Қазақстан сирек жер элементтері бойынша әлемдік ондыққа кіруі мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 510.84
  • 579.7
+25 °C
Алматы
2025 Жыл
25 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан сирек жер элементтері бойынша әлемдік ондыққа кіруі мүмкін

Қазақстан сирек жер элементтері бойынша әлемдік ондыққа кіруі мүмкін

2022 жылы ел аумағында 11 учаскеде сирек металдарды іздестіру жұмысы басталып, былтыр аяқталды. Зерделеу жұмысының нәтижесі туралы толығырақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Байбатыров айтып берді.

  • 14 Мамыр
  • 5
Фото: mil.sohu.com

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

— Бүгінде тау-кен металлургия саласын ел экономикасының қозғаушы күші деп есептейміз. Мемлекеттік бюджетке түсетін негізгі кірістер табиғи ресурстар есебінен түседі. Бұл сала біз үшін аса маңызды. 2018 жылы жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс енгізілді. Кодекс бірқатар жаңашылдық алып келді, қазір салаға жаңа компаниялар келіп жатыр. Біздің салаға халықаралық деңгейдегі ірі инвесторлар тартылды, шамамен 10 шақты ірі инвестор Қазақстанға келіп, белсенді жұмыс істеп жатыр, — деді Марғұлан Байбатыров елордада өтіп жатқан ІІІ халықаралық «Қазақстанның тау-кен» конгресінде.

Одан әрі маман геологиялық зерделеу жұмыстарына тоқталды.

— 2022 жылы біз 11 учаскеде сирек металдарды іздестіру жұмысын бастадық, былтыр ол жұмыс аяқталды, қазір бізде қуантарлық нәтиже бар. Өте ірі кен орны анықталды, яғни сирек жер элементтерінің кен орны, мұнда шамамен 17 компонент бар. Олардың қатарында лантаноидтар, теллуридтер және басқа да элементтер бар. Бұл болашағы зор учаске. Егер болжамды қордың бір бөлігі расталса, біз сирек жер элементтерінің ірі қоры бойынша әлем елдерінің алғашқы ондығына кіре аламыз. Сирек жер компоненттері негізінен электроника өндірісінде қолданылады. Қазір жаңа технологиялар жақсы дамып жатыр және олар сирек жер элементтерін талап етеді. Электромобильдер де қарқынды дамып келеді, тиісінше, осындай технологиялық өндірістер үшін шикізат қажет, — дейді ол.

Геология комитеті өкілінің айтуынша, салада кадр мәселесі — өте өзекті

— Салаға реформа жүргізілген жылдары біз шамамен 3000 лицензия бердік. Сәйкесінше, оларды кадрмен қамтамасыз ету қажет. Қазір геология нарығында, нақты білікті геологтар тапшы. Біздің мәліметтеріміз бойынша, геологтар даярлаған жоғары оқу орындарының түлектері 100% жұмысқа орналасады. Бұл дегеніміз студент оқуын аяқтаған бойда жұмысқа орналасуының айқын көрсеткіші. Тау-кен саласындағы жалақы өте жоғары. Бұл өте беделді мамандық. Бірақ, бір кездері бұл мамандыққа сұраныс азайған болуы мүмкін. Бүгінде білікті геологтар мен жаңа буын арасындағы алшақтық шамамен 30 жыл, яғни 30 жылдық үзіліс бар. Бұл үзіліс салдарын тигізіп отыр, — деп толықтырды М. Байбатыров.

Айта кетейік, бүгін Астанада ІІІ халықаралық «Қазақстанның тау-кен» конгресі өтіп жатыр. Іс-шараға отандық мамандардан бөлек, Орталық Азия елдерінен келген геологтар, сарапшылар мен компания басшылары мен өкілдері қатысып жатыр. Сондай-ақ тау-кен өндірісі мен технологиясына арналған көрме ұйымдастырылған. 
Таяуда ғана экспорттық шектеуден сирек жер элементтерінің бағасын шарықтатып жібергенін жазған едік.