Қазақстандағы су тасқыны: Халыққа қандай қаржылай көмек көрсетіліп жатыр? - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы су тасқыны: Халыққа қандай қаржылай көмек көрсетіліп жатыр?

Қазақстандағы су тасқыны: Халыққа қандай қаржылай көмек көрсетіліп жатыр?

Ең көп қаражат бөлген «Самұрық-Қазына» қоры.

  • 9 Сәуiр
  • 111
Фото: ашық дереккөзден

Еліміз қиын жағдайға тап болды. 80 жылда болмаған су тасқынынан 76 мыңнан астам адам зардап шекті. Қазіргі уақытта 3 412 жеке тұрғын үй, 421 аула аумағы және 7 облыста 1926 саяжай үйі су астында қалып отыр. Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерге компаниялар мен жеке тұлғалар қандай көмек көрсетіп жатыр? Caravan.kz медиа порталы Курсив порталына сілтеме жасап қабарлайды.

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы Қазақстандағы су тасқынының салдарын жоюға 15 млрд теңге бөледі. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады. Компания хабрлауынша «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов портфельдік компаниялар басшыларының қатысуымен Төтенше жағдайларға ден қою жедел штабының отырысын өткізіп, су тасқыны мәселесін талқылаған. 

«Қор табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге жалпы сомасы 15 млрд теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді, Көмекті Қордың корпоративтік орталығы, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы», «Қазақгаз», «Кегок», «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго» компаниялары көрсетті»,- деді Жақыпов. 

Бұл қаражат бірыңғай қайырымдылық операторы Samruk-Kazyna Trust арқылы жіберілетіні айтылған. Қаржылай көмектен бөлек, компания қызметшілерінің су тасқынының алдын алуға және салдарын жоюға жұмылдырылған. 

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, су тасқынының алдына алуға және салдарын жоюға алғашқы күннен бастап портфельдік компаниялардың еншілес және тәуелді ұйымдарының ерікті авариялық-құтқару қызметтерінің күштері мен ресурстары жұмылдырылған. Олар Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсеткен. 

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев ҚМГ компаниялар тобы су тасқынына қарсы іс-шараларға 500-ден астам жұмысшы жұмылдырылғанын айтты. Сонымен бірге 160-тан астам техника мен құрал-жабдық, сондай-ақ 80 тонна дизель отыны, 22 тонна бензин түрінде гуманитарлық көмек берілген. 

«Қазақстан темір жолы» 45 су тасқынына қарсы пойыз жасақтаған. Су тасқынынан зардап шеккен барлық өңірлерде 47 өрт сөндіру пойызы кезекшілікпен су сорып жатқаны айтылған. ҚТЖ басшысы Нұрлан Сауранбаевтың айтуыннша теміржолмен Атырау облысынан 5 мыңға жуық қазақстандық эвакуацияланған. 

QazaqGaz компаниясының 750 адамды апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырған. Су тасқынына қарсы жұмыстарға компания 135 бірлік техника бөлген. 

Ал «KEGOC» АҚ электр желілерін, ғимараттар мен құрылыстарды еріген судың әсерінен қорғау шараларын қабылдаған. «Қазақтелеком» АҚ-да телекоммуникациялардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге күш салған. 

Air Astana баспасөз қызметі зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 1 млрд теңге аударатынын хабарлады. Бұл қаражат лосы топтың ортақ қаражатына кіретін болуы керек. 

«Еліміздің бірқатар өңірлеріндегі су тасқынынан туындаған ауыр жағдайдан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Air Astana тобы Samruk Kazyna Trust қорына 1 миллиард теңге аударады»,- делінген компания хабарламасында. 

Компания сонымен бірге Air Astana тобы су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерге гуманитарлық жүктерді тегін тасымалдай бастаған. Air Astana және FlyArystan ұшақтарымен Алматыдан Оралға және Алматы мен Астанадан Атырауға 8 мың килограм гуманитарлық жүк жеткізілген. 

Сонымен бірге «Самұрық-Қазына» қызметкерлері зардап шеккен отбасыларға азық-түлік, тұрмыстық заттар және басқа да гуманитарлық көмектер жіберетіні айтылған. 

Басқа компаниялар қанша қаражат бөлді?

31 наурызда «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев апатқа 5 млрд теңге бөлетінін жеткізді. Бұл қаражат су тасқынынан зардап шеккен үйлердің құрылысына жұмсалмақ. 

«Қайырымдылық көмек жергілікті атқарушы органдардың объектив тексеруі және ауылдық жердегі тұрғын үйді тиісті сараптама ұйымдары жарамсыз деп таныған жағдайда көрсетіледі. Растайтын құжаттар алынғаннан кейін қордың ішінде шешімді бекітудің тиісті рәсімдері жүргізіледі», – делінген хабарламада.

Су тасқынының салдарын жоюға Теңізшевройл компаниясы 2 миллиард теңге қаражат бөледі. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады. 

«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) осындай қиын-қыстау кезеңде Атырау облысының тұрғындарымен және Қазақстан халқымен бірге. Бұл жағдайдың халықтың өміріне елеулі әсер ететінін ескере отырып, су тасқынына қарсы жедел әрекет ету шараларына және жағдай басылғаннан кейін қалпына келтіру жұмыстарына қолдау көрсету мақсатында Теңізшевройл қазіргі таңда 2 миллиард теңге қаражат бөледі. Бұл бөлінген қаражат аймақ тұрғындары су тасқынының тікелей салдарын жоюға және зардап шеккендердің тұрмысын қалпына келтіруге септігін тигізеді деп сенеміз»,- деп мәлімдеді компания. 

Бұл қаражаттан бөлек компания Атырау облысының әкімдігімен ынтымақтаса отырып, су тасқыны салдарымен күрес жүргізуде. Компания 90-нан астам мамандандырылған техника, шамамен 30 автобус, сондай-ақ азық-түлік тауарлары мен жанар-жағармай ұсынған.

Ал Chevron компаниясы су тасқынынан зардап шекккендерге 3 млн доллар бөлетінін мәлімдеді. Қаражатты компания өзінің жергілікті «Шеврон Мунайгаз Инк.» еншілес компаниясы арқылы бөледі. 

«Қазақстанның ұзақ мерзімді серіктесі ретінде «Шеврон» елге су тасқынының жойқын зардаптарын еңсеруде қолдау көрсетуге дайын. Біз бұл шаралар халықтың шұғыл қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін маңызды екенін түсінеміз. «Шеврон» Қазақстан халқына қиын-қыстау кезеңде өз қолдауын білдіруге дайын»,- деп мәлімдеді Chevron Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесс. 

Компания хабарламасында Қазақстанда 30 жылдан астам уақыт бұрын жұмыс істей бастаған «Шевронның» елдегі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 460 миллион доллардан астам қаржы бөлгені жазылған. Ал 2020 жылы «Шеврон» Қазақстандағы коронавирустық пандемиямен күресуге 20 млн доллар көлемінде көмек көрсеткен. 

Ал Қазақстанның тау-кен саласындағы компаниялары – KAZ Minerals Тобы мен «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету және Қазақстанның бірқатар өңірлерінде табиғи апаттың салдарын жою үшін 800 миллион теңге бөлді. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады. 

«Қаражат тұрғын үйлерді қалпына келтіруге, қажетті тауарларды сатып алуға және ең көп зардап шеккен аймақтарда инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарына бағытталатын болады.Компаниялар табиғи апаттың зардаптарын тез арада жоюға, инфрақұрылымды және азаматтардың күнделікті өмір салтын қалпына келтіруге қолдау көрсетуде»,- деп мәлімдеді компания. 

Бұған дейін KAZ Minerals және Қазақмыс Аягөз ауданындағы су тасқынынан, Түркістан облысындағы су тасқынынан, Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге де қаржылай көмек көрсеткен болатын. 

Сонымен бірге Болат Өтемұратовтың қоры су тасқынынан зардап шеккендерге 680 млн теңге бөлген. 

«Бұл күндері біз миллиондаған отандастарымыз сияқты, су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің мүлкінен айырылған тұрғындарына алаңдаушылығымызды білдіре отырып, көмек қолын созамыз. Бөлінген қаражат оларға бірінші кезектегі қажеттіліктерді сатып алуға және көмектесуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз», – деді Болат Өтемұратов атындағы Қордың директоры Марат Айтмағамбетов.

Ал Eurasian Resources Group су тасқынына 500 млн теңге аударған. Компания мұның алдында 400 млн теңге, артынан қосымша 100 млн теңге бөлген. Соңғы қаражатты компания Павлодар облысында қарғын сумен күреске бағыттаған. 

«Қаржылай көмектен бөлек, Топ кәсіпорындары қарғын судың алдын алу жұмыстарына арнайы техникалар мен білікті мамандарын бағыттап жатыр. Сондай-ақ, кәсіпорындардағы еріктілер ұйымы жұртқа барынша көмек беріп жүр»,- делінген компания хабарламасында.  

Банктер қанша қаражат бөлді?

Halyk тобы су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде 1 млрд теңге бөлетінін хабарлады.

Halyk тобы және «Халық» қоры мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары табиғи апаттың зардабын азайтуға мүмкіндік туғызатынына сенім білдірген. 

Дәл осы көлемдегі көмекті Freedom Holding Corp. компаниясы да бөледі. Ол «Freedom Шапағат» арнайы қайырымдылық қорынан «Демеу Қазақстан қорына» қаражат аударатынын мәлімдеген. 

«Қазір біздің отандастарымыз, яғни үлкен отбасымыздың бір бөлігі үлкен сынақтан өтіп жатыр, ал біз мұндай жағдайда бей-жай отыра алмаймыз. Біз осындай қиын уақытта қашанда бірге болып, көмекке мұқтаж жандарға қолымыздан келгенше көмек көрсетуіміз керек. Отандастарымыз қалыпты өмірге тезірек оралуы үшін біз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бұл қиындықты жұмыла жеңеміз деген сенімдемін»,- деген Freedom Holding Corp. компаниясының Бас атқарушы директоры Тимур Турлов.

Ал Jusan Bank су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін 300 миллион теңге аударды. 

«Мыңдаған қазақстандықтардың басына қиындық түскенде, біз қалайша қол қусырып отырамыз?! Біз осы табиғи апаттан зардап шеккендердің барлығына амандық тілейміз. Жақын арада барлығы қалыпты өміріне қайта оралады деп сенеміз», – деді Jusan Bank Басқарма Төрайымы Гүлмира Жұмадиллаева.

Ал Kaspi bank бүгін су тасқынына қосымша 500 миллион теңге бөлетінін хабарлады. Мұның алдында банк 120 млн теңге бөлген. Осы әрекеті үшін банк сынға ұшырады. Кей басылымдар Kaspi Bank-тің банк үшін күлкілі сомада көмек көрсеткенін, Тоқаевтың үндеуінен соң, халыққа лайықты деңгейде көмектесуге ниет білдірмегенін жазды. 

Компания бұл олқылығының орнын жуып-шаю мақсатында «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық қорына жолдарды жөндеуге, құтқару тікұшақтарының жұмысын қамтамасыз етуге, генераторлар, сорғыштар, үрлемелі қайықтар мен дәрі-дәрмектер сатып алуға қосымша қаражат бөлді. 

Ал Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық қорына 100 мыңнан астам қарапайым қазақстандықтар 145 миллион теңгеден астам қаражат жинаған. 

Сондай-ақ Банк ЦентрКредит – 200 млн тенге, Еуразиялық банк – 200 млн тенге, RBK банк – 150 млн тенге бөлген. 

Шетелден көмек келді ме?

Одан бөлек блогерлер мен жұлдыздар, ірілі-ұсақты қайырымдылық қорлары да шамалары жеткенше көмек қолын созуда. Айта кетсек, әнші Димаш Құдайбергеннің концерттік костюмі қайырымдылық аукционда 2 млн теңгеге сатылды. Қаржы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жолданады.

Тіпті сонау шетелден рэп орындаушы Моргенштерн фургонмен гуманитарлық көмек жіберетінін хабарлады. 

«Қостанай, Қазақстан, сіздерге де фургонмен гуманитарлық көмек жиналып жатыр»,- деп жазған әнші өзінің телеграм арнасында. 

Сонымен бірге Түркия Қазақстанға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. 

«Біз Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі жойқын су тасқыны байланысты қатты қайғырамыз. Су тасқыны ауыр зардаптарға әкеліп соқты. Он мыңдаған қазақстандық бауырларымызды эвакуациялауға мәжбүр етті. Біз Қазақстан халқына және Үкіметіне көңіл айтамыз. Түркия табиғи апаттан зардап шеккен халыққа қажетті кез келген көмекті көрсетуге дайын», – делінген Түркия тарапының мәлімдемесінде.

Ал көрші Қырғызстан Қазақстанға 270 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті. Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен өңірлерінің тұрғындарына азық-түлік, киім-кешек, матрастар жеткізіледі. Қырғызстан министрлер кабинеті гуманитарлық көмекке 40 миллион сом бөлген.