтың 60%-ы ауызсу тапшылығынан зардап шегуі мүмкін.
Мәселені шешу үшін Қазақстан 2017 жылы «2030 жылға дейінгі су шаруашылығын дамыту» бағдарламасын қабылдады. Оның аясында 1 млн гектар суармалы жерді қайта қалпына келтіру көзделді. Бірақ 2025 жылға дейін бар болғаны 200 мың гектар ғана жаңғыртылды. Бұл жоспардың небәрі 20%-ы. Негізгі себеп қаржы мен маман тапшылығы болып қала береді.
Толық жаңғырту үшін шамамен 5 трлн теңге және 15–20 жыл қажет. Мұндай ауқымды жұмыс тек ішкі ресурстармен шешілмейді. Сондықтан халықаралық ынтымақтастық – шешімнің бір бөлігі болуы мүмкін.
Ресеймен серіктестіктің әлеуеті
Ирригация саласында тәжірибесі бар Ресей Қазақстан үшін маңызды серіктеске айналуы мүмкін. 2014–2024 жылдары Ресей 1,8 млн гектар суармалы жерді қалпына келтірген. Қазақстанға ресейлік техника мен технологиялар тасымалданып жатыр: 2023 жылы бұл бағыттағы экспорт 150 млн долларды құраған. Форумдарда бірлескен жобалар, мамандарды оқыту және техника жеткізу туралы келісімдер жасалды. Бірақ бұл бастамалар толыққанды серпіліске айналуы үшін саяси ерік пен тұрақты инвестиция қажет.
Қазақстанда суармалы жерлерді қайта жандандыру – тек ауыл шаруашылығының ғана емес, бүкіл елдің болашағы үшін маңызды. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін арттыру, ауылдың әлеуметтік тұрақтылығын сақтау және экологиялық апаттардың алдын алу үшін қажет. Бірақ бұл оңай шаруа емес: нақты реформа, жемқорлықпен күрес, тиімді инвестиция және жаңа технологиялар қажет. Ресеймен әріптестік мүмкіндіктердің бірі ғана. Бірақ бұл жол – ұзақ және жүйелі еңбекке негізделуі тиіс.