Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа қағидаларда, жаңа 8-1-параграфы пайда болды, онда былай делінген:
«Әскери қызметшіге (мерзімді әскери қызметтің қызметшісін, әскери оқу орнынының курсантын және кадетін, әскери жиындарға шақырылған әскри міндеттіні, резервтегі әскери қызметті өткеріп жүрген әскери қызметшіні қоспағанда) далалық төлемдер уәкілетті мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындаған тәртіппен, тұрақты тұрғылықты жерінен тыс орналасқан жеріне қарамастан, далалық шығуда (арнаулы далалық жұмыстарды қоспағанда), теңізге шығуда болғаны үшін, оқу-жаттығуларға немесе кемелердің жорықтарына қатысқаны үшін іссапар шығыстары төленбестен, тәулігіне 1,2 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жүзеге асырылады».
2025 жылы 1,2 АЕК – 4 718 теңге. Осылайша аталған санаттағы әскери қызметшілер «далада» өткізген әрбір тәулік үшін далалық төлем алатын болады.
Далалық төлемдер әскери бөлім (республикалық мемлекеттік мекеме) командирінің (бастықтың) далалық шығуды өткізу туралы бұйрығы негізінде төленеді. Бұл ретте төлем далалық шығу аяқтағаннан кейін және әскери қызметші әскери қызмет өткеру орнына оралғаннан кейін 7 жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Бұйрықта далалық шығу кезеңі, әскери атағы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) және атқаратын қызметі көрсетілген әскери қызметшілердің тізімі жазылады.