Қазақстанның ғылым саласында айтарлықтай серпіліс байқалуда. Бұл саланың бюджеті, кадрлық әлеуеті және жобаларды қаржыландыру көрсеткіштері рекордтық деңгейге жеткен, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде ғылыми ортаны қалыптастыру және инновацияларды өндіріске енгізу басым бағытқа айналды.
Егер 2023 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстарына 121,5 млрд теңге жұмсалса, 2025 жылы бұл көрсеткі 260 млрд теңгеге жетті.
Бөлінген қаржы нақты нәтиже бере бастады. Бүгінде аяқталған қолданбалы зерттеулердің 35,8% өндіріс деңгейіне шыққан.
Satbayev University ғалымдары «Қазақмыс Прогресс» базасында тазалығы 99,5% болатын селен алды. Нәтижесінде өнімнің қосымша құны 30%-дан 97% дейін артты.
Nazarbayev University зерттеушілері литий-ионды аккумуляторларға қажетті шикізат алу технологиясын әзірледі. Бұл жобаның әлеуетті нарығы 40 млрд долларға бағаланып отыр.
Ғылым саласындағы кадрлар саны 30% артып, 28 374 адамға жетті. Жас ғалымдардың үлесі 2021 жылғы 35%-дан 2025 жылы 48% дейін өскен. Зерттеушілердің орташа жасы 47-ден 44 жасқа төмендеді. Сондай-ақ ғылыми қызметкерлердің 56% – әйелдер.
Мемлекет ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін бірнеше маңызды қадам жасады:
1. Ғылыми дәреже үшін қосымша ақының құны 17-ден 50 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
2. 2025 жылы 271 зерттеуші баспаналы болды (оның ішінде 79 пәтер тегін берілді).
3. Кәсіпті ғылымға тарту үшін ҒЗТКЖ-ға 300% шегерімдер енгізілді.
«Қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң саланың жаңаша дамуына негіз болды. Ендігі мақсат – ғылымды экономикамен тығыз байланыстырып, оның беделін асқақтату», – деп атап өтті мекеме өкілдері.