2025 жылдың II тоқсанында бір қызметкерге шаққандағы орташа айлық жалақы 448,6 мың теңгені құрады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда номиналды түрде 11,3%-ға артқанымен, тұтынушылық инфляцияны ескергендегі нақты мәні өзгеріссіз қалды. Бұған дейін қатарынан сегіз тоқсан бойы өсім байқалған.
Нақты жалақының бір жыл бұрынғы деңгейде қалуы 2015 жылдан бергі алғаш рет тіркеліп отыр. Соңғы 7,5 жылда төмендеу тек екі рет болған, соңғысы – 2023 жылдың I тоқсанында (-0,6%).
Сәуір–маусым аралығында өсімнің тоқтауына ең көп үлес қосқан құрылыс саласы болды – мұнда нақты жалақы бір жылда 10,8%-ға азайып, 490,2 мың теңгені құрады.
Сондай-ақ инфляцияға түзетілген жалақы білім беру мен денсаулық сақтау салаларында да 3,1%-ға төмендеді (тиісінше 373,8 мың және 339,6 мың теңге).