Қазақстандық делегация энергетика министрі Алмасадам Сатқалиевтің басшылығымен Қытайға жұмыс сапары аясында атом энергетикасы саласында бірқатар маңызды келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Пекинде министр Сатқалиев Қытайдың мемлекеттік энергетика басқармасының басшысы Ван және Қытай атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Лю мырзамен кездесті. Кездесуде атом энергетикасы, мұнай-газ, электр энергетикасы және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
«Қытай тарапы Қазақстанда АЭС салу жобасын іске асыруда қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді», – делінген хабарламада.
Келіссөздер барысында Қазақстан делегациясы Қытай ұлттық атом корпорациясының (CNNC) бас директоры Шен мырзамен кездесті. Бұл корпорация Қазақстанның АЭС технологияларын жеткізушілердің шорт-листіне енгізілген.
Сонымен қатар, делегация Чжанчжоу қаласында салынып жатқан HPR-1000 реакторы бар атом электр станциясын, атом энергетикасы корпорациясының Shanghai Electric өндірістік базаларын және орталық Қытайдағы уран байыту зауытын аралады.