«Сұр» импортпен күресті және бақылауды күшейту мақсатында елімізде мобильді құрылғыларды тіркеу ережелері жаңартылды. Енді не өзгерді? Caravan.kz медиа порталы тақырыпты жалғастырады.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде мобильді телефондарды тіркеу ережелеріндегі негізгі өзгерістерге арналған брифинг өтті. Онда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков толық түсініктеме берді.
Ведомство өкілі атап өткендей, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 5 миллионғажуық смартфон сатылған, оның 75%-ына жуығы елге заңсыз жолмен әкелінген. Яғни, ұялы құрылғылар нарығының тек төрттен бірі ғана ресми әрі ашық құқықтық алаңда жұмыс істеп отыр деген сөз.
Сарапшылардың бағалауынша, тек бір танымал бренд бойынша ғана мемлекеттік бюджетке түспей қалған салық көлемі 70–80 миллиард теңгені құраған. Мұндай шығындар елдің қаржылық тұрақтылығына кері әсер етіп, адал кәсіпкерлерді теңсіз жағдайда қалдырып, тұтынушыларды құрылғыларға қатысты қажетті кепілдіктерден айырады.
“Кедендік және салықтық реттеулерді айналып өтіп, смартфондарды жаппай заңсыз әкелу бәсекелестік ортаны бұзады және адал жеткізушілерге әділетсіз жағдай туғызады. Сондықтан Қазақстан аумағына жеткізілетін барлық мобильді құрылғыларды тіркеу мен тексерудің жаңа жүйесін енгізу туралы шешім қабылданды”, — деді Дамир Сейсембеков.
Жаңа ережелерге сәйкес, еліміздегі мобильді желілерде осыған дейін қолданылып келген барлық абоненттік құрылғылар автоматты түрде “ақ тізімге” енгізіледі. Яғни, оларға қайта тіркеуден өту қажет емес, олар шектеусіз жұмысын жалғастыра береді.
Ал жаңа құрылғылар мен импорттаушылар үшін бірнеше деңгейлі тексеру жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе мыналарды қамтиды:
• GSMA халықаралық базасы арқылы IMEI-кодтарды жаһандық тексеру;
• техникалық сипаттамалардың сәйкестігін тексеру;
• құрылғының заңды жолмен әкелінгенін растау (салықтық, кедендік және ілеспе құжаттардың болуы);
• IMEI-кодтарды жоғалған, ұрланған немесе бұғатталған құрылғылар базасымен салыстыру.
Пайдаланушылар мен компаниялардың жұмысын жеңілдету үшін арнайы мемлекеттік портал әзірленді.
Ол арқылы:
• құрылғының Қазақстанда тіркелгенін тексеруге болады;
• заңдылығына көз жеткізуге болады;
• верификацияға өтінім беруге болады;
• құрылғы тарихы туралы ақпарат алуға болады.
Сейсембековтің айтуынша, қазіргі таңда 4 миллионнан астам құрылғы верификациядан өткен. Онлайн-платформа арқылы 22 мыңнан астам өтінім түскен, ал тіркелген пайдаланушылар саны 5 мыңнан асқан.
2025 жылғы 25 мамырдан бастап мобильді телефондарды импорттайтын барлық заңды тұлғаларға, сондай-ақ ресми өкілдер мен авторизацияланған сервис орталықтарына верификация міндетті болады. Талаптарды орындамаған жағдайда, құрылғылар Қазақстанның мобильді желілеріне қосыла алмайды.
Бұл шараның мақсаты — “сұр” импорт көлемін азайту, нарықты көлеңкеден шығару, ашық және бәсекеге қабілетті жағдай жасау, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қамтамасыз ету. Енді азаматтар ресми, сертификатталған және қауіпсіз өнімді сатып ала алады.
“Бұл шаралар сатып алушыларды жалған немесе ұрланған техникадан қорғайды, құрылғылардың бұғатталу қаупін болдырмайды және мобильді электроника нарығының өркениетті дамуына серпін береді”, — деп түйіндеді Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы.
Смартфон сатып алар алдында әрбір азамат IMEI-кодты арнайы сайт арқылы өз бетінше тексере алады. Бұл — тіркеуден өтпеген немесе жоғалған, ұрланған құрылғылар тізімінде тұрған өнімді сатып алудан сақтануға мүмкіндік береді.
Телефонды тексеру үшін:
• құрылғының IMEI-кодын енгізу қажет (оны *#06# теру арқылы білуге болады);
• сайт құрылғының Қазақстанда тіркелген-тіркелмегенін көрсетеді;
• қажет болған жағдайда, пайдаланушы верификация процесін бастай алады.
Мобильді құрылғылар верификациядан кейін «ақ тізім», «сұр тізім» және «қара тізім» болып үш категорияға бөлінеді.
— Ақ тізім – IMEI кодтары дерекқорға енгізілген смартфондар. (Бұл кодтар құрылғы елге әкелінген кезде кеденде тіркеледі.) Яғни, бұл құрылғылар ИС МИУ жүйесінде тексерістен сәтті өтеді.
— Қара тізім – дерекқорда IMEI коды жоқ смартфондар. Сонымен қатар, зауыттан шыққан кезде IMEI коды берілмеген немесе өзгертілген (яғни, ұрланған болуы мүмкін), сондай-ақ GSMA (Ғаламдық мобильді байланыс жүйесі қауымдастығы) қара тізіміне енгізілген құрылғылар да осы санатқа кіреді. Бұл смартфондар бірден және ескертусіз байланыстан ажыратылады.
— Сұр тізім – ақ және қара тізім арасындағы аралық санат. Бұл санатқа екі бірдей IMEI коды бар немесе иесінің ЖСН-іне тіркелмеген смартфондар кіруі мүмкін.
Сұр тізімдегі смартфондардың иелеріне құрылғыны тіркеу қажеттігі туралы ескерту жіберіледі. Оны 30 күн ішінде тіркемеген жағдайда, смартфон байланыстан ажыратылады. Қара тізімдегі құрылғылар ескертусіз бірден ажыратылады.
Ресми ақпарат бойынша, қазір Қазақстанда IMEI-коды қайталанған 3,7 миллион құрылғы тіркелген екен. Олардың кемінде жартысы елге заңсыз әкелінген.
Осылайша, құрылғыларды тіркеудің жаңа тетігі азаматтардың құқықтарын едәуір күшейтуге, нарықтағы алаяқтық схемаларды азайтуға және елдегі цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.