Басқа шетелдің қандай жұлдыздарын қандай шенеуніктер ерекше күтіп алды?
Оны Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап көрді.
Астанадағы ХҚКО-да ресейлік продюсерге көрсетілген құрмет
”Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі ресейлік продюсер Яна Рудковскаяның Астанадағы халыққа қызмет көрсету орталығына келгені туралы жазба жариялап, мемлекеттік корпорация басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиевтің өзі қарсы алған. Бұл көпшіліктің ашуына тиді.
Ресейліктің продюсерге ерекше құрмет көрсетілгенгені көпшілікке жақпай қалды. Кейін ол жазбаға пікір жазу мүмкін болмай қалған.
Журналист Ораз Әлімбектің жазуынша бұл “құлдық сана”.
”Ресейлік продюсер Яна Рудковская деген біреу Астанадан пәтер сатып алыпты. Пәтерді «Халыққа қызмет көрсету орталығына» (ХҚКО) барып жұрт қатарлы кезекке тұрып рәсімдеу керек қой… Жоқ, ресейлік продюсердің пәтерін рәсімдеуге мыңдаған ХҚКО-ның үстінен қарайтын «Халыққа арналған үкімет» төрағасы Арман Кенжалиевтің нақ өзі шапқылады. Міне, құлдық сана деген осындай болады… Қазақтың білдей үкімет басшысы өз елінің азаматтарын кезекке иіріп қойып, бөтен елден қаңғып келген бір қатынның шашпауын көтеріп жалпаштанып шауып жүр. Басына не күн туды екен?!. Мынау масқара ғой, масқара”, — деп жазды журналист.
Кейін “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі ресейлік продюсерге жасалған ерекше қызметті түсіндірді.
“Кеше Мемлекеттік корпорацияның ресми парақшасында баспасөз қызметі арқылы Яна Рудковскаяның елордадағы ХҚКО-ға келуі туралы материал жарияланды. Жарияланған сәттен бастап қоғамның реакциясын мұқият бақылап отырмыз және өз пікірін білдірген барлық азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Сіздердің пікірлеріңіз – біз үшін маңызды бағыт-бағдар.
Аталған материалдың мақсаты – танымалдылығына байланысты біреуді ерекшелеу емес. Кей қонақтарға ерекше көңіл бөлуді теңдік принципін бұзады деп қабылданғанын түсінеміз. Осыған байланысты, ХҚКО-ларда көрсетілетін барлық қызметтер заңнама шеңберінде және барша азаматтар үшін тең жағдайда жүзеге асырылатынын ерекше атап өткіміз келеді. Жарияланымдағы жалғыз мақсатымыз – басқа мемлекеттерде де мойындалып жүрген қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейін көрсету болатын.
Яна Рудковскаяны Мемлекеттік корпорация Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиевтің ертіп жүруі клиентке бағдарланған тәсіл, өкілдік формат және қонақжайлықтың белгісі ретінде орын алғанын атап өткен жөн. Мұндай тәжірибе бұған дейін де қолданылған – төраға танымал қазақстандықтарды жеке қарсы алып, қызмет көрсету сапасын бақылап, кері байланыс алу мақсатын көздеген.
Сондай-ақ, басшылықтың еріп жүру мемлекеттік қызметтерді алуда ешқандай артықшылық бермейтінін ескертеміз. Барлық қызметтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әрбір өтініш берушіге тең жағдайда көрсетіледі.
Аталған жайтқа өз көзқарасын білдіріп, бейжай қалмаған барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта коммуникация мәселелеріне ерекше назар аударамыз, осылайша түсініспеушіліктердің алдын алуға тырысамыз”, — делінген хабарламада.
Ресейлік әнші Лев Лещенкоға Алматыдағы ХҚКО-да ерекше құрмет көрсетілді

2022 жылы ресейлік әнші Лев Лещенко Алматыдағы Медеу ауданының ХҚКО-ға барып, ЖСН жасатты.
Бұл туралы ХҚКО-ның Медеу аудандық жетекшісі Арайлым Айжанова хабарлады. Ол әншімен бірге суретке түсіп, оның әндерімен бойжеткенін айтқан еді.
”Бүгін бізден қызмет алуға Лев Лещенко келді. Біз оның әндерімен өстік”, — деп жазған Арайлым Айжанова.