Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, ел бойынша 456 жоспардан тыс тексеріс жүргізілген. 5 ақпандағы жағдай бойынша, оның 313-і аяқталған, тоғызы тіркеу сатысында, ал бір тексеріс әлі жалғасып жатыр.
Комитеттің хабарлауынша, тексеріс қорытындысында 143 клиника жұмысын тоқтатқан.
Ең көп тоқтатылған өңірлер:
- Атырау облысы — 54 стоматология;
- Алматы — 26;
- Ақтөбе облысы — 12;
- Астана — 11;
- Қызылорда облысы — 10.
Миллиондаған айыппұл
Тексеріс нәтижесінде клиникаларға жалпы сомасы шамамен 75 миллион теңге айыппұл салынған. Түрлі заңбұзушылықтар бойынша 476 әкімшілік хаттама толтырылған, оның ішінде:
- Заңсыз медициналық немесе фармацевтикалық қызмет — 140 хаттама (3,1 млн теңге);
- Лицензиялау талаптарын бұзу — 62 хаттама (8,6 млн теңге);
- Фармацевтикалық қызмет пен дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар айналымы ережелерін бұзу — 84 хаттама (19,3 млн теңге);
- Медициналық көмектің стандарттарын өрескел бұзу — 70 хаттама (3,9 млн теңге).
Ведомство мәліметінше, тіркелмеген немесе қолдануға тыйым салынған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды өндіру, сатып алу, тасымалдау, сақтау, сату, пайдалану немесе жарнамалау бойынша 13 жағдай анықталған. Бұл бойынша айыппұл көлемі 6,8 млн теңгеге жеткен.