Қазақстанда Тик-ток жабылса, сөз бостандығына тыйым салынғаны ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда Тик-ток жабылса, сөз бостандығына тыйым салынғаны ма?

Қазақстанда Тик-ток жабылса, сөз бостандығына тыйым салынғаны ма?

Жастың да, кәрінің де санасын улап біткен, тіпті әжелер тікелей эфирге кіріп, билеп шығатын Тик-Ток әлеуметтік желісіне шектеу қойылуы мүмкін.

  • 23 Сәуiр
  • 90
Фото: ашық дереккөз

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде Тик-Ток платформасын бұғаттау мәселесі қаралатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

«Тик-Ток бұғаттау мәселесінде көрші елдердің тәжірибесін қарап отырмыз. Шынымен де, қазіргі таңда әлеуметтік желідегі материалдарда құқық бұзушылық фактілер өте көбейіп кетті. Оның барлығы біздің ұлттық қауіпсіздігімізге ықпал етеді. Әлбетте, осындай шараларды қабылдауға болады», – деді Аида Балаева.   

Еске салайық бұған дейін Сенат отырысында депутат Алишер Сатыбалдиев Үкімет басшысына сауал жолдап, Tik-tok желісіне шектеу енгізуді сұрады. Айтуынша, бұл платформа балалардың тәрбиесіне теріс әсер етіп жатыр.

Әлеуметтік желілер қоғам өміріне дендеп енді. Мәселен, еліміз бойынша Instagram-ға – 12,1 млн, Facebook-қа – 2,6 млн, ал небәрі екі жылдың ішінде TikTok-қа 14,1 млн азамат тіркелген. Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, олардың пайдалы жақтарымен қатар, зияны да жеткілікті. Әлеуметтік желіге бесіктен белі шықпаған балалар мен әлі оң-солын танып үлгірмеген жасөспірімдеріміздің үйір болуы ата-аналарды қатты алаңдатып отыр.

Шектеусіз таралымдағы әлеуметтік желілер пайдалы білім алып, үнемі қозғалыста болуы тиіс балалардың алтын уақытын ұрлағанымен қоймай, олардың денсаулығына, психикасына да теріс әсер етіп жатыр. Әсіресе, балалар арасында кең танымал TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келеді.

Тик-Ток қолданушылардың 75 пайызы 13-24 жас арасындағы жастар. 4-5 жасар балалардың өзі күнделікті 75 минутын осы желіні тамашалаумен өткізеді екен.

Хайп қуып, ар-ұяттан аттау әдетке айналды. Қоғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізет орнына қатыгездік, озбырлық, өтірік, өсек, мақтаншақтық етек алып барады. Мектеп оқушылары арасында бір-біріне әлімжеттік жасап, қатыгездік жасау фактілері де әлеуметтік желілер арқылы кең таралып жатыр.

Желінің осындай зиянды салдарларын ескере отырып, бірқатар әлем елдері TikTok-қа шектеу қойды:

Үндістан 2020 жылы құпиялылық пен қауіпсіздік мәселелеріне байланысты TikTok-қа және ондаған қытайлық қосымшаға, соның ішінде WeChat хабар алмасу желісіне де тыйым салды. Бұл шешім Гималайдың даулы шекарасында Үндістан мен Қытай әскерлері арасындағы қақтығыстан 20 үнді сарбазы қаза тауып, ондаған адам жараланғаннан кейін, көп ұзамай қабылданды.

Бұл компанияларға құпиялылық пен қауіпсіздік талаптары бойынша сұрақтарға жауап беру мүмкіндігі берілді. Ал, 2021 жылдың қаңтарынан бері аталған тыйым әлі күнге дейін доғарылмай сақталып келеді.

2022 жылдың желтоқсанында ФБР TikTok ұлттық қауіпсіздікке зиянды екенін ескерткеннен кейін, Тайвань бұл платформаны мемлекеттік секторда қолдануға тыйым салды. Дәлірек айтсақ, мемлекеттік құрылғыларда, соның ішінде ұялы телефондарда, планшеттерде, жұмыс үстелі компьютерлерінде TikTok пен қытайлықтардың өмір салтына арналған Douyin немесе Xiaohongshu (екеуі де қытайлық) тәрізді қосымшаларды пайдалануға рұқсат етілмейді.

Таяуда АҚШ әкімшілігі үкіметтік органдардың деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін TikTok-ты федералдық құрылғылар мен жүйелерден жоюға 30 күн берілетінін ескертті. Бұл шектеу тек мемлекеттік мекемелерде қолданылатын құрылғыларға ғана қатысты. Дегенмен кейбір америкалық заңгерлер TikTok-қа тікелей тыйым салуды жақтап отыр.

Әрине, Қытай сыртқы істер министрлігі осы үшін АҚШ-қа наразылық білдірді. Ресми Бейжің бұл тыйымды мемлекеттік билікті теріс пайдалану және басқа елдердің фирмаларына қысым жасау деп сипаттады. Бүгінде АҚШ-тың 50 штатының жартысынан көбі қытайлық қосымшаны үкіметтік құрылғыларда пайдаланбауды жөн көрген.

АҚШ-тың мәлімдемесінен кейін, іле-шала Канада басшылығы да үкімет шығарған құрылғыларда TikTok қолданылмауы керектігін жариялады. Сондағы мақсат – құпиялылық пен қауіпсіздікті сақтау.  Сондай-ақ болашақта канадалық қызметкерлердің бұл қосымшаны жүктеп алуына да мүлде тыйым салынуы ықтимал.

Пәкістан үкіметі TikTok азғындықты наситтайды деген қауіппен оны 2020 жылдың қазан айынан бері кем дегенде төрт рет бұғаттаған екен.

Ауғанстандағы «Талибан» билігі 2022 жылы TikTok пен PUBG ойынына жастарды «адасудан» қорғау үшін тыйым салды.

Еуропа Одағы елдері де өз шенеуніктерінің телефондарына Tik-Tok орнатуға тыйым салды. Ал, Tik-Tok-ты ойлап табушы, яғни Қытайдың өзі де кәмелет жасына толмаған балаларға «арнайы бала – Tik-Tok» контентін ұйымдастырған. Қытайдың өзінде балалар тиктоктың толық форматын пайдалана алмайды, нақты шектеу қарастырылған.

Биыл сәуірде Қырғызстанның цифрлық даму министрлігінің TikTok балалардың денсаулығына зиян келтіру туралы заңды сақтамағаны үшін әлеуметтік желіге кіруді шектеу туралы шешім қабылданды.

Алайда қарсылық білдірушілер де табылды. Тик-ток жабылса, сөз бостандығымызға тыйым салынуы мүмкін дейді.

«Осы Тик-ток арқылы өткен тарихымызды, бүгінгінің жаңалықтарын көріп, елдің көзі ашылып отыр. Мысалы, 1931-1932 жылғы қолдан жасалған геноцид туралы тарихи деректер, мемлекеттік тіл мәселелері,  әлемдегі жаңалықтар тағы да басқа. Түсінген адамға Тик-ток жабылмағаны дұрыс. Елде болып жатқан көп істі бей-жай қалдырмай, Тик-ток арқылы халық үкіметке ойын жеткізіп жатыр. Тіпті Бишимбаевтың ісін шетел білген соң осындай резонанстың арқасында біраз нәрсе шешіліп заң қабылданып жатыр», — дейді халық.