Өткен аптада бюджет қабылданды. Алайда ол жерде қоғамды, халықты алаңдататын бір мәселе бар. Бюдежттік өтінімдерді қарастырған кезде оның сомасы 32 трлн теңге болған. Ал қолдағы бар қаражат 15 трлн теңге. Бұл туралы Прьемер- министр Олжас Бектенов айтқан еді. Бұл жетіспеушілік қайдан туындап отыр? Қаржы сарапшылары не дейді? Caravan.kz медиа порталының материалында.
Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, шындығында кірістердің сомасы 15 трлн ғана. Ал бюджет бойынша шығыстар 25 трлн теңгеге қабылданып отыр. Бюджет жетіспеушілігі 10 трлн теңгені құрайды.
«Осы жетіспеушілікті жою үшін еліміз трансфер арқылы тартады, ол трансфердің 5,3 трлн теңгесі ұлттық қордың ақшасы. Біз оған қарсымыз, алайда тапшылықты жою үшін Үкімет осы қадамға бармақшы. Қалған 4,7 трлн теңгесі ол тапшылық. Негізі жыл сайын бюджетте тапшылық орын алады, алайда биыл тапшылық едәуір аз. Тапшылықтың барлығы қарыз арқылы жабылады. Қазір еліміздің қарызы — 29 трлн теңгеге жетті. Келесі жылдың соңына дейін бұл сома 37 трлн теңгеге көтеріледі деген болжам бар. Бұл көптеген сұрақтар тудырады, алаңдаушылық білдіріп отырмыз. Ел ішіндегі экономиканы жандандырмай, шағын және орта бизнесті дамытпай біздің экономикамызға салық түсімі түсетін басқа мүмкіндік жоқ», — дейді мәжіліс депутаты.
Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдермен салыстырғанда Қазақстанда жалпы ішкі өнім ақсап тұр. Ресми деректерге жүгінсек, осы жылдың жартыжылдығында Қырғызстан, Армения, Беларусь елдерінде жалпы ішкі өнім 7 пайыздан асты. Ал Қазақстанда — 3,6 пайыз, екі есе төмен. Мысалы Ресей мемлекеті санкцияның астында жатыр, көптеген активтері бұғатталған, соғыс жағдайында болғанына қарамастан жалпы ішкі өнім бізден жоғары.
«Біз бюджет тапшылығын жою үшін ұлттық қорға қол салып жатырмыз. Менің ойымша, еліміз үлкен бюджеттік дағдарысқа кіріп бара жатыр. Енді Үкімет осы дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылдауға тиіс. Оны қабылдамасақ бұл жағдайдан шығу қиын болады. Экономикамыз осы қалыпта қала беретін болса, шығындарымыз арта береді, кіріс көбеймейді. Шығыс неліктен көбейеді? Бюджеттің 38 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады, келесі жылы 45 пайызға артады. Оның 29 пайызы аймақтарды дамытуға, ал нақты секторға 8 пайыз. Ол келесі жылы 6 пайызға төмен түсіп отыр. Қазір нақты секторға жағдай жасамасақ, бюдетті толтыратын көздер болмайды», — дейді Берік Бейсенғалиев.
Қаржы сарапшысы Бауыржан Мұқановтың пікірінше, мемлекет өзіне үйіп-төгіп жауапкершілікті алып, қазір соны орындай алмай отыр.
«Біз салық түсімін толытыра алмай отырғанда, еліміз басқаларға көмектескісі келеді. Осы жағдайға тап болғанымыздың бірініші себебі — ақшаны оңды-соңды шашу. Сондықтан орта тапты қолдау шараларын қысқарту керек. Біреудің қарызын субсидиялау қателік», — дейді қаржы маманы.
Ұлттық қордың ақшасы қажетті мақсаттарға жұмсалуы керек. Болашаққа арнап құрылған аталмыш қор арқылы келешек ұрпаққа дамыған өркениетті ел қалдыруымыз керек. Қор осы мақсатта қолданылуы керек деп пікір білдірді қаржы маманы.
«Ұлттық қордың ақшасына дәл қазір жол салып, инфрақұрылымды дамытайық. Оның ақшасын әлеуметтік төлемдер төлеумен шектемеу керек. Мемлекеттің дамуына үлес қосатын жобаларды қаржыландырайық», — дейді Бауыржан Мұқанов.
Қорытындылай келе, ішкі экономиканы жандандыру үшін екінші деңгейлік банктердің қаражатын төмен пайыздық мөлшерлемелер арқылы нақты секторлаға жеткізу қазіргі халық қалаулыларының мақсаты. Олар бұл туралы айтып келеді. Яғни, банктер арқылы кәсіпкерлерді қолдасақ, үкімет өз қалтасынан ақша салмайды. Нәтижесінде ұлттық қордың ақшасы шашылмайды. Қазіргі таңда екінші деңгейлік банктердің шағын және орта бизнеске үлесі — 8-ақ пайызды құрап отыр. Кейбір жылдары бұл көрсеткіш -25 пайызға жеткен. Осы мақсатқа қайдатан жету керек, дейді сарапшылар. Ал жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жаңа өнімдердің пайда болуы қымбатшылыққа әкеледі ме деген сұраққа, бұл жерде ұлттық банк инфляция деңгейін ұстап тұратын саясатты әрі қарай жүзеге асыруы керек. Себебі ұлттық банктің негізі міндеті ол фискалды жолдармен елдегі қымбатшылықты болдырмау.
Сондай-ақ ұлттық қордан алынатын ақша ел кірісінен жоғары болмауы керек. Ақшаны алғанның да реті болуы керек дейді сарапшылар. Ұлттық қордың ақшасы жер қойнауынан түсіп отыр. Ал Конституциямызда елдің жері де, байлығы да — халықтікі делінген. Сондықтан қордың ақшасы да оңды-соңды шашыла берілмегені жөн. Ұлттық қор- балаларға жобасы енді ғана болашақ мүддесіне жұмыс жасай бастады. Қалған уақытта қордың ақшасы кірісіне сай алынып, қайда кетіп жатқаны турады да есеп жасалғаны дұрыс, дейді сарапшылар.
Ал қарапайым халық бұл жағдайдан не күтеді? Қалай өмір сүреді?
Қаржы сарапшысы Бауыржан Мұқановтың айтуынша, халыққа бұл жағдайлардан ешқандай өзгеріс болмайды. Экономика артса да, төмен түссе де. Неге? Себебі барлық экономикалық жауапкершілікті үкімет өзіне жүктеп алған.